- Advertisement -

Тарихи дамудың эволюциялық кезеңі

435

- Advertisement -

Редакциядан: Биыл қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылына қадам бастық. Бұл еліміз үшін елеулі әрі мерейлі жыл ғана емес, өткенге көз жіберіп, тарихи дамудың эволюциялық дәуірін сараптап, болашаққа бағдар белгілейтін ерекше кезең болғалы тұр. Отыз жылда әрбір өңір ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосты. Алға қойған межеге қол жеткізіп, толайым табысқа қол жеткізген кездер де көп, міндет орындалмай, олқы түсіп жатқан шақтар да болды. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде Жамбыл өңіріндегі оқиғалар тізбесі қалай орын алғанын саралау үшін «Aq jol» газеті айдар ашып отыр. Бұл ретте тарихи шежірені түзуді тарихшылардың еншісіне қалдырдық. Басылымның арнайы циклді түрде беріліп отыратын жобасын жүргізуді профессор, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі Сейдахан Бақторазовқа ұсындық.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі Жамбыл жеріндегі жаңғырулар

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» – деген сауалдар толғандырары анық»,- деп атап көрсетуі бекер емес. Мысалы, осы процесті демократиялық транзит ретінде анықтасақ, онда осы аралықтағы қоғамымыздың даму кезеңдерін зерттеудің өзектілігін де ұмытпағанымыз абзал. Қазақстанның тәуелсіз тарихы 1991-жылдың 16 желтоқсанынан өзінің жаңа жыл санауын бастады. Бұл – бірнеше ұрпақтардың армандаған мақсатының жүзеге асқан күні болды. Дәл осы күн Қазақстанның толық құқылы субъектілігін рәсімдеген күні еді. Тəуелсіздік Туын желбіреткен Қазақстан өзгеріп, нарықтық экономика, демократиялық жəне құқықтық мемлекет құру жолына берік қадам басты. Бұдан кейінгі жылдары тəуелсіз еліміздің саяси жүйесінде түбегейлі демократиялық-құқықтық реформа жүргізіліп, конституциялық, институционалдық-құрылымдық терең өзгерістер жүзеге асты.

Жалпы, Қазақстанның 30 жылға жуық тарихында біздің бəріміз мақтан ететін маңызды сəттер көп. Бүгінгі Қазақстан алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі тең, іргесі берік, экономикалық-инновациялық дамуы қарқынды ел. Əлемде ең дамыған 50 елдің қатарында тұрып, көк туымызды биікке желбіретіп келеміз. Мемлекетіміздің əлемдік деңгейдегі рөлі артып, еліміздің мəртебесі жоғары дəрежеге көтерілуде. Оған жамбылдықтардың да қосқан үлесі зор.

Құжаттарды қазақ тілінде тапсыра бастады

Осы мақалада тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі Жамбыл облысындағы әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар тұрғысындағы оқиғалар тізбесін қарастырып, өңіріміздің жаңа қоғамдық қарым-қатынастарға көшу жағдайындағы хал-ахуалы баяндамақпыз. Атап айтар болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ жүргізілген конституциялық және институционалдық өзгерістер бойынша қабылданған Еліміздің «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері туралы» Заңына сәйкес халық депутаттары Кеңестерінің атқару комитеттетерін және оның органдарының таратылуына байланысты   Жамбыл облыстық және қалалық әкімшіліктері құрылып, осы жылдың 7 мамырында өткен халық депутаттары облыстық кеңесінің ХІІ сессиясында «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Қазақ КСР Заңын және қазақ тілін және Қазақ КСР-індегі басқа да ұлт тілдерін 2000- жылға дейінгі кезеңде дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асырудың барысы талқыланады. Осылайша өлкеміз жаңа қоғамдық қарым-қатынастарға көшуді қазақ тілінің тұғырын көтеруден бастаған еді. Нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы рухани жемістерінің бірі ретінде қала орталығындағы №8 орыс мектебі қазақ мектебіне айналса, қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 мектеп  алғашқы қазақ классикалық гимназиясы ретінде талантты оқушылар үшін есігін айқара ашты. Гимназияда жекелеген пәндерді тереңдетіп оқыту жүзеге асырылатын болды. Мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын одан әрі кеңейту мақсатында кеншілер қаласы – Қаратауда біршама игі шаралар жүзеге асырылды. Мысал ретінде айтар болсақ, қаладағы бес балабақшада толығымен, 10 балабақшада 36 топ бүлдіршіндерді қазақша оқытып, тәрбиелеуді бастады. Жеткіншектердің келешекте шет елдермен қарым-қатынасын нығайту мақсатында қалада лицей-интернат ашылып, онда түрік, араб, ағылшын, неміс тілдері тереңдетіліп оқытылды. Түрік тілін оқыту үшін Түркиядан келген осы тілдің маманы Мұхамед Сәлім алпыстан астам шәкіртке дәріс берді.

