Жүз жыл жырлаған жүрек

31

Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай өңірімізде ауқымды іс-шаралар легі басталып кетті. Әрине, Жамбыл Жабаевтың асқақ рухын қалай ардақтасақ та артықтық етпейтіні түсінікті деп ойлаймыз. Осы орайда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік мәдени-тарихи қорық музейінің ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында өткен «Ұлыстың мақтанышы – Ұлы Жамбыл» атты дөңгелек үстел отырысында құнды пікірлер көптеп айтылды.

Басқосу барысында алғаш сөз бастаған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы- драматург Елен Әлімжан көкейінде жүрген өз ойларын ірікпей айтып, Жамбылдың Мәскеуге онкүндікке барған сапарынан сыр шертті. «1970 жылдарға дейін хакім Абай туралы төрт мыңнан астам мақала жазылған болатын. Ал енді міне, жыр Жамбылды тереңдете зерттеп, оның болмысы мен шығармашылығын жаңа қырынан ашатын уақыт жетті деп есептейміз. Абайды ақындардың пайғамбары деп атаған да сол Жамбыл Жабаев емес пе еді? Ал ондай бағаны беру үшін өре керек, имандылық жағынан сауатты болу қажет. Жамбылды ешкімнен жеңілмеген дейміз. Бірақ Жәкең ұзақ жыл айтысқанда ақын қыздардан жеңілген сәті болған деседі. Ол туралы шәкірті Кенен түсіндіріп өткенде, жалпы қыздармен айтысу ерекше қиын екенін алға тартқан», – деді ол.

Елен Әбдуатұлы сонау 1970 жылдары ресейлік қаламгердің бірінен «Ленинград – Жамбыл көшесі» атты әңгімені өзі аударғанын айтты. Мұнан соң жас Жамбылдың (Бақытжан Байкүшіков) ұстазы Сүйінбайдан (Әнапия Ахметов) бата алған сәтінен көрініс көрсетілді. Сүйінбайдың жас Жамбылға бата берген сәті көкейге қонымды шықты.

Іс-шара барысында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» м е к е м е с і н і ң д и р е к т о р ы Қ у а н ы ш Дәуренбеков те өз ойын ортаға салды. Ол 1937-1938 жылдары қазақ халқының қаймақтары қуғын-сүргінге ұшырағанда қарт Жамабылдың Мағжан, Сәкен, Бейімбеттерге болысып, оларды қорғауға ниетті болғанын, сол үшін жазаға да іліккенін айта келіп, «Бір ақсақалда нелерің бар?» деп Жамбылды Сталин өзі қорғап қалғаны туралы деректерді алға тарта сөйледі. Ол өз сөзінде аталған басқарма тарапынан алдағы ақпан айында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық мүшайра, республикалық ақындар айтысын, республикалық конференция өткізуді жоспарлап отырғандарын тіліне тиек етті.

Бұдан кейін айтыскер ақын Есет Досалы биылғы республикалық «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» айтысына өңіріміздің мықты деген айтыс ақындары жолдама алып отырғанын айта келіп, жамбылдық айтыскерлердің әр айтыста Жамбыл туралы айтқан үздік шумақтарын көпшілік назарына ұсынып өтті. Мұнан соң ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман жыр алыбының 175 жылдығына орай республикалық деңгейде шығармалар байқауын (проза, поэзия бойынша) өткізсек деген ұсынысын жеткізіп, жыр Жамбыл туралы өміршең дүниелер жазылса деген тілегін айтты.

Құнды пікірлер ортаға салынған бұл іс-шараны «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік мәдени-тарихи қорық музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев қорытындылап, аңыз Жамбылға деген құрметтің жыл бойы толастамайтынын айтып, қонақтарға алғысын білдірді.

Әлия ОСПАНОВА,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік

мәдени-тарихи қорық музейінің бас қор сақтаушысы.

Comments are closed.