- Advertisement -

Балабақшадан басталған (мемуардан үзінді)

264

- Advertisement -

 

Шырғалаңға түсірген «Шыңырау»

Оңтүстік жақтың диалектісі болуы керек, ата- анамыздың аналарын, үлкен шешелерімізді апа деп атаймыз. Рыскүл апа. Күләш апа. Күләш апам анамның анасы. Нағашы апам. Рыскүл апам әкемнің анасы. Өз апам. Осы өз апамның қолында тұңғыш немересі Лора әкпем, мен одан кейінгі Марат, Самат ағаларыма немесе кішкентай кенжелері Арман, Мұрат інілеріме қарағанда, ортасындағы мен көбірек болған сияқтымын. Қыстың күні сапар шегетін болса да апам мені ілестіріп кетеді. Күн жылыда қыдырсақ апам екеуміз көп уақытқа дейін ауылға орала қоймаймыз. Мені кейде арқалап, кейде қолымнан жетектеп алатын апам бір үйден бір үйге кіріп шығып, қонақ болып жүреді.

Әлі есімде, Рыскүл апамдар төрт түлік малдың шаруасын күйттеп қыс қыстауда отырып, жазда жайлауға шығады. Таудың етегіндегі сол жайлаулардың бірі «Шыңырау» деп аталады. Балабақшада демалыс берілгеннен бастап мен апама бала болам. Рыскүл апамның әкемнен үлкен қызы Алтын әкпеміздің кенжесі Қалдан менен бір-ақ жас үлкен. Үлкендермен жақсы сөйлесе алады. Менің кәдімгідей көңілімді аулап, ойнатады.

Ақ кимешекті апам намаз оқиды. Дыбысын қатты шығармай дұға қып, Құдайына құлшылық ететін апамның қасына қатар тұра қалып, жерге бір еңкейіп, бір тұрып, күбірлеген апамның қимылын қайталап, ауызымызды жыбырлатамыз. Киіз үйдің іші мен сыртын, ауланы жинатады. Бойымнан екі есе асатын ұзын сыпырғышым икемге келе қоймаған жерде маған апамның өзі болысады. Мені еңбекке баулыған түрі болса керек.

Бірде анам келетін болды. Көңілім алабұртып, анашымның келетін сәтін асыға күттім. Сырт көзге білдіруге болмайды. Апамның қызымын ғой. Оның үстіне апам мамама қатал. Шіркін, мамам келіп, мені үйге алып кетсе ғой. Лора әкпемді, ағаларым Марат, Саматты сағындым. Менен екі-ақ жас кіші інім Арман өсіп қалды ма екен? Күзде ғана дүниеге келген ол ауызын ақсита ашып дыбыстап күлуді шығарып жүр еді. Еңбектейін деп те қалған. Қатты сағыныппын. Әсіресе папамды сағындым ғой мен!

Мұның бәрін жеткізіп жатқан менің ішкі түйсігім. Дауыстап айту қайда. Тілім де әлі анық емес. Көзімнен ыршып шыққан бір-екі тамшыдан соң жасымды іркіп үлгердім. Абырой болғанда, апам аңғара қойған жоқ. Өйткені киіз үйдің ішінде отырған апам маған жердегі киіз бетіне төселген алаша үстін сыпыртып жатыр. Төрде отырған апамның созылған бір-ақ қолымен ыбырсық тазалап жатқан жуан сыпырғышты апама қосарланған менің екі бірдей қолым қапсыра құшақтап алып, өзімді бірде ары, бірде бері теңселтіп, ыңқылдап жүрмін. Сыпырғышты босаға жаққа тастатқызып, мені дереу өзіне шақырған апамның бұйрығынан анамның келіп қалғанын ұқтым. Апам мені алдына алды. Білезіктері салдырлаған апамның бір білегі өзінің алдында отырған бір жапырақ мені қаусыра орап алған. Өзіңді тордағы тотыдай, қамаудағы тұтқындай сезінуге сол да аз емес.

Үйдің іргесіне тоқтаған жылқының осқырынғаны естілді. Мамам. Ауылдың орталығынан бұл жаққа тек атпен ғана қатынауға болады. Еппен жерге түскен анам ерттеулі атын қораның белдеу ағашына байлады. Қолындағы қоржын-қосқалаңын алған даладағылармен амандасты. Жүгіріп барып, бас салып құшақтай алғым келді. Сөйтетін де едім. «Тиыш отыр!» деп сыбырлай зекіген апамның қатқыл дауысы есімді жиғызды. Босағада тұрып сәлем салған анама енесі аузын жыбырлатып ишара жасады. Мамамның да мені сағынғаны мейірімге толы жанарынан анық байқалады. Жүрелей тізе бүгіп:

– Әллә! Келе ғой! – деп екі қолын бірдей созған анамнан көзімді алмаймын. «Әлләсі» мен. Бәрі мені «Әллә» деп атап кеткен.

«Барма!» – деп сыбырлады апам құлағымның түбінен.

– Әллә! Кәні, келе ғой! Кел, Әллә!

«Маматай, мені түсін. Сіз шақырғанға қазір жетіп барсам, ештеңе бола қоймас. Бірақ мені сіздерден қызғанатын апам менен бұрын өзіңізді жек көріп қалмайды ма? Апасының қызы боп жүрген менен де сосын көңілі қалады ғой. Түсініңіз мені, анашым. Сондықтан мен сіздің кел деп шақырған өтінішіңізді орындай алмаймын.»

Мамам менен, мен одан көз айырмай қарап, апамыздың талабымен іштей тайталасып тұрған сол бір қас-қағым сәт мен үшін ғасырдан да ұзақ сәттей көрінгенін өзімнен басқа кім білсін.

«Әллә, неге жақындамайсың. Қорықпа. Кел деймін бері! Мен сені сағындым ғой. Үйдегілер де сағынды. Келе ғой, бетіңнен сүйейін». Мамамның жаныма оттай ыстық мұңды жанары маған іштей осылай дейтіндей.

Ал өзі:

– Әллә, кел, кел, кел! – деп дауысын созып еркелете шақырғаннан ары аса алмады.

«Бармаймын» дегенді білдіріп, басымды шайқадым. Сол сәттегі менің өз келінінің шақыртуына жасаған қарсылығыма риза болған апамның кейпін көрсеңіздер ғой!

Негізгі сынақ тапсырылды. Сыннан мен де, анам да сүрінбей өттік. Апамның қабағын керіп, ым қағуымен-ақ, лезде, көрпешелер төселіп, дастархан жайылып, буы бұрқырап, екі иығынан дем алған самауырдың ыстық шайы келді. Елдің ешқайсысының менімен шаруасы болған жоқ. Апамның сол күйі алдында тапжылмай отырғаныммен не ішіп, не қойғаным есімде жоқ. Шашымнан иіскеп, бетімнен сүйген анам аздан соң қайтып кетті.

…Кей-і-ін, үлкен қыз болып, бойжетіп, ауыл арасына тұрмысқа шыққан менің қырық жасыма дейін жап-жақын жерде көрші тұрып, жанымда жүрген анамның кеудесіне жүзімді төсеп, көкірегін талай иіскеген шығармын иіскесем. Алайда сона- а-ау бір кездегі, анық сөйлей де алмайтын, жөндеп ойын да жеткізе алмайтын, құлдыраңдауды ғана білетін былдыр-былдыр балбөбек кезімдегі сол бір анама, аяулы анама деген сағынышты сезімнің орнын олардың ешбірі, ешқайсысы толтыра алмады.

Екі жарым жасар

«партизан»

Жалпы мен өзімді есте сақтау қабілеті мықты адамға жатқызбаймын. Бірақ неге екенін қайдам, менің тілімнің шығар-шықпас кезінен бастап басымнан кешкен оқиғаларым есімде сақталған. Үстіндегі жемпір-шалбарымен алдына көлдей қып су төгіп алған ойын баласы Марат ағамды ай-шайға қаратпай, мектепке енді барып жүрген Лора әкпем мен кішкентай ағам Саматты бір түсті жалпақ енділеу мата ілінген қабырға тұсына қатар тұрғызып, орталарындағы арқалығы бар ағаш орындық үстіне бір жасар мені көтеріп әкеліп отырғызып жатқан анамның сұлбасы әлі көз алдымда. Ауылға ілуде бір келіп қалатын фотографқа Лора екеумізді, сосын, Марат пен Саматты бірге түрлі түсті портрет қалыбына тапсырыспен тиын-тебенін беріп, шешем түсіртіп алған біздің әулеттік мұрағатымыздағы сол суреттер мен үшін ең бір қастерлі дүние.

Карл Маркс колхозының балабақшасындағы түстіктен соңғы тынығу сағатында ұйықтамау үшін жасаған «қылмысымды» басқалар ұмытып та кеткен шығар.

Ол колхоз – жасыл желекті қалың өскен биік талы көп, тастаған дақылыңның кез келгені өніп шыға келетін қара топырағы құнарлы, таудан құлаған түрлі бұлақтан бастау алып ағатын арнасының суы бау-бақшаға нәрлі, құзар шыңдарының басынан қысы-жазы қар кетпейтін атақты Қырғыз Алатауының Шалтау бөлігіне қарайтын алабындағы кеңшарлардың бірі болатын. Ол ауыл – егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялап, еңсесін тіктеген мемлекетіміздің Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құмарық деп аталатын елді мекені.

Біздерді түскі ұйқыға жатқызып болып тәрбиешілер мен күтушілердің өздері жиылып бір шай ішетінін білемін. Денінің мұрындары пысылдап, мүлгіп кеткендерінің оянып кетпеуі үшін дыбысымды шығармай кіші топтағы өз бөлмемнен ақырын шығып, менен кейін туып, Алматыда жаңадан ашылған зәулім ғимарат «Арман» кинотеатрының атын алған, шақалақ інім Армантайды «ясли» тобындағы кішкентай төсегінен көтеріп алып, тым-тырыс ұзын дәліз бойымен далаға беттедім. Бөбегім оянып кетті. Жатырқамады. Әкпесін таныды ғой деймін… Әдетте, далада әудем жердегі үлкен қақпа ілгекпен ілініп, жабық тұрады. Ата-аналары таңертеңгілік әкеліп тастап, кешкі бес-алтыларда бір-ақ алып қайтатын біздей тәрбиеленуші бүлдіршіндерге ол есіктен ары қарай аттап басуға болмайтынын түйсінемін. Балабақшаның кең ауласын қоршаған ағаш шарбақтың шегесі шығып, ашыла беретін бір тақтайшасын ары-бері ысырып қойып, бізге қарағанда естиярлау базбір балалар кіріп-шығып ойнап жүретін. Сол тесіктен алдымен енді-енді отырып жүрген інімді абайлап өткізіп, сосын өзім өттім де, Арманды бауырыма қысқан күйімде, апыл- тапыл басып үйге қашып келдім.