Негізі қаладағы көптеген мекемелер мен кәсіпорындарда құжаттарды қазақ тілінде тапсыру үрдісінің қалыптасуы да үлкен жетістік еді. Тілдің өркендеп дамуы үшін «Айтыс», «Термешілер жарысы», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Сыйқырлы қазан» және басқа ұлттық нақыштағы өнер сайыстары жиі ұйымдастырылды. Осы ретте Александр Пак, Борис Шарапов, Александра Танасова секілді қазақ тілін өз ана тілдерімен қатар меңгерген жандардың белсенділігін ризашылық сезіммен айта кеткен де орынды болар. Осылай, қазақ тілінің мәртебесі бірте-бірте көтеріле берді. Ал, осындай, аумалы-төкпелі кезеңде тіліміздің ахуалын айқындап, қалың көпшіліктің бетін дұрыс бағытқа бұрған бірлестіктердің бірі облыстық «Қазақ тілі» қоғамы 1992 жылдың 22 қыркүйегінде атқарған жұмыстарына есеп беріп, онда: «1992 жылдың 1 қыркүйегінде 401 мектептің 181-і қазақ тілінде тәрбие бере бастады. Заң қабылданғалы екі жылдың ішінде бұларға жаңадан 16 қазақ мектебі қосылып, жалпы саны 199 жетті. Сонымен қоса,үш жылда таза орыс тілінде жұмыс істейтін мектептер саны 108-ден 58-ге дейін азайып, аралас мектептер саны 114-тен 147-ге дейін өсіп отыр. Облысымызда таза қазақша оқитын оқушылар саны 12 мыңға артты. Бұл жұмыстар әсіресе, Шу, Свердлов, Жаңатас, Жамбыл қалаларында жақсы жолға қойылған. Өркениетті елдің келешегі балабақшадан басталады десек, мектепке дейінгі мекемелерді қазақыландыруда табыстарымыз жоқ емес. Мәселен, 1989- жылы облыста небәрі  88 таза қазақ, 3 аралас тілді балабақша бар еді. «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының белсенді араласуымен 158 балабақша таза қазақ, 105-і аралас тілде тәлім-тәрбие ала бастады. Ал, қазақ тілінде тәрбиеленетін  балалардың саны 3 есе өсіп, 16575-ке жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өсе түспек. Соңғы жылдары Талас, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарының көптеген мектептерінде  Жамбыл қаласының №5 Жамбыл атындағы, №44 Шона Смаханұлы атындағы мектептерінде ұлттық мектеп үлгісіне көшіп қазақ халқының салт-дәстүрін, ою-өрнегін, ұлттық болмысын оқып үйрену процесі кеңінен ендіріліп жатыр», – деп көрсеткен.

Мемлекеттік мүлікті сату жөніндегі тұңғыш аукцион өткізді

Енді, өндіріс саласына көшер болсақ, онда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ нарықтық қатынасқа көшу үрдісі басталып та кеткен болатын. Осылай, халықтың талап-тілегі ескеріле отырып Жамбыл химия өнеркәсібі бірлестігінде негізгі өніммен қатар халық көп тұтынатын, сұранысқа ие тауарлар шығару да қолға алынды. Жамбыл суландыру құрылыс институтының құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу лабораториясында әрлеу плиталарын жасаудың технологиясы дүниеге келді. Сонымен қатар, Жамбыл темір-бетон конструкциялары зауыты, «Химпром», «Қаратау» өндірістік бірлестіктері акционерлік қоғам болып қайта құрылып, экономикалық дамудың жаңа жолына түсті. Осылардың қатарына агроөнеркәсіп саласында, алғашқылардың бірі болып, «Облыстық жеміс-жидек өнімдері бірлестігі» де қосылып, акционерлік қоғам болды.

