- Advertisement -

«Енді мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді» деген әңгіме қаншалықты рас?

144

- Advertisement -

«Енді мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді екен» деген жаңалық – көпшілік үшін «жаппай вакцинациялау ақпаннан басталады» дейтін хабардан кем соққан жоқ. Рас, бірі ерте жария болды, екіншісі ел құлағына енді жетті. Бірақ екеуінің де әсері бірдей. «Дұрыс» деп, қоштай кеткендер жоқтың қасы, ал… Жыл басталмай жатып-ақ жоғары оқу орындарының әлеуметтік желідегі парақшаларына толассыз түскен жазбалардан байқағанымыз, біздің қоғам мұндай өзгеріске әлі дайын емес секілді.

Сонда ата-аналарға байыз таптырмай жатқан не дейсіз ғой?! Ол – «Ұл-қызымыз мемлекеттік үлгідегі диплом алмаса, жұмыссыз қалады» д е ге н с а р ы уа й ы м . Ту р а , барлық мәселе сол құжаттың мемлекеттік емес екендігіне тіреліп тұрғандай-ақ. Бірақ қоғамдық қалыптасқан сана солай болған соң, көпке кінә арта алмайсыз. Әйтсе де бұл шешім қаншалықты дұрыс немесе бұрыс болғанын саралап алғанның артықтығы жоқ.

Жалпы, бұл шешім отандық білім беру жүйесіне қандай серпін әкеледі? Жаңа жүйе іс жүзінде саны көп, сапасы жоқ оқу орындарын іріктеп бере ме? Осы сұрақты саланың қыр- сырын жетік білетін, бірнеше жыл вице-министр, жоғары оқу орнының ректоры қызметтерін атқарған облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбековке қойдық.

– Жақында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына бірнеше түзетулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Олар білім жүйесінің барлық сатыларына қатысты. Соның ішінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі заңнамалық өзгерістерге сәйкес, 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны жеке үлгісі бойынша өз дипломын беретін болады. Бәсекелестік заманында бұл өте керек норма деп ойлаймын. Себебі барлық оқу орындары (ұлттық, мемлекеттік, акционерлік қоғам, жекеменшік) ұйымдастыру – құқық формасына қарамай мемлекеттік үлгідегі дипломдар беретін. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, әр университет өз дипломдарын береді. Университеттің берген білім сапасын бағалайтын жұмыс берушілер. Бұл – жақсы университеттің дипломы бағаланатын болады, нашар университеттің түлегі жұмыссыз қалады деген сөз, – деді.

Махметғали Нұрғалиұлының айтқан сөзінің жаны бар. Алғаш осыдан 5 жыл бұрын «2021 жылы мемлекеттік үлгідегі дипломдар жойылады» деген «әңгіме» шыққанда экс-министр Ерлан Сағадиев Парламент Сенаты отырысында «осал» оқу орындары мемлекеттік үлгіде берілетін дипломның мәртебесін пайдаланып, жоғары білімі бар екенін растайтын құжатты оңды-солды саудаға салып келгенін айтқан болатын. Әлемде, соның ішінде посткеңестік елдердің өзі мұндай үрдістен баяғыда-ақ бас тартқанын алға тартқан еді. Бұл – шындық. Шетелдегі тәжірибенің солай екендігі де, еліміздегі кейбір оқу орындарында сауда-саттықтың белең алғаны да жасырын емес. Тіпті, еркінсігені соншалықты, диплом басып шығаратын цех ашып алғандары да бар. Көкшетаудағы сондай топтың тірлігінің әшкере болғаны да күні кеше ғана.

Қош, сонымен бірыңғай үлгідегі диплом беру тоқтағанда, «сауда» да тыйыла ма? Көпшілік керісінше, «кейбір оқу орындарында сабаққа келмейтіндер де дипломды алады» деген пікірде. Ал тағы бір тобы күні кеше «барлық университеттің беретіні бірдей мемлекеттік үлгіде» дегенге сеніп, ал енді ол жүйе өзгеріп шыға келген соң, алданып қалғандай күйде жүр.

Та р а з и н н о ва ц и я л ы қ — г ума н и т а рл ы қ университетінің ректоры Ерболат Саурықов ата- аналардың алаңдаушылығына түсіністікпен қарау керек дейді. Көпшілігінің санасына мемлекеттік үлгідегі диплом бәрін шешеді деген ұғым мықтап сіңіп қалғандықтан да, бастапқыда осылай болуы – заңдылық екенін айтты. «Біздің әлеуметтік желіде парақшаларымызға «оқуға қабылдағанда мемлекеттік үлгідегі диплом береміз деген оқу орындары енді өздерінікін шығарып жатыр» деген пікірлерін жазып, ренішін жеткізіп жатқандар бар. Бірақ біз оларға байыппен барлық мәселені түсінікті түрде жеткізуге тырысып жатырмыз. Бұл шешім – жеке меншік оқу орнын бітіргендер далада қалады деген сөз емес. Мысалы Алматыдағы ХАТУ, СДУ-дың түлектерін кез келген компания, мемлекеттік мекеме қуана қабылдайды емес пе?! ТИГУ- ды бітірген мамандардың үстінен де жұмыс берушілер тарапынан үлкен наразылық түскен жоқ. Енді бір онжылдықта біз де сол деңгейге жетерміз», – дейді Ерболат Байұзақұлы.