Қонақтар келіп, кісі күтіп жатқан үйдегілер абыр-дабырмен онша мән бермей, екеуімізді көріп, күлген де қойған. Қиыны сосын болды. Үлкендер балабақшаға киетін біркиер киімімізді шешіп, үстіміздегілерді ауыстырып берген заматта ойнап кеткен мені үрей мен таңданысқа толы әлдекімдердің қыстыға әрі ышқына шыққан дауыстары селк еткізді.

– Өләәә-әәәә, міні, апай, табылды!

– Түуууһ, жәнім-ай, а, бар екенсің ғой, тірі екенсіңдер ғой әйтеуір!

Ауладан мені тауып, ұстап алған екі тәтей балабақшадағы біздердің тәрбиеші апайларымыз. Екеуінің де есі шығып кеткен. Мына менің қашып кеткенімді біліп, іздеп келіп тұр-ау. Көріп қойғандарын қарашы. Өзімнің қашып кеткеніммен қоймай, інім Армантайды да рұқсатсыз ұрлап, қашып кеттім ғой. Енді не болмақ? Бұлар да оңдыртпайтын болды. Одан қалса, анам мен әкем де көзіме көк шыбын үймелетеді. Өйткені мен балабақшадан қаштым. Інімді қоса алып қашып кеткендігім үшін екі есе кінәлімін. Қорыққанымнан еңіреп жылап жібердім. Бірі бас салып мені құшақтап, бірі інімді өз көздерімен көріп, солықтарын басқан тәрбиеші апайларым әке-шешеме әлденелерді айтысып, не жыларын, не күлерін білмей, абдырап жатты. Мен шарбақтан сыртқа зып бердім.

Бір мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылы туған Арман енді-енді отырып жүрген болса, алпыс төртінші жылғы менің сонда жасымның қаншада екенін шамалай беріңіз. Осы жайттарды шүйіркелесіп отырған әдемі бір сәттерде жиі әңгіме қылып, естеріне түсіре қалса, үйдегілердің әрбірі мені бауырмалдықтың алғашқы нышандарын танытқан өжеттігім үшін арқамнан қағып, мейірленетін. «Младшая группаның» бөлмесінен әкпейлердің көзіне көрінбей, рұқсатсыз, қорықпай шығып, одан «ясли» бөлімдегі інімді қалдырмай үйге бірге ала қашуымның өзі Ұлы Отан соғысындағы жау тылында қалған партизандардың ну ормандарда фашистерден жасырынып жүріп жасаған көзсіз ерліктеріне пара-пар тірлік-ау өзі.

«Баққарай-ау,

Баққарай»

О дүниелік болып кеткен әке-шешемнің он үш-он төрт жылға ғана созылған жұптық ғұмыры мені әркез ойландырады. Екеуінің бір-біріне ұқсас жақтары қандай болса, қарама-қарсы жақтары да сондай. Екеуінің де талантты қырлары жетіп артылады. Әкем шет тілдерін меңгерумен әуестенсе, анам мектепте оқыған неміс, орыс тілдерінен алдына жан салмаған. Әкем айналасына суырып- салма ақындығымен, жезтаңдай әншілігімен, суретшілігімен, музыканттығымен танылса, анам өлең жазған. Екеуі де ән құмар, өнердің түрлі саласымен шұғылданған. Екеуі де күнделік жүргізген.

Бұл әке-шешемнің бір-біріне ұқсастығы десем, бір-біріне қарама-қарсы жағы қандай екен деп мына мені одан әрі оқуға ден қоятын шығарсыздар. Ол – бірінің ер адам, бірінің әйел болып жаратылғаны.

Балға үймелеген арадай құжынаған достары көп, бір басына жететін өнері бар әкем үйге ішіп келетіні бар. Ішкенді кім жақтырсын? Жанжал шығады. Ашуын қоздырған жарына жұдырық ала жүгірердей жағдай пайда болып, қаһарына қатты мінген әкемнің алдына естиярлау әкпе-ағаларым мені тосып, қолына ұстата салады. Дүлей күштің жетегіне ілесіп, іштегі түлен қанша түртіп тұрса да, қанталаған көздеріне лезде нұр тұнып, мені құшақтай алып, еңкілдеп, жылап жіберіп, отыра кететін әкемнің алдында ұйықтап кеткенімді де білмей қалатынмын. Менен кейінгі бала Арман емізулі. Көкірегі қарс айырылып, жанын жүдеткен нала мен мұңнан түнімен ұйықтамай, бесікке асылған оң қолына басын қойып отырып, таң қылаң бере әзер көз шырымын алатын анамды өзі бір қалғып, сергіп алған әкем жылы дауысымен жәймен түртіп оятады. Осының бәрі көз алдымда. Тізерлеген алдында ұйықтап кеткен мені әкем орныма жатқызам деп жүргенде-ақ оянып кеткем. Басқа балаларының тәтті ұйқысын бұзбас үшін еріндеріне апарған сұқ саусағының ұшымен маған «тс-с-сс!» деп сыбырлап, картоп аршыды. Керегазға от жағып, қыздырған майға сыртқы қабатынан ашылған пиязды салып, қабырға сүйектері бөлініп, майдалап туралған қой етін араластырып, қуырды. Жабулы қақпағы астынан буы бұрқырап бұқтырылған тамақтың исінен бесікке сүйеніп отырған күйдегі анам түгілі, үйдегілердің бәрі оянып алады. Әншейінде де біздің үйдің әдеті, бәріміз ерте тұрамыз.

Дөңгелек ағаш үстелді айналдыра төселген құрақ көрпеше үстіне қонжиып, дастарханға ентелей шүпірлеген балапандарына емірене бір, жүзі жарқын сүйікті Тұрсынына елжірей бір қарап, қойдан да момын мүсәпір күйді басынан кешіріп әкем отыр. Жұп-жуас. Мейірімді. Омырауын тартқылап жыбырлаған сәбиіне әйелінің дұрыс көңіл бөлуін тапсырған әкем, әрі-беріден соң, ептілік жасап, сылтау тапқанына қуанып, шәугім астындағы пәтнүсті өзіне бұрып, тартып алды. Әкем құйған шай мен әкем басқан ыстық картоптан тәтті дүниеде еш нәрсе жоқтай.

– Әллә! Өлең айтамыз ба, Әллә? – деп сұраған папама қуана бас изеймін.

– Марат! Давай! – деп ым қаққан папамның бұйрығын Марат ағам екі етпейді. Әне, анау терезенің төргі жақ қабырғасында екі музыкалық аспап тұр. Салбыраған сабы ұзындауы – үкілі домбыра. Әкемнің кім қанша қолқаласа да ешкімге бермейтін, ештеңеге де айырбастамайтын қымбаттысы. Қатарындағы шегеде – балалайка. Оларға тек Марат пен Лора әкпемнің ғана бойы жетеді. Айтпақшы, папамның түрлі түсті көп түймелерінен сан түрлі дыбыстар шығаратын сырнайы да бар. Бірақ ол да өзінің дәу шабадандай қара былғары түсті қалың сандығында кілттеулі тұрады.

Әкем алдымен «Баққарайды» тартады. Былдырлап біз қосыламыз:

– «Бақ-қа-рай-ау, бақ-қа-рай,

Шашы-ңа тұ-мар тақ-қан-ай»…

К ү й т а р т а д ы . К ү й а т а с ы Қ ұ р м а н ғ а з ы шығармаларынан. Сайын даланың еркін самалына санаңды аймалатып, жүйрік аттай «Сарыарқада» желеді. Балбыратып әкеп, «Балбырауынға» ауысқанда кірпік қақпай тыңдамау мүмкін емес.

Папам көңілді. Мамамның да тиым салмайтынын білем. Жиналған дастархан басынан басқалардың тұрып кеткенін аңдып отырған маған папам өзге түгілі өзінен де қызғанып, көзінің қарашығындай қастерлейтін бар байлығын сеніп бере салады. Салмақтырақ болған соң онша икеміме келіп иліге қоймаған гармонның мылқау кнопкаларын баса- баса мезі болам. Домбыра ыңғайлырақ. Алдымда көлденең жатқан оның екі шегін екі қолыммен созып, әйтеуір бір тыңқыл шығартатын сияқтымын. Әкемдікіндей зырылдап кетпей тұрған себебі әне-еу бір жерінен болар. Пысылдап жүріп қос бұранданы бұраймын. Бұралып босатылған құлақтардың кесірінен енді, тіпті, салбырап қалған ішектер саусақтарыма шырмалып, сазды үн туғызып, ыңылдап «ән айтқызбақ» былай тұрсын, өзімнің мазамды алады. Негізі мынау үшбұрыштысы жақсы- ау деймін. Өзі жеңіл. Өзі шағын. «Зы-ы-ың-ң». «Дз-ыы-ың-ңң». Е-ее, бәсе. Енді қызып «образға» кіре берген кезімде мамамның келіп қалып кедергі жасағанын қараңызшы.

– Әллә, маған бер, болды, сымдары бүжәй, үзіліп кетсе, көзіңді ауыртады, кәкә, жаман!

Үй тірлігі қамымен кіріп-шығып жүрген анам менен үш бірдей аспапты «конфискация жасап», алып қойды. Шағымданайын десем, папам да шығып кеткен. Амал жоқ, далаға шықтым шешеме ілесіп. Марат пен Самат ағаларымның жанындағы әкемнің қолында балға мен тақтайшалар. Ауызына тістеген шегесі бар.

