- Advertisement -

Бір теңге салсаң, бес теңге болып қайтатын жобаларды қолдау қажет

36

- Advertisement -

«Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз ӘКК» АҚ-ның 2020 жылы атқарған нақты жұмыстары туралы есепті тыңдады.

Бір жылда кәсіпкерлерге 13,8 миллиард теңгеге каржылай көмек көрсеткен корпорация шаруалардың басты проблемаларын шешуге ауқымды үлесін қосуда. Жиында корпорация директоры Олжас Қаржауов су тапшылығы мәселесін шешу жөнінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, бастапқыда 3 дана жаңбырлатып суару машиналарын алып, оның жұмысы меркілік шаруаларға үлгі ретінде көрсетілген. Нәтижесінде, 100-ден астам кәсіпкер 132 жаңбырлатып суару жүйесін алуға өтініш білдіріпті. Барлық өтініштер қолдау тауып, 37 құрылғы берілген. Қалған 95-і шаруаларға ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында таратылмақ. Жалпы, 132 қондырғы шамамен 2,5 мың гектар жерді суаруға жетеді.

Облыс әкімі егін шаруашылығындағы дәстүрлі кәсіпті дамытып, бренд жасау мәселесін жиі айтып жүр. Бұл ретте картоп өндірісін өркендете түсу үшін 50 бірлік техника диқандарға лизингке берілген. Сондай-ақ 10 шаруа қожалыққа элиталық және 1 репродукциялы тұқым алуға қаржылық көмек көрсетіліпті. Олжас Қаржауов осы жұмыс нәтижесінде 2022 жылы картоп өнімінің өсімі 30 пайызға артатынына сенімді.

Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Осы орайда «Агромаш Холдинг» компаниясымен бірлесіп, «ТРЕЙД ИН» бағдарламасы іске асырылғаны баяндалды. Алғашқы кезеңде 10 техника берілсе, бүгінде шаруалардан тағы 60 өтінім түскен.

2020 жылы әлеуметтік тауар сатылымы екі есеге өсіпті. Әлеуметтік дүкендер күніне 8 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Бір дүкеннің саудасы орташа есеппен 1 миллион-1миллион 200 мың теңге көлемінде. Тараз қаласында 15 дүкен салынып, 13-і жұмыс істеп тұр. Онда 48 түрлі отандық өнімдер қойылған. Оның 26-сы жергілікті өнімдер. Бұл дүкендерде тек қордағы тауарлар ғана емес, отандық және жергілікті тауарлар, қаладағы кәсіптік колледждер шығаратын өнімдер сатылатыны назар аудартты. «Тараз сервистік колледжімен» бірлесе отырып, тамақ өнімдерін комерциализация жасадық. Бұл өнімдер әлеуметтік дүкендер сөресінде тұр. Одан бөлек тігін саласында да комерциализацияландыру жұмыстары жүргізілуде», – дейді баяндамашы.

Корпорация иелігіндегі әлеуметтік базарды модернизациялау кезек күтіп тұр. Бұл жөнінде сметалық жоба жасалып жатқан көрінеді. Жоба жүзеге асуы үшін 350 миллионға жуық қаражат қажет екен.

Соңғы кездері облысты құлпынай мен таңқурайдың отанына айналдыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Алайда 2019 жылы көршілес Қырғыз елінен 1316 тонна таңқурай әкелінген. Импортты қысқарту мақсатында корпорация осы жеміс-жидектерді өсірумен айналысатын шаруаларға 60 миллион қаржылай көмек көрсетіпті. Ал балықпен айналысатын кәсіпкерлерге 50 миллион теңгеге қолдау көрсетіп, 8 кәсіпкермен жұмыс істеп жатыр. Баяндамашының айтуынша, балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны күн санап артып келетін көрінеді.

«Тараз» ӘКК» АҚ қатысуымен қолға алынған тың жобаның бірі – құны 7,9 миллиард теңгелік кондитерлік жобасы. Фабрика жылдар бойы жұмыссыз тұрған бұрынғы «тройлебус паркі» ғимаратында ашылмақ.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосуды тапсырған болатын. Осы орайда Тұрар Рысқұлов ауданындағы сүт цехы мен ауызсу зауытының жұмысы қайта жанданыпты.

Жер қойнауларын кеңінен пайдалану бойынша «Қарақыстақ» алтын жобасы мен «Құлан» кен орынды көмір барлау жобасы аясында мердігерлермен және тиісті министрлікпен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқаны баяндалды. Олжас Қаржауов осы бағыттағы жұмысты ары қарай серпінді дамыту үшін 20 жер койнауының корпорацияға берілуін сұрады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстар мен бастамаларды баянсыз қалдырмай, келешек перспективасын талдай отырып жалғастыру қажеттігін айтты. Аталған жобаларды қолдайтынын жеткізген аймақ басшысы жоспарланған жобалардың тиімділігін ескеруді, яғни бір теңге салсақ, ең кемі 5 теңге боп қайтатындай тетігін табуды баса айтты.

«Бізде бренд болуы керек. Кезінде Қазақстан бойынша ең мықты кортоп – Жуалыныкі болатын. Сол атақты жаңғыртып, пияз, кортоп, құлпынай, балық өнімдерін облыстың брендіне айналдыру қажет», – деген Бердібек Машбекұлы сұранысы жоғары, бағасы қымбаттау жаңа өнімдер егуге де басымдық беруді міндеттеді.

Жиында сүт пен ет өндірушілердің ассоцияциясын құру мәселесі талқыланды. Осы орайда шаруа қожалық пен дүкендердің тікелей байланысын қалыптастырып, бағаның анағұрлым өсуіне ықпал ететін арадағы алыпсатарларды жою қажеттігі сөз болды.

«Басқа өңірлерді қарасаңдар, қаншама индустриалдық аймақтары бар. Ал бізде біреуі де жоқ. Тек Шу ауданының аумағында «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы ғана, оның өзі жұмыс істемейді», – деген облыс басшысы индустриалды аймақ құру бағытында жұмысты ширатуды тапсырды.

Жиын соңында өңір басшысы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевқа ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиевке құрғақ сөзден гөрі нәтижелі іске көшіп, тың идеяларды жүзеге асыруды жүктеді.

 

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support