ТИГУ қазіргі уақытта өз дипломының үлгісін толық әзірлеп бітіпті. Тіпті, банкноттық фабрикаға тапсырыс та беріп қойған екен. Тек Білім және ғылым министрлігі тарапынан құжатқа енгізу үшін ұсынылатын белгіні ғана күтіп отырған көрінеді. Бұл – дипломды өздері шығарған соң оны саудаға салып жібермеуі үшін, кім көрінгенге диплом берудің алдын алу үшін жасалған қадам деп түсіндірді оқу орнының басшысы.

Ректор жастар таңдау жасаған соң, сол оқыған оқу орнымен мақтануы керек екенін айтты. Рас, ол үшін алдымен сол білім ордасы соған сай болуы тиіс қой. Ендігі жерде бірыңғай үлгідегі дипломның берілмейтіндігі талапкер мен оқу орны арасындағы осындай өзара талаптарды орындауға итермелейді деген пікірді алға тартты университет басшысы. Бұған дейін студенттерге арзан ақша төлетіп, содан кейін сабаққа келмесе де, диплом беретін университеттер болғанын, бастапқы кезде осындай үрдістер белең алуы мүмкін екенін қозғады.

– Бірақ бұл уақытша құбылыс. Қазір – саннан сапаға баса мән беретін, бәсекелік қабілеті болмаса, кез келгенді жолда қалдыратын кезең. Дәл бүгінгідей барлық салаға ақпараттық технологиялар енгізіліп, жұмыс автоматтандырылып жатқан шақта білімсіз кадрды жұмыс беруші маңына да жолатпайды. Сондықтан, бұл мәселені уақыт реттейді. Сол себепті бұл шешімді дұрыс деп есептеймін. Өйткені әр оқу орны шетелдегі сияқты өз дипломын беруі тиіс. Мысалы, әлемге танымал Пенсильвания, Бостон, Калифорния университеттері өз дипломын береді. Бұл жұмысқа орналасу кезінде маңызды рөл атқарады.

Мысалы, Кэмбридж университетін бітірген студент сонысымен мақтануы керек қой. Ал бізде бүгінге дейін жағдай қалай болып келді. Мен отандық білім ордаларының барлығы сапалы білім береді деп айта алмаймын. Оның ішінде озық оқу орындары да бар, көш соңында қалып қойғандары да жоқ емес. Алайда соның бәрін мемлекеттік үлгідегі диплом теңестіріп жіберетін. Материалдық-техникалық базасына да, оқытушы-профессорлық құрамына да көңіл толмайтын университеттер осы уақытқа дейін «Мемлекеттік үлгінің» тасасында «өмір сүріп» келді. Ал енді бірыңғай мемлекеттік үлгідегі дипломдарды әрбір оқу орнының жеке үлгісімен алмастыру процесі жүріп жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі барлық оқу орындарының басшыларына екі-үш жыл бұрын ескерткен болатын. Екі жыл бұрын 2021 жылы өзгеріс енгізілетіні нақты айтыла бастады, – дейді ректор Ерболат Саурықов.

Ректордың да айтқаны рас әңгіме. Мемлекеттік үлгідегі дипломдардың берілмейтіндігі туралы мәселе 5 жыл бұрын көтерілгенін жоғарыда айттық. Ал 2018 жылы бұл мәселе тағы қозғалды. Сол жылдары Білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарған Асхат Аймағамбетов Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде өткен жиында: «Бірнеше жылдан кейін біздегі барлық жоғары оқу орындары өздерінің үлгісіндегі дипломдарды беретін болады. Сол арқылы олар өздерінің беделіне, білім сапасына, профессорлық-оқытушылық құрамына кепіл береді. Ендігі уақытта мемлекеттік үлгідегі диплом болмайды. Бұл да білім сапасына әсерін тигізеді», – деп атап өткен-ді. Осылайша түлектерінің 50 пайызы жұмысқа орналаса алмаған жоғары оқу орындарының лицензиясы қайтарып алынатындығын да ескерткен.

Оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыратын осындай қадамның жасалғанын оқытушы-профессорлар да құптайды екен. Енді талапкерлер қай оқу орнын таңдау керегін айқын түсіне бастайды дейді мамандар. «Заман талабына сай қабылданған оң шешім осы. Бұл туралы көптен айтылып жүрген. Университеттер арасында нағыз бәсеке енді басталады. Бұрын сабаққа келсін- келмесін, ақысын төлесе, курстан-курсқа көшіріп жүре беретін оқу орындары енді әр студент үшін жұмыс істейтін болады», – деп пікір білдірді Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің оқытушысы, жерлесіміз Жанат Сейтжанова.

Жалпы алғанда дипломдағы мемлекеттік үлгінің болуы аса маңызды емес деген пікірді алға тартты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Шыңғыс Үсенқұл. «Қазір Алматы секілді ірі қалаларда тура шетелдегідей, ақпараттық технологиялардың тілін мықтап меңгерген, түрлі бағдарламалар жасай білетіндерді дипломсыз-ақ жұмысқа қабылдай береді. Белгілі бір салаға маманданған мықты кадр қай оқу орнын бітірсе де далада қалмайды», – деп өз ойымен бөлісті болашақ маман.

P.S: Жастардың көзқарасы заман көшіне сай келеді емес пе?! Алайда студенттер аса уайым шекпесе де, ата-аналар кәдімгідей- ақ алаңдап жүр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл жүйе жоғары оқу орындарының сапасын арттыру үшін қажет екен, ендеше бұл талапкерлер мен олардың ата- аналары алаңдайтындай шешім емес. Керісінше, білім ордаларының басшыларына жұмысты ширатып, бәсекеге қабілетті бола түсуі керек.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support