– Әллә, абайла, арырақ отыр! Тиіп кетеді! – деп қояды Марат. Көп сөйлей бермейтін томаға-тұйық Самат та оны мақұлдағандай. Демек, тыныш отыруым керек. Екі аяғым талып кетті. Жер құрғақ. Күн жылы. Топыраққа отыра кетіп ем, есіктің алдын су сеуіп сыпырып жүрген әкпем Лораның баж еткен дауысынан селк еттім:

– Әллә! Жерге отыра кеткенің не? Үстіңді былғадың ғой!

Қорыққанымнан ұшып тұрған менің киімімді қағып, шаң-тозаңнан тазартқан әкем:

– Ал, кел, Әллә! Мынаған отыр! Бұл енді ылғи сенікі болады, бұдан былай жерге отыра кетпе, – деді қолындағы тақтайшаны көрсетіп. Сонда ғана түсіндім. Тақтайша дегенім енді құр тақтайша болмай шықты. Тақтайшалардан құрастырып әкем Марат, Самат үшеуімізге арнап үш орындық соғыпты. Дайын болған алғашқы екі жалпақ орындықты менен бұрын иемденіп отырып алған екеуінің маған үлкенсініп қыр көрсетіп отырғаны содан екен. Ағаштан түйін түйетін шеберлігі мен қыздырып темір жалғай да алатын ұсталығы бар әкемнен қалған сол үш орындықтың екеуі Лора мен Арманда, үшіншісі біздің үйде, әлі күнге дейін қолдана қалсақ, отыруға жараған сол үстелдердің мықтылығына таңғаламын.

«Қуырмаш»

Құдайдың берген балаларын бағып-қағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ел қатарлы өсіру үшін тырысатын ата-ананың еңбегі қашанда зор. Ал мен әл-әзір небары екі жарым, үш жасқа енді ғана аяқ басқан, «бұ дүниеден хабарсыз жаратылған», ойыннан басқаны ойлауға «өресі жетпейтін» қамсыз, мұңсыз көп сәбидің бірімін.

Қашан қоныс аударғанымыз маған белгісіз, білетінім, нағашы Күләш апамның ауылы Үшаралдамыз. Бізге жеті күннен тұратын аптаның бірінен-бірінің айырмасы жоқ. Ал жексенбі күні демалатын әкем мен шешемнің үйде болған кезі біз үшін ұлан-асыр қуаныш. Таң әлдеқашан атса да, жерге салынған жылы төсегінен тұра қоймай, аяқ-қолын соза керіліп жатқысы кеп жатқан папамның мойнынан қаусыра құшақтап, арқасына шығып, қонжиып отырып аламын. Мұндайда не істейтінін папам біледі. Көрпе-көрпешелерді бір шетке ығыстыра салып, екі аяқ, екі қолын жерге тірей, төрттағандап жүре бастайды. Бұл папамыздың жылқы кейпіне кіріп, арқасындағы менің атқа мініп, «шапқан» түрім.

Әпкем Лораның бізге қызыға қарап, кірпігінің астымен ұрлана көз тастағаны болмаса, қосыла кетуге шамасы жоқ. Далада самаурын тұтатып, сәресінің қамымен жүрген анамызға көмектесуі керек. Ол төсектерімізді тасып, жаймаларды бүктеп, ет көрпелерді астына, құрақ көрпешелерді үстіне салып, бетіне қаптаулы құс жастықтарды мешіттің мұнараларындай әдемі тұрғызып, келесі бөлмедегі бұрышта тұрған зерлі ағаш сандыққа жүк жинап жүр. Шиқ еткен дыбыстан оянып кететін құс ұйқылы Арманчиктің екі жағын жылы орап, отырғызып қойған. Әншейінде балажан әкеміздің бүгінгі демалысындағы көңіл күйінің алтын кілтін дөп тапқан мендей өжет қарындастарына риза болысқан екі ағатайым Марат пен Самат та «дөнен бәйге», «құнан бәйгеге» кеп қосылады. Бәйге деген, әрине, құр аты, аламанға үшеуіміздің бірдей мінгескен сәйгүлігіміз – ортақ. Жалғыз папамыз. Бұдан соң әкеме бізді кезек-кезек мінгізіп ойнатуға тура келеді. Өзімнен кейін Марат пен Саматты арқасына отырғызып, бөлме ішін бір-бір айналдырып келгенше менің ішім пысып кетеді. Мұндайда басқа жол іздеп, ойын түрін ауыстыра қоям.

– Папа, «ғақ, ғақ»! «Ғақ, ғақ» дегенім қаз- үйректердей, құс боп ұшу. Бетімнен қақпайтын әкем менің «ұсынысымды» жерге тастамайды. Бірден жерге шалқасынан жата кетіп, екі қолымды ұстап, аспанға созған екі аяғының табанына төсеген қаңбақтай кеудемді бірде көкке көтеріп, бірде төмен түсіріп, «ға-а-қ, ға-аа-қ!» деп құстай ұшырады. Мәзбін. Дегбірсіздене күтіп, өз кезектерін тосқан Марат пен Самат та мәз. Көңілшек папамыз ол балапандарының да сілекейін көп шұбырта бергісі келмейді. Оларды да табанына жатқызып аспанға ұшыра ойнатып жатқанда, шыдамсызданған мен тағы басқа бір ойынның түрін жоспарлап үлгерем.

– Папа! «Қуыл, қу-ы-ыл» деші! – деймін былдырлап. Деймін де сол қолымды созып, алақанымды тоса қоям. «Қуыл, қу-ы-ыл» дегенім «Қуыр, қуыр, қуырмаш» ойыны. Папам алақанымда сұқ саусағын дөңгелете жүргізіп:

– Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Тауықтарға бидай шаш, – деп бірнеше рет әндете қайталайды. Алақанымнан атбасындай алтын шыға келетіндей екі ағам да, мен де үңіле қараймыз.

Енді әкем бас бармағымнан бастап:

– Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкента-а-а-ай бө-ө-ө-бек, – деп соңғы жағында дауысын соза, бес саусағымды санай, бүгіп шығып, алақанымды жұмады. Ағаларыма да, маған да бұдан ары не болатыны белгілі. Іштей одан сайын қызық жеріне дайындала, демімізді ішке ала, жиырылып отырамыз. Енді әкем дауысының ырғағын өзгерте құбылтып, сұқ саусағын білегімнен жоғары иыққа дейінгі аралыққа біртіндеп жүргізе бастайды:

– Мына жерде нан бар. Мына жерде май бар. Мына жерде сүт бар. Мына жерде, – дей бергенде:

– …Мама бал! – деп, тілімнің келгенінше қосыла, түзеп, әкеме «подсказ»-көмек берем.

– Аха, аха (Иә дегені)! Мына жерде мама бар! Мына жерде ?..

– Папа бар! – деп, енді үш ағайынды іліп әкетіп, түгел хормен жауап береміз.

– Мына жерде ше? – деп біздің өзіміздің де ми жасушаларымыздың іске түгел қосылуын қамтамасыз етуге тырысқан әкеміз тағы бір жетелеуші сауалын қойса:

– …Апа бар! – деп, мүдірмей тақ ете қаламыз.

Бізде апа бар, ата жоқ. Әкемнің әкесі Бұлдыбай екі қызы мен жалғыз ұлын әйелі Рыскүлмен әуелі Құдайға, сосын Сәбет өкіметіне тапсырып, Ұлы Отан соғысына кеткеннен мол кетіпті. Хабарсыз кеткен атамыздың ерлікпен қаза тапқаны жөнінде деректі мағлұмат Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында, 2000-шы жылы ғана табылды. Бұл қуанышқа 2012 жылы дүниеден қайтқан Әкүш-Айымкүл әкпем, қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы Малдыбай ауылындағы әкемнің жалғыз қарындасы куә болып, «өшкенім жанды, өлгенім тірілді» деп көз жасын көл қылған. Сонымен, әкем одан ары қарай тізбелейді:

– Мына жерде?

– Ол жерде Лора бар! – дейміз біз де кідірмей. Үйдегі баланың үлкенінен бастап ең соңғысына дейінгісінің кезекпен есімдерін санап шығатынымызға дайынбыз.

– Мына жерде ше?

– Марат бар.

– Мына жерде?

– Самат бар.

– Мына жерде?

– Әллә бар, – мені атағандары.

– Мына жерде?

– Арманчик бар! – деп, ең кішісін атап бола бергенімізде, әкем енді даусын жіңішкерте, өңін өзгертіп, түсін қуландырып, «Қуырмашты» жалғыз өзі жалғастыра жөнеледі:

– Ал енді мына жерде аю бар, мына жерде жолбарыс бар, мына жерде арыстан бар, мына жерде-е-е,-дей бергенде-ақ, мені күлкі қысады. Дыбысымды шығармауға тырысып, келген күлкімді іштей баса, тұла бойыммен ширыға бастаймын.

– Мына жерде-е-е түлкі бар! Мына жерде күлкі бар, қытық, қытық, қытық! – деп қолтығымнан қытықтап, күлдірген папама ілесіп, ағаларыммен бірге мен де әбден мәз-мейрам болам.

Таңғы шәйдің дайын болғанын хабарлап, дастарханға шақырған Лора әкпем мен мамамыздың сөзін екі етуге болмайды. Амал жоқ. Ұйқыашардың міндетін атқарып, бой-басымызды сергітер жаттығуды жасатқызған қызықты ойынды осы жерден тоқтата тұруға тура келеді. Жаңа сойылған тоқтының жас еті мен мойын омыртқаларынан картоп қосылып қуырылған түндегі қуырдақ та ысытылып әкелініпті. Иісі мұрынды жарып барады. Балбыраған ыстық қуырдақты жеп, сүт қосылып суытылған сыр шайды сораптап ішіп, албырап отырған менің көк дөненнен де жүйрік қиялым енді анашымның «Қуырмашын» есіне түсіріп отыр.

Ал анашымның «Қуырмашы» басқашалау болатын.