Нарықтық қатынастар талаптарына сәйкес құрылған Жамбыл облыстық мемлекеттік мүлік жөніндегі территориялық комитеті Жамбыл қаласы әкімшілігімен бірлесе отырып, мемлекеттік мүлікті сату жөніндегі тұңғыш аукцион өткізді.

Дегенмен, нарықтық қатынасқа қарай қадам басу оңай  болған жоқ. Баға қымбаттап кетті. Қарапайым адамның қолы іздеген бұйымына жете бермеді. Міне, осы сәтте тұрғындардың жеке тапсырысын қабылдап, бұйымдар дайындап берудің маңызы ерекше болатын. Бұл тұрғыдан алғанда бірнеше кіші кәсіпорындар халық сұранысына ие болып отырған тауарларды көптеп шығара бастады. Атап айтар болсақ, Бурный фабрикасы жеке адамдардан жүн қабылдап, оларға алаша, кілем сияқты  тоқыма бұйымдарын дайындап, сонымен қатар түрлі күртешелерді, пальтоларды, костюмдерді, бас киімдерді және күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да бұйымдарды, халық сұранысына орай шығаруды  қолға алды. Түйенің, қойдың жүнінен көрпешелер әзірледі. Өтпелі кезеңнің  нарықтық жағдайында қолма-қол айырбас арқылы Алматы кілем фабрикасынан екі жақты келісім бойынша бірнеше жабдық, сонымен қатар шұға фабрикасынан төрт станокты алып келу арқылы жүн түтетін, бояу, жіп иіретін тігін цехтары да жұмыс істегенін айта кеткен жөн. Фабрикада кадр мәселесіне де мән беріліп, жастар  әуелі жұмысқа оқушы ретінде қабылданады. Олардың бірқатары Қарағандыдағы, Ақтөбедегі кәсіптік-техникалық училищелерді бітіріп келген. Фабрикада жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында да атқарылған істер аз емес. 37 отбасы қоныс тойын тойласа, 100 адам жатақханаға орналастырылған. Фабрика шығарған өнімдер Ресейдің Белгород, Воронеж, Курск сияқты қалаларына экспортталды. Бір сөзбен айтқанда, фабрика ұжымы нарықтық қатынастың алғашқы кезеңіндегі қиын жағдайда барлық мүмкіндіктерін жұмылдырып, шаруаларын дұрыс жолға қоя алған. Алайда, өтпелі кезеңде мұндай кәсіпорындардың аз болғандығы анық. Сондықтан да, нарықтық қатынастарға көшу барысындағы машақаттардан халықты қорғау мақсатында 1992 жылдың 9  қаңтарында Жамбыл қалалық атқару комитетінде аз қамтамасыз етілген азаматтарға арналған қалалық қор құрылды. Аз қамтамасыз етілген, жалғыз басты адамдардың тұрмыс дәрежесінің күрт төмендеуіне байланысты қосымша қаржыға аса мұқтаж адамдарды қолдау үшін халық депутаттары қалалық Кеңесі атқару комитетінің шешіміне сәйкес кәсіпорындар, ұйымдар, коммерциялық банктер, шағын кәсіпорындар, басқа да іскерлік қызмет орындарының басшылары аз қамтамасыз етілген жалғыз басты азаматтардың тегін тамақтануы үшін қайырымдылық көмек көрсететін болды.

111 мыңнан астам тұрғынның зейнетақысы ең төменгі мөлшерден аз болған

1992  жылдың 13  ақпанында облыстағы аз қамтамасыз етілген зейнеткерлердің зейнетақысына үстеме төлем үшін қосымша қаржы қарастырылды. Себебі, зейнетақыны жаңадан қайта есептеу кезінде облыстың 111 мыңнан астам тұрғынның зейнетақысы ең төменгі мөлшерден аз болып шықты, мұның өзі бағаның ырқына жіберілуі жағдайында оларды өте қиын жағдайда қалдырған еді. Осы топтағы азаматтарға зейнетақының ең төменгі мөлшері 442 сом деңгейінде белгіленді. Осы мақсатта облыстың зейнетақы қорына аз қамтамасыз етілген зейнеткерлердің зейнетақысына қосымша төлеу үшін облыстың бюджеттен тыс қорынан қосымша 28 миллион сом бөлінді.

