- Advertisement -

Білген жердің де ой-шұқыры көп болып тұр

241

- Advertisement -

Білмеген жердің ғана емес, көріп-біліп жүрген жердің де ой-шұқыры көп болып тұр. Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылына бара қалған жұрт аудандық орталық аурухана алдындағы осы бір ойқы-шойқы жолды талай рет байқаған да болар. Бір қызығы, қарапайым тұрғындарды қапа қылған жол мәселесі аудан басшыларының қабырғасына батпайтын сияқты. Жыл сайын есеп беру жиындарында «пәлен ауылда пәлен көше жөнделді, жарықтандырылды» деп айтылып жататын «есеп» дәл осы көшелерді айналып өтетіндей. Тіпті «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына да енбей қалған ба, қалай?

Ауылдағы шеткері жатқан көше болса бір сәрі, ал орталық аурухана «айдаладағы ақ отау» емес қой! Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов осы жерді талай жүріп өткенде осыны байқамады ма екен?

Әмірхан Рахманберді атындағы көшенің де сиқы осы. Ой-шұқырын санамалап шығуға сан да жетпейтін шығар. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиындарда үнемі аудан әкімдеріне елдің жайын білу үшін «жаяу жүр, көзбен көр» деп ескертіп отыратыны бекер емес. Бірақ оны еститін құлақ болса, әрине.

Ауданға батыс жақтан кіреберіс қақпа маңын «қай білгіш» мердігер компания жөндеуден өткізгенін кім білсін, бұрынғы күйінен айырған. Ары-бері жүйткіген көліктердің дөңгелегінен ұшқан қиыршық тас қарама-қарсы бағыттағы машинаның әйнегіне тиіп, жүргізушілердің мазасын қашырып тұр. Көктем-жаз айларында әлеуметтік желіде біраз шу болған Көкдөнен ауылындағы жол да кедір-бұдыр күйде тұр. Мердігер компания осындай жұмыстарға «жүрдім-бардым» қарағанын көре тұра аудан атқамінерлері қалай қабылдап алды екен?

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support