Мамам «Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек» деп жіктеліп, бүгіліп, бірігіп бір жұдырыққа айналатын бес саусақты басқаша атап беретін:

– Бас бармақ «Ұрлық істейік!» депті. Сұқ саусақ «Істесек істейік» депті. Үшінші ортадағы саусақ «Құдайды қайтесің?» деп тоқтатыпты, төртінші саусақ «Құдай не ғылушы еді» десе, бесінші саусақ «Құдайдың ала танасын ұрлайық!» депті дейді.

Содан ұрлық істеу туралы ойды бастаған бас бармақтың, оны қоштаған сұқ саусақтың, немқұрайдылық танытқан төртінші саусақтың және ұрлық істеу туралы ұсынысқа қосылғаны былай тұрсын, ұрлық жасаудың одан да зорын, сорақысын айтқан бесінші кішкентай саусақтың бой-бастары, тұрқы неге солай болып, ал ішіндегі ең ұзын, көрнекті саусақ ортаңғы теректің Құдай тарапынан қандай марапатқа ие болғанын мамам-анашым бізге осылай ұқтыратын.

«Мылқау» кино

Өнер мен мәдениетке жақын әке-шешемнің домбыра, сырнай, балалайка сияқты музыкалық аспаптарымен бірге жұмыс бабында қайда қоныс аударып, көшіп- қонып, орналасып жатса да тастамайтын тағы бір қымбат дүниелері болды. Ол – кітаптар. К.Маркс, Ф.Энгельс, В.Лениндердің ауыр әрі қалың-қалың мұқабалы көп томдықтары, басқа да орысша-қазақша әдебиеттер біздің отбасының ең құнды жәдігері саналатын. Барлық кітаптың бірінші парағының жоғарғы жақ бұрышында «Кыран Битенов. Личная библиотека» деп жазулы тұратын папамның өз қолтаңбасы болады.

Папам өздерін ғана емес, біздерді, мың тоғыз жүз елу сегізінші жылғы Лора әпкемнен басқа, әлі мектеп жасына жетпеген балаларын да кітаппен қамтамасыз етуді ұмытпайды. Өзімізге лайық түрлі-түсті суреттермен, қызылды-жасылды картиналармен безендірілген ертегілер мен аңыздар туралы кітапшаларды ақтара-ақтара, қай бетінде қандай суреттер барын жаттап аламыз.

Үлкендердің кез келгені, тіпті үйге кеп қалған қонақтар да сол кітаптың кез келген бетін ашып, композиторлардың кез келгенінің фотосуреттерін көрсетіп менен:

– Әллә, мынау кім? – деп сұраса,

– Людвиг ван Бетховен, – деп тақылдай жауап берем. «Р» әрпін сәл басқашалау дыбыстайтыным болмаса, онша қате жібермейтін болуым керек.

– Ал мынау кім?

– Вольфганг Амадей Моцалт.

– Мынау ше?

– Штлаус.

– Ал мынау?

– Иоганн Себастьян Бах.

«Тексеріп» сұраушыларда енді үн жоқ. Келесі бір кездейсоқ түскен бетті парақтап, шашы жалбыраған, аристократтық үлгідегі ер адамдар бейнесін сұқ саусақпен үнсіз нұсқап көрсету ғана қалады:

– ?..

– Петл Ильич Чайковский.

– ?..

– Флиделик Шопен.

– ?..

– Иоганн Штлаус «сталший»

Қысқаша өмірбаяндары мен бірнеше шығармалары нотаға түсірілген классиктердің суретін қанша ауыстырып:

– Ал, мына біреу кім еді, – деп сұраса да, жаңылмаймын:

– Феликс Мендельсон, – деп тақылдаймын. Марат пен Самат ағаларыма қарағанда менің орысша немесе еуропаша есімдер мен сөздерге тілімнің акцентсіз анық, жатық келетін ерекшелігін байқап, қонақтардың да таңырқай арқамнан қағып, риза болған мақтау сөздерін талай естідім.

Мен «ш» деп анық атай алатын Штраустың есімін қанша үйретсе де, «Страус» деп ұзын сирақ құспен шатастыратын Марат пен Самат ағаларыма әкем ерінбей қайталатқызып, дыбыстарды жаттықтырудан шаршамайтын.

Ағаларымның «сорына» Штраус деген есім бұл кітапта, неге екенін қайдам, бір емес, екі емес, үш жерде кездесетін. Әкемнің Марат пен Саматтың тілін жаттықтырудағы табандылығы өзінің түрін олардың алдында жаналғыш Әзірейілдей кейіпке айналдыра бастаған тұста, мен папалап қыңқылдай бастаймын. Марат пен Саматтың боталаған жанарларынан «Бізді сен ғана құтқарасың, Әллә!» деген жалынышты ұғам да, төзімі таусылуға шақ қалған әкеме «кино көрем!» деп қойып қалам.

Иә, кино. Кәдімгі кино. Бірақ, әлі теледидар шықпаған кез. Шықса да біздің жаққа радио, патефон болмаса, ондай көкжәшіктің өзі түгілі, аты да жетпеген кез. Ал кино көруге болады. Әлгі орыс Саша қоятын ауыл клубындағы кино емес. Үйдегі кино. Тек даусы шықпайды. Мылқау кино. Оның үстіне ішіндегі персонаждар қимылдамайды. Адам кейіпкерлер жүрмейді. Жүре алатындарының өзі біздің Лора әкпемдердің «Замри» деп аталатын ойындары сияқты тоқтап қалған.

Қалай аталатынын өз атымды зорға айтып жүрген мен ол кезде қайдан білем, осыдан бір-екі күн бұрын әкем өзі жұмыс істеп жүрген мектебінің бұзылып қалған бір затын әкелген. Қолының әр түрлі өнері бар әкеме бұл затты директоры жөндеуге беріпті. Кеше күнұзақ сол заттың бөлшек-бөлшектерін ақтарып, шашып, бірталай уақыттан соң, кінәратын тапты-ау деймін, қайта жинап, құрастырып, әп-әдемі аяғы бар, дәу домалақ жалғыз көзді физикалық аспапты биіктеу табуретка-орындыққа орналастырып, ұзын шнурын электр тогына қосып тексерген. Жөнделіп, жөніне келген аспаптың ол кезде диапроектор деп аталатынын папамдар білмесе, мен білген жоқпын. Мені елеңдетіп, таңғалдырғаны – сол кіп-кішкентай диапроектордың ішіне орман тола жан-жануарлардың, аң мен құстардың, үйлер мен шарбақтардың, дәу-дәу адамдардың, топырлаған бір қауым елдің бір-ақ уыс боп сыйып кеткені.

Әкем орнынан жедел көтеріліп, мылқау киноның құрал-сайманын орауынан шығарып, шұқылай бастағанда, «уралап» ұшып тұрамыз. Үйдің майда-шүйде тірлігінен «Сен де көр!» деп мамам қолын босатқан Лора әпкем қарама-қарсы қабырғаның біріне аппақ ақ жайманы шегеге бекітіп іліп жатыр.

Кинооператор әкем экраннан үлкейтіліп көрсетіле бастаған фотосуреттердің әрқайсысынан жеке-жеке тақырыптар өрбітіп, түсіндіре бастайды. «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қызықтыра бастаған ертегіге бергісіз әңгімесін ұйып тыңдаймыз. Құлағымыз – әкемнің үнінде, көзіміз – экранда. Папамның мектептегі мұғалімдігі ұстап, сабақ өтіп тұрғандай.

– «Таджики Памира. Чалма прикрывает голову от лучей горного солнца», – деп алдымен экрандағы сурет астына жазылған орыс тіліндегі сөзді дауыстап, мәнермен оқыды.

– Міне, қараңдар, мына адамдар жазда, әсіресе шілдеде төбелерінен ыстық күн өтіп кетпес үшін бастарын қалың ғып орап алған. Бұл олардың «шалма» деп аталатын бас киімдері. Көрдіңдер ме, ыстықта бас киімсіз жүруге болмайды! – деп бір қояды.

Әкем айтқан екі шал экраннан бізге қарап отыр. Әкемнің күн тию, күн өткеннен пайда болатын аурулар туралы тереңірек баяндаған сөзі сәл ұзарыңқырап кеткен тұста, мені мына беттерін шимай-шимай қалың әжім басқан қаба сақалды екі атаның маған тура қарап, не деп отырғаны ойландырады. «Мені көріп отыр ма екен»… «Қой, тыныш отырайын. Екеуі де маған тесіле қарап қалыпты. Не ғып бізге қарап отырсың?» деп ұрсып берер…»

– «На коже кисти и пальцев у мальчика африканца возникла саркома Капози», – деп аппаратына ауыстырып салған кітаптың келесі бетіндегі суреттің анықтамасын дауыстап оқыған әкем енді, – Көрдіңдер ме, қолын жумағаннан, кір-қожалақ жүргеннен мына баланың екі қолын да жаман жара басып кетіпті! – дейді үрейлендіре. Қарасам, қотыр-қотыр екі алақанын бізге көрсетіп қап- қара бала тұр. Басы да тап-тақыр.

– Папа, негр екен ия? – Лора әпкем өзінің нәсіл туралы хабары барын білдіріп, әкеме өз сөзін қоштатып алды.

– Аха! Біздің жақтың диалектісінде «аха» деген мақұлдау сөз, «иә» дегеннің синонимі.-Аха, әрине! Міне, өзің асықпай оқышы мына сөздерді, – деп енді орайы келген осы тұста әкем үлкен қызы Лораның орысша оқу білімін де пысықтап үлгеріп жатыр.

– «На кожь-е… кис-ты…» – деп ежіктей бастаған әпкемді әкеміз қостап қояды:

– Иә. Дұрыс, «На коже кисти и пальцев»…

Лора әпкем, не керек, мектепте үздік оқитынын дәлелдеп шығады. Күрделі болса да орыс тіліндегі сөйлемді соңына дейін апарып, аяқтады:

– «На кожь-е… кис-ты и паль-тсев… у мальчи-ка аф- ри-кан-тса… во-оз-ник-ла… сар-ко-о-маа… Ка-по-зьи».

– Мал-ла-а-дец! Менің қызым нағыз «отличник» қой!