1992  жылдың 9  сәуірінде Жамбыл облысының әкімі Ө.Байгелдиевтің «Облыс тұрғындарын қантпен және өсімдік майымен қамтамасыз ету туралы» өкімі шығып, онда: облыс тұрғындарын қантпен және өсімдік майымен өздерін өздері қамтамасыз етуі мақсатында аудан әкімдері жұрт тапсыратын қант қызылшасының және майлы дақылдардың өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету керектігі, агробірлестіктер, колхоздар мен совхоздар өздерінің өндірістік бөлімшелеріне, жергілікті шаруа және басқа агроқұрылымдарына, ұйымдарға, барлық қалалар мен аудан орталықтарындағы кәсіпорындарға,  қант қызылшасын және майлы дақылдарды өсіруге тілек білдірген жеке адамдарға осы мақсатқа жарамды жер учаскелерін кідіріссіз бөлуді шұғыл шешуге бағытталған шаралар қолданып, оларды өзара тиімді шарттар негізінде тұқыммен, басқа да материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуге көмек көрсетуі тапсырылды. Осы және басқа да ізгілікті іс-шаралардың нәтижесінде 1992  жылдың тамызында-ақ оң нәтижелерге қол жетіп, облыс диқандары өздерінің жауапты науқандарын өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары қарқынмен жүргізіп, 10  тамызға дейін 504,5 мың гектардың астығы орылып, бастырылды. Осы алқаптардан бастырылған астық 870,6 мың тонна немесе 1991 жылғыдан 263,3 мың тоннаға көп. Әр гектардың түсімі орта есеппен 17,3 центнерді құрады. Өткен жылдың көрсеткіші 13 центнер болатын. Жоғары ұйымшылдық танытқан Луговой, Сарысу, Свердлов және Жамбыл аудандары егін орағын табысты аяқтады. Облыс шаруашылықтарында 40 мың гектар жердің астығы орылып, бастырылды. Осының өзі-ақ техникалардың тиімді пайдаланылатындығын және астық жинау науқанының жіті ұйымдастырылғандығын байқатады.  Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандарының шаруашылықтары да жақсы нәтижелер көрсетіп, әр гектардан 19 центнерден асыра дән бастырды. Ал, Қордай ауданындағы «Талапты» совхозы 3700 гектар алқаптың әрқайсысынан орта есеппен 30,7 центнерден, ал осы ауданның «Қордай» совхозы – 28,7, «Путь Ленина» колхозы – 26,8 центнерден дән бастырып, ересен еңбектің үлгісін көрсетті. Науқаннын жоғары қарқынмен жүруі, бастырылған астықтың молдығы, сондай-ақ, колхоздар мен совхоздардың 1992  жылдың мемлекеттік тапсырысы есебіне сатқан астығына бұрынғыдан да жоғары сатып алу бағаларының белгіленуі астық дайындау жөніндегі келісім-шартты  асыра орындауға жол ашты.

Мал азығын дайындаушылар 455,0 мың гектардың немесе шөбі орылуға тиісті екпелі және табиғи шабындықтардың тең жартысын орып алды. 455,4 мың тонна пішен маяларға салынды.

