- Advertisement -

Жасөспірімдер қылмысы 153-тен 109 дерекке төмендеді

66

- Advertisement -

«Қызға қырық үйден тыйым» деген тәмсілді ұстанатын халқымыз бүгінде қыздардың тәрбиесінде біршама осалдық танытып алғаны жасырын емес. Мәселен, өткен жылы өңірде кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүктілік көрсеткіші көбейген. Олардың қатарында 15-16 жастағы қыздар да бар. Бір алаңдатарлығы жасына жетпей жүкті болғандардың қайда білім алатыны, немесе үйде отырғаны, қайсысының ата-анасынан бөлек тұратыны, кімнің ерте бастан отау құрғаны белгісіз.

Былтыр кәмелет жасына толмағандарға қатысты жыныстық қарым-қатынас бойынша қылмыстық сипаттағы сотқа жолданған 37 істің 21-і 16 жасқа толмаған қыздардың құқығын қорғауға арналғаны, от басқандардың кейбірі орта мектепте оқып жүруі де мүмкін екенін білдіреді. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында айтылды. Жиында аталған комиссия хатшысы Бахыт Жақсылықова қылмыс жасаған балалардың ата-аналарының жауапкершіліктерін комиссия отырысында қарау, тәлімгерлер бекіту, арнайы секцияларға жазу, бақылауға алу ісі бірқатар аудандарда орындалмай отырғанын алға тартты.

– Өткен жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 153-тен 109 дерекке дейін төмендеді. Алайда ауыр қылмыстар дерегі бойынша 33-тен 51-ге, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 5-тен 8-ге, бұзақылықтың 16-дан 17-ге өсу дерегі тіркелді. Ауыр дене жарақатын салу бойынша Тараз қаласында 4 оқиға, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарында 1 деректен тіркелсе, тонау дерегі Шу ауданында, бұзақылық Т.Рысқұлов ауданында орын алды. Қылмыс жасаған мектеп оқушыларының саны 58-ден 49-ға, колледж студенттері 85-тен 32-ге кеміп отырғанымен, қылмыс жасайтындардың дені 9-сыныпты бітіріп, түрлі себеппен ары қарай оқымаған, жұмыссыз жүрген кәмелет жасқа толмағандар, – деді Б.Жақсылықова.

Бұдан бөлек, жасөспірімдермен жұмыс істейтін комиссия хатшысы облыс мектептерінде жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспекторлардың жетіспеушілігін сөз ете отырып, ерте жүктілікпен денсаулық сақтау мекемелеріне қайырылған қыздардың мәліметтері толық жинақталмай отырғанын айтты. Сондай-ақ Бахыт Жақсылықова басқада да өткір мәселелерді қозғап, олқылыққа жол берген аудандарды атап өтті.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Бахыт Жақсылықованың мәселеге талдауды жақсы жасағанымен, тапсырманың орындалуын жауапты мамандардан талап етпеуін, өз жұмысынан нәтиже шығармағандар жөнінде әлі күнге бірде-бір қызметтік хат жолдамағанын сынға алды. Бұдан кейін баяндама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың да жұмысын сын тезіне алды.

– Былтыр орта білім беретін мекемелер мен колледж студенттері негізінен онлайн форматта білім алды. Соның өзінде кәмелет жасқа толмағандардың жүкті болуы тыйылмай отыр. Білім басқармасы берген мәлімет бойынша соның үшеуі мектеп оқушысы. Бірақ бұл мәлімет күмәнді. Өйткені сіздер болған істен бас алып қашу үшін түрлі қитұрқы амал жасап жүрсіздер. Соның бірі – жүкті болған оқушы не студентті білім мекемесіне келтірмеу, оқудан шығарып жіберу. Бұл жерде бас сауғалау емес, адам тағдырына алаңдауымыз керек. Қайта мұндай жағдайға тап болған жасөспірімдерге психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп, ата-анасымен байланыс орнатып, оқушының сабағын жалғастыруға ықпал етуіміз керек, – деді Ержан Жұматұлы.

Былтыр бірқатар аудандарда комиссияның көшпелі отырыстары өтіп, онда жауапты мамандарға кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа түсуі мен қыздардың ерте жүктілігінің алдын алу және басқа да бала құқығына қатысты бірқатар тапсырмалар берілген екен. Басқосу барысында Ержан Жұматұлы онлайн байланыс арқылы көрсеткіші кері кеткен, жұмыс нәтижесі төмен бірқатар аудандардың тиісті қызметкерлерінен жауап алып, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Берік Бегалиевтің, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзовтің, Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевтың, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің есебін тыңдады. Сонымен қатар Е.Жылқыбаев Тараз қаласы бойынша 75 қауіпті мекен-жай бар екенін, ондай жерде кәмелетке толмағандардың жиі шоғырланатынына назар аударды.

Өткен жылы өңірде 109 қылмыс тіркелсе, оның 76-сы облыс орталығында орын алғанын айта келіп, мәселенің мәнісін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтан сұрады. Жиын соңында профилактикалық шаралардың тиісті дәрежеде атқарылмауын алға тарта отырып, жауаптыларға білім мекемелеріндегі ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру, кәмелеттік жасқа толмай оқуды тастап кеткен балаларды білім мекемесіне қайтару, бала еңбегінің заңдылықтары мен олардың қауіпсіздігін сақтау, ата-анаға баланың жауапкершілігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Бұған дейін берілген хаттамалық тапсырмаларды орындамағандардың мәселесі алдағы уақытта қатаң қаралып, қажет болса шара қолданылатынын ескертті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support