– Папа, Африка деген негірлер ме? Мараттың дауысынан біздің әлі «кино» көріп отырғанымыз есіме түсті. Мына негр баланың екі қолындағы жарасын-ай. Байғұс, қайтіп шыдайды екен…

– І-ий, негір емес, қара негір десейш! Самат та ағасынан шамалы-ақ кіші екенін білдіріп, Мараттың сөзін түзетіп қоюға тырысуда.

– Иә, балам, Африка деген көбінесе қара нәсілді адамдар тұратын мекен,-папам екі ұлының «негр»-«қара негір» десіп дауласа кеткелі тұрған пікірталастарын су сеппей-ақ сөндіреді. –Терілерінің қаралығы болмаса, олар да біз сияқты адамдар. Қарашы, мына ауру меңдеген балаға қалай жаның ашымайды! Өздері аш. Киерге киімі жоқ.

Енді байқадым. Шынында да екі қолын бірдей жара басқан мына бейшара бала жалаңаш екен. Оған деген жанашырлығым оянып мейірімім түсіп, мүсіркей қарай бергенімше, кинооператор-папам басқа суретті көрсетіп үлгереді:

– «С детства до глубокой старости голова ненца закрыта меховой шапкой», – дейді. Жаңағы Африкада өмірі қар жаумайды, қысы-жазы күн ыстық болса, ал, мына суреттегілердің ауылында қысы-жазы суық болады, – деп әкем құрлықтар мен мұхиттардан тұратын жер шарындағы елдер жайлы жеңілдеу тілмен мәлімет беріп өтті.

Келесі суреттегі балықшы екен.

– «Рыбак на берегу Индийского океана», – деп дауыстап оқып, бізге аударып берген әкемнің сөзінен ұққаным осы ғана болды. Балықшының қармағы мен қолындағы балық салынған торынан мен қызыға қоятындай онша ештеңе байқамадым. Әлі жаңағы Африканың қолы жара, өзі аш-жалаңаш қара-негір баласы ойымнан шықпай отыр.

– «Одежда узбечек», – деп папам келесі суретті көрсете бергенде ғана елең ете қалдым. Мен ғана емес, Лора мен Марат, Самат та елең етті. Өрнекті ұлттық киімдерімен жайнаңдай қарап, қатар құраған бір топ қыз-келіншекті көргенде, өзбекке келін боп, Қадырхан жездемізге тұрмысқа шығып, мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылы Құмырихан, алпыс жетінші жылы Құтпынисахан деген әйбат қыздарды дүниеге әкелген, Шымкентте тұрып жатқан Қуаныш әпкеміз еске түсті. Қуан әпкем мамамның Күләш апамнан туған ортаншы бауыры, сіңлісі, егіз інілері Асан мен Үсеннен үлкен.

Енді кілең әлгі аты жаман ауруды тудыруға себеп болатын зиянды әдеттер туралы суреттер шыға бастады.

– «Курильщик кальяна». Сендер темекі шегуге болмайтынын білулерің керек, Марат, Самат! Кейі-і-ін, үлкен болғанда, арақ та ішуге болмайды, шылым да денсаулыққа кесірін көп тигізеді. Қараңдаршы, мына кісілер осындай жаман қылықтардан, міне, ауырып, енді өлейін деп жатыр,-папам тәрбие сабағының соңын бұлттай төндіре түсті.-«Сигареты биди курят огнем в рот» дейді. – Екі танауында екі сырғасы бар біреу аузынан түтіндетіп тұр. Бірақ әкем бұлар жайлы көп комментарий беруді жөн санамады білем. Өзі «аздап» ішетіні болмаса, темекіні аузына алмайды.

– «У некоторых народностей Южной Америки обезьяны – лакомство» дейді-і-і, – деп дауысын соза жөткірінген папам мені меңзеп, Лора әпкеме ымдағанын байқап қалдым. Шамасы, мен қалғып кеткем болуым керек. Тығырықтан шығар жол таппай, ышқына оянып кетсем, анам ұйқыдағы мені көтеріп апарып, жерге кең салынған жылы төсегіме жатқызып жатыр екен. Қасыма Лора әпкем және Марат пен Самат та жайғасыпты. Әпкемнің ар жағы бесіктегі Арманчик пен анамның орны. Марат пен Саматты ықтап, бергі жақ шетте әкем жатады. Ешкімді мазаламай, танаулары пысылдап жатқан Марат пен Саматтың үстінен аттай-маттай, сүйікті әкешімнің бауырына кіріп кеттім. «О, о, енді пырылдап қатты ұйқыға қайта басуға болады»… Бәріңізге қайырлы түн!

Періштесі қаққан

Арманчик

Осы мені анда-санда бір көргендер «Өй, Әллә, өсіп қапсың ғой!» деп, басымнан сипап, бетімнен сүйіп жатады. Мен баяғыда-а-ан дәумін ғой. Бәрін білем. Түсінем. Сөйлеймін. Жүрмек түгілі, жүгіріп кетем. Анау- мынау арықтардан да өзім секіріп өте алам. Бойым да сырықтай ұзын. Оны бұрын киген киімдерімнің кішірейіп қалғанынан-ақ байқауға болады. Мұнда одан да, кішкентай Арманчикті айтсаңызшы. Өскенде – сол өсті! Менің көз алдымда. Алдымен отырды. Сосын еңбектеді. Қаз-қаз тұрып жүр еді, енді, қазір тәй-тәй басып жүре алады. Құламайды. Мен қайда барсам, соңымнан ілеседі де жүреді. Мен не істесем, соны қайталайды. Сондықтан енді мен де өзімше Лора әпкем құсап, өзімнен кейінгі кішкентай ініме үлгі көрсетуіме тура келеді. Мұны үйдегілер айтқан. Әсіресе мамам мен папам. Мен Арманчикке өнегелі болуға тырысармын. Бірақ, рахаттаны-ы-ып бір ойнап, емін-еркін асыр сала алмай қалатын боп жүрмін. Қит етсе, қасымнан Арманчик табылады. Артық қимылдай алмай қалдым. Артық-ауыс өзімнен үлкен әпке-ағаларыма қиғылық сала алмай қалдым. Кейде, Арманчиктің күндіз ұйықтап қалған кезін пайдаланғым келеді. Сөйтсем, ол мамам айтқандай «құс ұйқылы» екен.

Арманчик демекші, осы Арманчиктің бір емес, екі емес, үш рет ажалдан қалғаны бар. Мына оқиға әлі көз алдымда.

Әлде, Буденновка, әлде Түркістан совхозы ма екен, осы өз облысымыздың қазіргі Сарысу ауданы төңірегіндегі ауылдардың бірінде бір үйге қонаққа барған мамаммен бірге Арманчик екеуіміз де жүрміз. Бір кезде бір топ үлкендер есік алдындағы аула шетінен көлденең сарқырай ағып жатқан өзеннің жиегіне жағалай еңкейісіп, беті- қолдарын шайып жатты. Мамамның сол жақ қасына отырып, мен де үлкен кісілерден көргенімді істедім. Су тастай. Сонда да елден қалыспай бетімді жуып жатқан менің сол жақ тұсымнан томпаңдай келіп отыра берген Арманчик суға оң қолын соза беріп, тоңқалаң асып, домалап, тереңдігін қайдам, ені кемінде үш метр арыққа күмп ете қалды. Арық дегенім бекер екен. Шуу ете қалған көптің даусынан қорқып кеткен мен қас-қағым сәтте, көз ілеспес жылдамдықпен Арманның соңынан киімшең терең каналға қойып кеткен мамамды байқап қалдым. Ел ары-бері, ерсілі-қарсылы жүгірісе, бір-бірін көмекке шақырысып жатты. Екеуін бірдей апандай аузымен жұтып алып, беймарал ағып жатқан өзен беті тым-тырыс. Әлден уақытта, біз тұрған жерден бірталай қашықтыққа ағып кеткен анамның бір батып, бір шыққан сұлбасы көрініп, ұзын шыбық, арқан ала жүгірген ел бір қолымен сәбиін құшақтап, екінші қолымен қалың бұтақты ұзын ағашқа оралған жіптің ұшынан ұстап, суға тұншыққан анашымды әупірімдеп жүріп шығарып алды… Кішкентай інім мен бауыр еті баласы үшін құрбан бола жаздаған аяулы анашыма жасалған алғашқы медициналық көмек – ол басқа әңгіме. Ал қалған екі оқиға біз Үшарал ауылына қоныс аударып, нағашы жұртымызда тұрып жатқан шағымызда болды.

Ауламызда әр нәрсенің өз орны бар. Көзге ең бірінші түсетіні жауын-шашыннан тасалап, ыстықтан көлеңкелеп қорғайтын бастырма. Бірде далада жаймашуақ күн астында бір топ балалармен асыр салып ойнап жүрген біздің ешқайсысымыз бастырма астында жыбырлап жүрген Арманчикке мән бермеппіз. Әлгі алюминий күрішкедегі керосинді ішіп қойғанын бір-ақ көріп, байбалам салған ересектердің арқасында айран жұтқызып, сүт ішкізіп, ем-дом жасалған Арманчигіміздің құсып, есін әзер жиған «әуресі» оңай болған жоқ. Бала жасында-ақ басынан кешкендері көп Арманчиктің енді бір оқиғасы өзінің сәл есін біліп қалған шағында болған-тын.

Тағы да аулада ойнап жүрміз. Қақаған аяздан аяқ басқан сайын сақыр-сықыр ететін қалың, сіре қарды біздей ойын баласы місе тұта ма? Тайғанай құлап жатсақ та, жылы, қара қайыс етігіміздің қалың табанымен сырғанап үлгеріп, бір-бірімізбен алыса- жұлыса, сақылдай күлісіп, мәз-мейрам болған балғын жүзімізден тәтті балалықтың нұры шашырап, екі ұшы алқызылдана ысып, алабұртқан бетіміздегі бес тесіктен аққан су мен бұрқыраған буға да қарауға уақыт жоқ. Кенет, Арманчигіміз «баж» ете қалды. Біз селк ете қалдық. Қарасақ, Арман інім есік алдындағы бастырманың біздің әрқайсысымыздың жұмыр басымыздың көлеміндей келетін жуан темірден тұрғызылған төрт тіреуішінің бірін құшақтап тұр. Әдепкіде түкті түсінбедік. Бақырып жылауға әзер шамасы кеп тұрған Арманымыздың жанына жүгіріп жеткенде ғана байқадық. Тілі трубаға жабысып қалыпты. Қасымыздағы балалар денесінен қапсыра құшақтай, екі қолынан тартқылай бастап еді, темірге желімше жабысып тұрған Арманчигіміздің тілінен қан сау ете қалды. Ойбайлап жатқан інішегіме қосылып, мен де жылап жібердім. Үйден ытқып шыққан мамамдар да не істерін білмей қалар ма еді, жаңа әлгінде ғана келіп, жылы үйде анамызбен бірге шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырған Таня апай болмағанда.