Дегенмен, мүмкіндіктің молдығына қарамастан Мойынқұм, Сарысу, Свердлов және Талас аудандарының шаруашылықтары пішен дайындау жоспарларын орындай алмағандығын айта кету керек. Тұрғын  халықтың үлкен сұранысына ие ерте пісетін көкөніс дақылдарын жинауда да кемшіліктерге жол беріліп, 5296 гектардың небәрі 114 гектарының (2,1 пайызы) ғана өнімдері жиналған. Осының салдарынан 3  тамызға дейін бар-жоғы 6 тонна картоп және 611 тонна көкөніс дайындау орындарының қоймасына түсті. Бұл алдыңғы құрғақшылық жылдарындағы деңгейден де төмен көрсеткіш еді. Осы және басқа да келеңсіз жағдайлардың орын алуы халықтың әлеуметтік жағдайына едәуір нұқсан келтіргені белгілі. Сондықтан да,1992  жылдың 19  қыркүйегінде республика үкіметінде аз қамтамасыз етілген зейнеткерлерге көмек мәселесі көтерілуіне орай облыстық әкімшілікте тағы да ардагерлерге қамқорлық жайлы іс-шаралар қабылданды. Қысқа мерзім ішінде облыс әкімшілігі ардагерлер мен соғыс мүгедектеріне қамқорлық мәселесіне қайта оралды. Оған себеп – қаладағы ардагерлерге бекітілген алты дүкенде жүргізілген тексеру жұмысы. Анықталғанындай, оларда тиісті тәртіп орнатылмаған. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары С. Ақтанбердиев өткізген кеңеске кәсіпорындар мен сауда мекемелерінің басшылары ғана емес, ардагерлерге қамқорлық және қызмет көрсетумен күн сайын шұғылданып отырған қызметкерлер де шақырылып, оларға сын-ескертпелер айтылды.

Жекешелендіру жөніндегі бюро құрылды

Жаңа қоғамдық қатынастарға көшу жағдайында жекешелендіру – тек экономикалық қана емес, сонымен бірге саяси да мәселе. Мүлікті мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру мәселелеріне байланысты территориялық комитеттің төрағасы жанынан консультативтік-кеңесші орган – 9 адамнан тұратын алқа құрылды. Меншікті қайта қарау процесін жандандыру, тиісті құжаттар тобын әзірлеуді жеделдетуді көздеп, Жамбыл мемлекеттік мүлік жөніндегі территориялық комитет жанынан жекешелендіру жөніндегі бюро құрылды. Ол кәсіпорындардың жалгерлік, ұжымдық және жекеменшіктік, сонымен бірге акционерлік қоғам болып жаңғыруына делдалдық  қызмет көрсетеді. Бюро өз атынан келісім-шарт жасай беретін заңдылық құқыққа да ие болды.

1992  жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Президентінің «Кәсіпкерлік қызметті қолдау және қорғау» туралы Заңы қабылданған болатын. Осының нәтижесінде облысымызда жекеменшік нысан иелері көбейе түсті. 23  қазанға дейінгі статистикалық берілім бойынша тек  Жамбыл қаласында ғана 1700 шағын кәсіпорын тіркелді.

Кеңестік дәуірдегі атеистердің дінсіз қоғам құрамыз деп алашапқын болған әуре-сарсаңы өзінің теріс әсерін тигізбей қалмағаны мәлім. Қоғамымыз өз дінінен айырыла жаздады. Әйтсе де, тұңғиықта жатқан тұнық су секілді болған рухани азығымыз – дініміз Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін, тез-ақ ортамызға қайта кірікті. Осы бағыттағы игі қадамдардың бірі «Қаратау» акционерлік қоғамының президенті Сүйінбек Түйтебайұлының бастамашылығымен жүргізіліп, қалада жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысы басындағы қала ақсақалдарымен өткізген кездесуде, жастарды мейірімділік пен имандылыққа тәрбиелеу қажеттігі жайлы жан-жақты әңгіме өрбіді.  Кездесу соңында ақсақалдар алқасының алдағы жұмыс жоспары талқыланып, аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Осылай, егемендігіміздің алғашқы жылдарында-ақ өңірімізде бірнеше мешіт жамағатқа есігін айқара ашқан. Олардың санының көбею керектігі де заңдылық. (Еске алар болсақ, төңкеріске дейін бір Әулиеата қаласының өзінде 43 мешіт болған екен.) Ал, адам санасында рухани сенімділік артқан сайын, қоғамның да көсегесі көгеріп, тірлігіміздің де алға басатындығы анық.

Қорыта келе айтарымыз, біз бүгінгі мақалада Жамбыл өңірінде тәуелсіздіктің алғашқы жылы орын алған келелі оқиғалардың кейбіріне ғана тоқталдық. Қарастырылып отырған кезеңдегі облысымыздағы жаңа қоғамдық қарым-қатынастарға көшу жағдайындағы оң өзгерістер келесі баяндарымызға арқау болса керек.

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати  атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support