Таня Набокова апай біздің көршіміз. Екі араны биіктігі жарты метрге жетпейтін ағаш шарбақ қана бөлген. Біз «калитка» деп атайтын шарбақтың ортасынан жасалған есік өмірі жабылмайды. Ашық тұрады. Кіріп-шығып, тіпті шарбақтың үстінен ары бір өтіп, секіріп, бері бір өтіп, секіріп, ойнақтап жүре беретінімізге жұрттың көзі үйренген.

Бәріміз «тетя Таня» деп атап кеткен бұл кісі жалғызілікті әйел. Ұлты – украин. Гитлершіл Германия опасыздықпен соғыс ашып, жаулап үлгерген Кеңестік Украинаның бомбаланған бір деревнясынан аман қалып, пойызбен тасымалданып, қазақ жеріне қоныс аударған «переселендердің» бірі. Күйеуі соғыста қаза тапқан тетя Таняның жүрегінің жазылмас бір жарасы бар. Соғыстың сол бір аласапыранында бауырындағы жалғыз бөбегі – қызы Надядан көз жазып қалған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тұрмыста болып, бір қызға ана атанып үлгергеніне қарағанда, тетя Таня біздің мамамыздан едәуір жас үлкен болуы керек. Жоғалған қызы Надясы біздің мамамыз құралыптас екенін ылғи меңзеп отыратын.

Сол тетя Танямыз баласының қасына жетіп баруын- барғанымен, жаны шырқырап, дағдарып қалған анама ештеңе істемеуін, темірге тілі жабысып, шырылдап тұрған Арманчикті қозғалтпауын тапсырды да, өзі үйге жылдам кіріп, бір кесе алып шықты. Кесе бос емес екен. Кеседегі сүт қосылған жылы сыр шайды Арманчиктің қанталап кеткен тілінің үстінен әлсін-әлсін тамыза құйып тұрып, еріген қыраудан біртіндеп ажырай бастаған ауызды таттанған қоңыр темірден еппен босатып алды. Одан кейінгі Арманчигіміздің тіліне жасалған бірнеше күнгі ем-дом жайлы еске түсірмей-ақ қояйын.

Айтайын дегенім, осы оқиғадан кейін де Арманчик- бандит қақаған аяздағы темірдің ақ қырауын жалайтын дәл осы қылығын араға жылдар салып, екі рет қайталады. Екі ретінде де ойбайлап «құшақтап» тұрған темірге жабысқан оның тілін дәл жоғарыдағы әдіспен ажыратып, құтқарып алуға тура келді.

Кәмпит туралы арман

Үшаралдамыз. Нағашы Күләш апамдардың үйі Үшаралдың солтүстік батыс жақ шетіндегі «Аэропорт» деп аталатын бөлігінде. Мектептің түбіндегі «Аэропорттың» қыр жағы аудан орталығы Ақкөл мен облыс орталығы (қазіргі Тараз) Жамбылға қатынайтын «АН-2» ұшақтары ұшып келіп қонып жататын алаңқай-аэродром болатын. Апамдардың үйіне барған сайын сол қырға шығып, жоталарды бойлай асыр саламыз. Биік бағанға ілініп, желмен үріле желбіреп тұратын ақ пен қара жолақты су сіңбес маталы аэропорттың белгісін, неге екенін қайдам, «Лениннің балағы» деп атаймыз. Үлкендерден естігеніміз. Оны көрген сайын менің көкейімде «неге Лениннің бір-ақ балағы тұрады, екінші аяққа киетін шалбардай екінші балағын неге ілмеген?» деген сұрақ қылаң беретін де қоятын.

Біз «ГРП»-де тұрамыз. Ауылдың асфальттанған түзу көшелерінің ұзына бойына орналасқан бес қатар бірнеше тұрғын үйлер шоғырынан тұратын «ГРП» деп аталатын бұл оңтүстік-шығыс жақ бөлігін көбінесе орыс тілді өзге ұлттар мекен ететін. Ауданның басқа ауылдарына қарағанда біздің Үшарал көп ұлтты. Ауылды бұрыннан мекен еткен орыстармен қатар, сталиндік депортация кезінде еріксіз қоныстандырылған оннан аса ұлт өкілдері тұрады. «ГРП» – «геологово-разведочный пункт» деген атаудың қысқарған түрі.

Соғыс кезіндегі аласапыранда күйеуінен айырылып, жалғыз қызын жоғалтып алған жалғызілікті «тетя Таня» апайымыз сыртқы есігі солтүстік-батысқа қараған үйіміздің сол жағындағы көршіміз болса, біздің оң жақ көршіміз аурухананың акушері Елизавета Воронина еді. «ГРП»-нің тамдары екі жанұялық барак үйлер. Лиза мен біздің отбасы жапсарлас. Бөлмелеріміздегі барлық дыбыс дерлік бір-бірімізге айқын естіліп тұрады. Лизаның өз фамилиясы Воронина еді де, зіңгіттей-зіңгіттей ұлдары мен оның әкелерінің тегін ауыл жұрты Мухаппат деп атайтын. Ылғи ішіп жүретін және екі күннің бірінде өз араларында жанжал шығып қап жататын отбасының ауыр халінен тетя Лизаны көбінесе жұмысы құтқаратын. Ол кісі бүкіл үшаралдық балалардың кіндік шешесі атанған өте абыройлы, аса сыйлы әйел еді.

Осы екі көршіміз менің анаммен біртүрлі, екі бөлек араласты. Лизаның біздің үйде екенін білсе, Таня қашан ол шығып кеткенше өз терезесінің пердесінен сығалап қойып қарап жүреді. Күнделікті күйбеңнен қолы қалт ете қалғанда мамамды іздейтін Лиза үйде Таняның шай ішіп отырғанын білсе, қашан ол шығып кеткенше бас сұқпайды. Бір-біріне кереғар көзқарастағы екі кісінің бір-біріне ұқсас мұңы бар болатын. Екеуі де тағдырдың тәлейімен қыздарынан тірідей айырылып қалған…

Таняның өз қызынан соғыс басталған жылы Украинадағы деревняларын фашистік ұшақтар бомба астына алған аласапыранда айырылып қалғанын мұның алдындағы «Періштесі қаққан Арманчик» атты бөлімде айтқанмын. Ал ересек екі ұлы бар Лиза мектеп жасына жетіп қалған бүлдіршінінен қой үстіне бозторғай ұялаған бейбіт заманда-ақ, біздің осы ауылда көз жазып қалған. Біздің құрдастарымыз өмірге келерден бір жыл бұрын Лизаның қырға гүл теруге шыққан қызы жоғалып кетеді. Ауыл, аудан болып іздесе де таба алмапты. Үлкен кісілердің «Лиза бишараның соры қалың» деп мүсіркей аяп отырғанын талай көрдік.

Ел аузында жиі айтылатын аңыз бойынша, ертеде бір кемпір қорадан шығып кеткен лағының ізінен қуа-қуа қырдан қырды асып кетеді. Ауыл адамдары бір қырдан лақты, келесі бір қырдан талықсып жатқан кемпірді тауып алады. Содан ауылдың осы төбелеріндегі көп жотаның екеуі «Лақ», «Кемпір» деп аталып кетіпті. Көктемде Үшаралдың сол «Лақ», «Кемпір», сондай-ақ «Қарлығаш» аталатын қырқаларына жайқалып шығатын бәйшешек, қызғалдақ, сарғалдақтар, фиалка гүлдерді теруге елдің бәрінің әуесі келеді. Әсіресе, балалар құмар. Бірақ, гүл теруге естияр адамдарға ілесіп бармасаң, ата-ана көбінесе рұқсат бермейді. «Лизаның қызы құсап сендерді де «буравашкалар» ұрлап әкетуі мүмкін.» Мына басы Ақкөлден, мына жағы Сарысудың Түгіскен, Байқадамынан немесе Мойынқұмның Бетпақдаласынан, Ұланбелінен ауылымыздың бел ортасындағы үлкен жолды қақ жара, ары-бері ағылып өтіп жататын бөтен автокөліктерден осылай сақтандырады.

Өзінен басқа ешкімі жоқ Таня да, бір үйленіп, бір ажырасып жүретін жатыпішер зіңгіттей ұлдары мен алқаш күйеуінен басқа айналдырар ермегі жоқ Лиза да біздің үйге бас сұға қалса, қолдарына бізге таңсық тәтті-пәттілер ұстай келетін. Бірақ біздің отбасымыздың жазылмаған заңы, қалыптасқан әдебі бар. Әлгі тәттіге қанша сілекейің шұбырып тұрса да, жеуге болмайды. Бүгін бірақ олай болмады. Үйге самбырлай кірген Таняның қабағы жадыраңқы, жүзі көңілді көрінді. Сөйтсек, бүгін олардың ұлттық діни мерекесі «пасха» екен. Түрлі-түске боялған піскен жұмыртқалары мен пештен жаңа шыққан ыстық бәліштерін, аузыңа салсаң ери жөнелетіндей дәмді бөлке нандарын, шоколадтары мен пішінилерін, не керек, бар тәттісін орап, үлкен ыдысқа салып, үйіп-төгіп әкеліпті. Мұның алдында ғана артынып- тартынып Лиза келіп кеткен. Ол кісінің әкелгені бар, мына Танямыздың әкелгені бар, дастарқанымыз базарға айналды да кетті.

Мамамыздың ақ құманға баппен демдеп, ақтап құйған ыстық шайын сораптап ішіп, бізбен бірге мәре-сәре болған Таня әңгімені соғып отыр. Мамам зейін қойып тыңдайды. Ара-тұра өзі де орысша шүлдірлеп, сөзге араласып, серігін мақұлдатып қояды. Тауықтың балапандарындай жатаған үстел басында шүпірлеген бізге де көңіл бөлуді ұмытпайды. Тоя жесін деген болуы керек, әрқайсымыздың алдымызға дастарқандағы түрлі тағамдардан ысырып-ысырып, жақындатып қояды. Бәріміз мәзбіз.

– Мама! – деді кенет дауысы жарқын шыққан Марат ағам. – Мен сабақты беспен оқып, кейін дәу болғанда магазинші болам!

Бастауыш буынның үшінші класына енді барған Мараттың бұл мәлімдемесі тоқтамай сөйлеп отырған Таняны да елең еткізді.

– Үй, жап-жарығым сол, мақсатыңа жет, құлыншағым! – деп айналып-толғанған анашымның жанары ризашылықтан жасаурап қалды.

– Магазинші болам да, папам екеуіңізді асыраймын. Бір автолавка толы шиколадты жәшік-жәшігімен үйге әкеп қоям. Қанша жесеңіздер де таусылмайтын болады!

Дүкенші болып, ата-анамызды асырайтыны туралы үлкен арманын жеткізген Маратқа барлығымыз қызыға қарадық. Өжет мінезді Марат, расында да, кейін, тірі болғанда, осы айтқанында тұрар еді. Әттең!..

Кененнің «Ақ ешкісі»

Биылғы күзде мен де мектеп табалдырығын аттайтын боп қалдым. Марат ағам бесінші сыныпқа, Самат ағам үшінші сыныпқа көшті. Қазір оларға жазғы демалыс. Үш ай каникулда әкем мен шешем оларды демалдырудың бар жағдайын жасады. Туған- туысқандардың үйіне қыдыру – демалыстың ең үлкені. Маусым айының орта шенінде бұрынғы Луговое, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылы мен Малдыбай стансасындағы әкемнің екі бауырының үйіне қыдырып кеткен Марат пен Саматты демде сағына бастадық.

Құмарық ол кезде Карл Маркс атындағы колхоз. Онда тұратын әкемнің әкпесі Алтынның бойжетіп қалған қызы Сұлукүлінен, Шалбай жездеміздің бірінші жарынан қалған Кендіарал деген естияр ұлынан басқа, мектеп жасында үш баласы бар. Тұрсынкүлі біздің Лора әпкеммен түйдей жасты. Жетінші класқа көшті. Ал Берік біздің Маратпен жасты. Алтын әпкем мен Шалбай атамның кенжелері Қалдыкүлдің менен бір жас қана үлкендігі бар. Ол үйде жүрудің ең қызығы – жоңышқа арасымен ағатын арығы бар бау-бақшасынан алма мен өрік теріп жеу. Мәуелі ағаштардың төбесіне шығып алып, биік бұтақтарындағы жемістерін үзіп жеп отырып, таяқ тастам жердей ғана көрінетін қашықтықтағы қар жамылған басын анда-санда алашағыр бұлттар мұнартқызатын Шалтаудың көрінісін тамашалау – бір ғажап.

Үлкен жол бойындағы жал-жал жоталарды жағалай жатқан Малдыбайды Тараз бен Алматының арасын жиі жол қылатын жолаушылар біледі. Арғы тау жақ басында ерсілі-қарсылы поездар өтетін темір жол бекеті бар бұл ауылдағы Айымкүл әпкеміз бен Кенжебек жездеміз үйелмелі-сүйелмелі тоғыз балалы. Бесеуі ұл, төртеуі қыз. Лора әпкем және әлгі Карл Маркстағы Тұрсынкүлмен бір жылда дүниеге келген ұлдың есімін соғыс көріп, көптен бала сүюге зар болған Кенжебек жездеміз «Қуанышбек» деп өзі қойыпты. Қуанышбек десе дегендей, еркелеп өскен тұңғыш ұлдың соңынан менің Марат ағаммен жасты Күлдәр, Самат ағамнан бір жас кіші Гүлдәрия, менен бір жас кіші Гүлмадина мен біздің Арман інімнен екі жас кіші Гүлзағира деген қуыршақтай- қуыршақтай төрт қыз туылыпты. Гүлмадина мен Гүлзағираның арасында Арманчигімізбен жасты Аманбек деген құлдыраңдаған құлыншақтай қара бала бар. Гүлзағирадан соң дүниеге келген Әділбек, Оразбек, Рахымбектерді біз кәдімгідей бала көреміз.

Малдыбайдағы бұл үйде жүрудің ең қызығы – сепаратор арқылы сүттен тартылған қаймаққа тоймайсың. Ойнап жүрсең де, ыстық күлше нанға жағып беруден жалықпайтын Айымкүл-Әкүш әпкемнің бал қаймағы-ай, шіркін! Таусылмайды-ау. Сондай қызыққа толы тәтті күндерді басынан өткеріп жатқан Марат пен Самат бізді еске алушы ма еді. Сағына бастадық. Мені қойшы, мектептегі мұғалімдік жұмысынан еңбек демалысына шыққан әкемнің үйге сыймай жүргені. Арманчик пен Мурка кішкентай, ойнағанынан ұйықтағандары көп. Лора әпкем күнұзаққа Күләш апамның үйінде. Мені қашанғы айналдырсын. Жазғы ыстықтан іші пысып, Луговой жақтағы екі ұлына деген сағыныштан ішқұса болып жүр ме, қайдам, тым балажан әкемнің бүгін де қабағы түсіңкі көрінді.

Бесін ауа, анама есік алдындағы талдың көлеңкесіне алаша төсетіп, көрпеше салдырған әкем қолына домбырасын алды. Балалайкасын дыңғырата ұстап қасына мен де жайғастым. Ауласына су сеуіп, көтеріле өсіп қалған әдемі түрлі-түсті гүлдерін баптап жүрген көршіміз Таня да «О, о-о, шяс концерт будем слушать» деп, біз жаққа күлімдей қарап қояды. Оны- мұны, майда-шүйде тірліктерін тындырған анашым самаурынға шай қойып, Таняны шақырды. Әкемнің баяу шерткен домбырасына қарап, әншейінде ауыз жаппайтын Таня да үнсіз шай ішіп, құлағын түрген. Тамағын кернеп, даусын ашқан әкемнің бұл жолғы репертуары мұңдылау басталды:

«Зарланасың ақ ешкі ылағыңа,

Емшегіңнен сүт берген шырағыңа-ей, ақ ешкі.

Кел екеуміз қосылып бір жылайық,

Жетер ме екен Құдайдың құлағына-ей, ақ ешкі».

Бұл бәрімізге таныс ән. Атақты Кенен Әзірбаевтың «Ақ ешкі» деп аталатын шығармасы.

«Сорлы ақ ешкі тапқаның егіз ылақ,

Өлгеніңнің біреуі салпаң құлақ-ей, ақ ешкі.

Көп зарламай, бейшара, отыңды отта,

Болып қалар бізге бірер тұяқ-ей, ақ ешкі». Әкем осы шумақтан соң еңсесін тіктеп, басын көтеріп алды:

«Мәтті бұлақ жолымен ел көшеді,

Екі ағайын ұрысса сен деседі-ей, ақ ешкі.

Ер жігіттің баласы өле берсе,

Жанып тұрған шырағы демде өшеді-ей, ақ ешкі».

Онша ештеңе түсіне қоймаса да, әкемнің өнерін сыйлап, үнсіз отырған Таняның ашыла сөйлей алмағанына ыңғайсызданған анам отыр, «берите, ешьте, кушайте, пейтеден» аса алмай сыбырлап.

«Мәтті бұлақ жолымен ел өтеді,

Жалаң қабат шапаннан жел өтеді-ей, ақ ешкі.

Керектігін баланың мен айтайын,

Қубас десе біреудің сөзі өтеді-ей, ақ ешкі». Осы әнді әр тыңдаған сайын менің бір түсінбейтін жерім бар. Кенен Әзірбаев айтарын ақ ешкіге айтып отырып, оның екі лағын сөз етіп отырып, адамдарға, адамдардың балаларына ауысып кететіні несі… Осыны папамнан ылғи сұрайыншы деп ойлаймын да, кейін есімнен шығып кетеді. Қазір, мысалы, сұрауға болар еді. Оқталып барып, өзімді тежей қойдым. Әкемнің өлеңі әлі аяқталған жоқ қой. Ән айтылып біткенше бұзуға болмайтынын білем. Мен түгілі, әне, Таня мен мамамдар да үндемей тыныш отыр.

«Бала деген адамға балдай екен,

Тәттілігі сөйлесе жалдай екен-ей, ақ ешкі.

Арып-ашып даладан келгеніңде,

Мойыныңа асылып алдайды екен-ей, ақ ешкі». Бұл жерде Кенен Әзірбаевтың өз балаларының тәттілігі туралы ақ ешкісімен сырласып отырғанын ұғам. Шіркін, Кенен Әзірбаевтың ақ ешкісі не деген ақылды десеңізші. Сонда, ол ешкі егесінің сөзін түсінетін болғаны ғой. Бірақ, бұл ертегі емес. Сонда, қалай? Кенен Әзірбаев неге ешкісімен сөйлеседі? Оның сырласар адамы болмағаны ма? Әлде, ол адамдармен өкпелесіп қалған соң, ақ ешкімен әңгімелескені ме екен… Иә, иә, дұрыс, солай шығар. Жаңа бас жағындағы шумақтардың бірінде папам «Екі ағайын ұрысса сен деседі» деп еді ғой. Әкем орындаушы ғана. Біз сияқты тыңдарманға әнді жеткізуші. Бұл, әрине, Кененнің сөзі. Демек, Кенен Әзірбаев екі ағайынымен ұрсысып қалған болды ғой. Ол кісінің екі-ақ ағайыны бар ма екен. Басқа ешкімі жоқ шығар. Қандай қиын. Әй, бірақ, «Арып-ашып даладан келгеніңде» дейді, туған-туысқандары аз болса, Кенен арып-ашып, шаршап-шалдығып, жол жүріп, қыдырып қайдан келеді? Түу-у-у, миым ашып кетті! Папама қарасам, әннің ішіне еніп кеткені сонша, қасындағы бізді ұмытып кеткендей, аңыратып отыр:

«Сағындым-ау, Базарым мен Назарымды-ай,

Отбасында тарқады базарым-ай.

Өкпе-бауырым күйдіріп елжірейді,

Баласыз үй болмайды ажарың-ай».

Кенен Әзірбаевтың екі баласы да менің екі ағам Марат пен Самат құсап, қыдырып кетіп, әкесі Кененді сағындырып жүр екен-ау, ә. Бұл әнді папамның неге бастағанын енді түсінгендеймін. Марат пен Саматқа деген сағынышын осы Кененнің әнімен баспақшы екен ғой. Қой, папамды тыңдайыншы.

«Қойлар қандай, байқасаң қозы қандай,

Жаутаңдаған Базардың көзі қандай, ей, ақ ешкі.

Сүті қандай, байқасаң қаймақ қандай,

Балдай тәтті Назардың тілі қандай, ей, ақ ешкі».

Папамның осы шумақтарға келгенде мұңды даусында діріл пайда болды. Марат пен Самат ағаларымның сүйкімділігіне тілім жетпейді. Тү-у-уу, қашан келеді екен өздері! Сағынып кеттім. Өзегіме өксік кептелді.

«Сиқыр дүние, салдың күйге,

Омыраудан үзіліп түсті екі түйме, ей, ақ ешкі», – деген қайырмаға келгенде, үні құмыға шыққан әкемнің де кемсеңдеп отырғанын байқадым.

«Базарым-ай, Назарым-ай,

Қу шешектен болды-ау сенің ажалың-ай, ақ ешкі». Е-ее, бә-се-ее-е, Базар мен Назар екеуі бірдей өліп кеткен екен-ау. «Ажал» деген сөз сондай жағдайды меңземейді ме?

«Қарағым-ай, шырағым-ай,

Сендерді ойлап, өкпе-бауыр езілді ғой,.. игигай, игигай… – дей берген әкеме қосылып жылап жібердім.

Шошып кеткен Таняны елемей, папам мені құшақтай алып, шашымнан иіскеп, өксіді. Марат пен Самат ағама деген сағынышымыз ба, Кенен ақынның шешек ауруынан шетінеген Базар-Назар деген екі ұлына деген аянышымыз ба? Білмедім, бізді тежеп, тоқтатуға бата алмай, жалтақтаған Таняға ұяла күлімсіреген мамамның да мұрны пышылдап қалыпты. Көзінде – жас.

Әкемнің «папахасы»

Тамыз айының соңы. Оразкүл әжем, Күләш апам бізді өздеріне жақын тұстағы бір бос үйге көшіріп алған. ГРП-нің жота жақ беттегі ең шеткі көшесі. Қырдан асып қалаға қарай шығып кететін ауылдың күре тас жолы көрінетін жер. Басқа қазақтармен көп араласа бермейтін жалғызілікті Таня апайымыз бізден қол үзбей, келіп тұрады. Бұл жердегі көршілердің де өзіміз қатарлы балаларымен танысып, ойнап жүрміз. Әсіресе, сол жақтағы үйдің бізге қарайтын жапсарында тұратын қазақ көршілеріміз жақсы адамдар екен. Отағасы ауылдың орталығындағы Үшарал орта мектебінде математика, физика пәндерінен сабақ беретін Дәулет Аманов деген мұғалім. Бірнеше балалы ол ағайдың ең үлкені ұл, біздің Лора әпкем қатарлы. Ғалия, Әлия деген менімен шамалас қыздарымен дос боп алдым. Күз жақындап қалса да жердің ыстығы бетке ұратын кез. Ашық аспанда жарығын барынша төгіп, көз ашқызбай төбеден төне маужыратқан күнге қарап үлкендердің сағаттың қанша болғанын сұрамай есептеп біле беретін шағы. Ойынға қызыға беріліп кеткен екенмін, шарбақтан ауласы түгел анық көрінетін біздің үйдің есігінің алдынан алаулай көтерілген қызыл жалын отты байқап қалдым. Әйтеуір өрт емес екен. Өйткені қасында алаңсыз анам жүр. Лора әпкем екеуі кеше ғана ішін әктеп тазартып алған жаңа үйіміздің көрпе- төсегін жинап, заттарын жайғастырып жүрген-тін. Ал менің міндетім – Мұрат інімді әлдилеп, Арман ініме қарау.

Қыздармен ойынымды тоқтата салып, Мұратты көтеріп, Арманды ілестіре үйге келдім. Лора әпкем кір жуып, мамам дәу сандық ішіндегі әлденелерді алып- салып реттеп жатыр. Енді түсіндім. Әкемнің бума- бума қағаздары мен бір қора кітабын отқа тастапты. Әне бір шетте әлі қаншауы жатыр шашылып. Шаңқай түсте от үлкейіп кетпес үшін, аз-аздан тастап, жағып жатқаны. Оларды да өртеп тастамақ. Өкіріп жылап, бас салдым. Менен қорқып кеткен Муркам да, көзін алақ-жұлақ қаратқан Арман інішегім де бақырып, ауланы азан-қазан қылдық. Үшеуімізді жұбата алмай, құшақтаған шешем мен әпкем де қосыла жылады. Даусымызды естіп, жетіп келген көрші-қолаң үш бірдей жақынынан бір-ақ күнде ажырап, зар еңіреп қалған біздің жаралы жүрегіміздің дертіне ем таппай, қайғымызға ортақтасып, кешке дейін қасымызда болды. Далаға алаша төселіп, самаурынға шай қойылды. Бірі кесе-шәйнек, ыдыс-аяғын тасып, бірі күбісінен жаңа түскен майы мен жұмсақ құртын әкеліп, дастарқан бетін көл-көсір тағамға толтырып, жайнатып жіберген. Күләш апам құдасы Медет жәкемізді алғызып, Құран оқытты…

Сөйтіп, не керек, менің арқамда әкемнің біраз заттары отқа өртелмей, аман қалды. Бірақ, анашым әкем марқұм мен Марат-Саматтың бірталай киім- кешектерін жақын-жуықтарға киюге таратып беріп жатқанда жүрегім жұлынғандай күй кешкен мен байғұс ештеңе істей алмадым. «Солай ету керек» деп Медет жәкеміз айтты. Бар болғаны, папамның қалың бас киімін қойныма тығып, аяулы әкешімнің сіңген терін иіскеп егіле бердім. Папамның «папахасы». «Папаха» деп аталатын жылы жүнді бас киім. Қақаған қыста үстінен тастамайтын қара тонына әкешімнің басындағы осы қоңыр түсті папахасы сұмдық жарасатын. Әкемнің папахасын шешем де қимады- ау деймін, бас киім бермейтін бір ырымға сүйенген болып, өзімізге алып қалды. Әкемді сағынып, еске алған сайын шифонердің жоғары жағында ораулы тұрған осы папахасын алып иіскесем, мауқым басылғандай болады. Мауқың қайдан басылсын. Тер сіңген таныс иіс жаныңа жұпарын таратып, бас киімнің егесін тірі кездердегідей сезіндіреді. Көзімді тарс жұмып, әкемнің аяулы бейнесін елестетем. Тірі екен деп қалам. Әне, кетіп барады. Мені алдап тастап кетіп барады. Луговойдан Марат пен Саматты алып келуге кетіп барады. Мені де алып барса болады ғой. Екеуміз Марат пен Саматты бірге ала келер едік. Па- па-а-а! Тоқта-а-а-а! Тоқтасаңызшы-ы-ы! Тоқтаңыз- шы-ы! Мені ешқашан қасыңыздан қалдырмаушы едіңіз ғой. Бұ жолы неге қалдырып барасыз. Па-па-а, тоқтаңызшы! Неге маған қарамай кетіп барасыз?!. Па-а-а-па-а! Мені неге тастап барасыз. Мені, мына сүйікті Әлләңізді қалай тастап барасыз! Әкетайым-ау, мені неге тастап кеттіңіз? Бізді неге тастап кеттіңіз, жан-папам-ау! Бізді, мамамды, Лораны, мені, Армантай мен Мурканы – бәрімізді қалай қиып тастап кеттіңіз, жан-әкем-ау! Марат пен Самат үшеуіңіз біздің бәрімізді қалай қиып тастап кеттіңіздер? Біз сіздерді қалай сағынбаймыз енді?! Сіздерді қалай ұмытпақпыз, әкетай!..

…Көз ұшындағы кішкентай нүктеге айналған жан- әкемді егіле жоқтап отырғанымды көрген анашым бұл жолы босаңдық танытқан жоқ. Бетімді көйлегінің сыртымен сүртіп, басымды кеудесіне үнсіз басқан ол әкемнің папахасын шифонерге енді қоймайтын боп шешкен сыңайлы. «Оңай жерде тұрса, күнде алып ұстап, кірлетіп, тез тоздырып қоярсыңдар» деді. Мені алдаусыратқан түрі. Медет жәкем айтқан. Өлген кісінің заттары үнемі көз алдында тұрса, тірі адам құсадан ауруға ұшырауы мүмкін деп.

Ықтияттап мұқият оралған әкемнің папахасын анам өзінің артынан келген дәу сандықтың түбіне салды. Іші тола ол сандықтың аузында кілттенбейтін құлып тұрғанмен, бетіне газет төселіп, үстіне бөлменің төбесіне дейін жетіп қалатын көрпе- төсектердің жүгі жиналады. Анда-санда күннің көзіне жаю үшін құрақ көрпеше, көрпе-төсектерді далаға шығарғанда, ішіндегі қыстық-жаздық киімдер қажет боп алынбаса, сандықтың аузы бейуақ ашыла бермейді.

Өзі бұ дүниеден кеткелі ұстап көргім келетін де тұратын әкешімнің бас киіміне енді осылай, мүлдем қолым жетпей қалды.

Үміт Битенова,

Қазақстан Жазушылар Одағаның мүшесі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support