- Advertisement -

«Айтысқа деген құрмет негізінде, Жамбылды құрметтеуден басталады»

178

- Advertisement -

Жыр алыбы, туған халқымен бірге сан түрлі кезеңдерді бастан өткерген Жамбыл Жабаевтың 13 жасынан жүрегінен өлең төгіліп, айтыс додасында танылып, жүрегі жүз жыл бойы жыр деп соққаны белгілі. Ғасыр жасап, феномен атанған қазақ ақсақалының 90 жаста Мәскеу төрінде суырып салмалық өлеңмен бақытты заманның кейпін төгілте жырлағаны талай елдің таңдайын қақтырған, аңызға айналып кеткен жағдай.

Есімі аңызға айналған соң, Жамбылдың қайда туғаны, қайда өскені, араласқан ортасы, Кеңес Одағы орнағаннан кейінгі елдің жақсы тұрмысын жырлауы, соғыс жылдарындағы толғанысы, жан күйзелісі бәрі-бәрі елдің назарында болуы заңдылық. Жыр алыбының біздің өңірдің топырағында, Мойынқұм ауданындағы Байғара, Жамбыл тауларының етегінде өмірге келгені – жамбылдықтар үшін мақтаныш. Байғара, Жамбыл деген азаматтар заманында ауыл-аймағын билеген, жаугершілік кезеңде көзге түскен, жұртқа сөзі өткен, беделді кісілер болған. Сол төңіректегі тауға есімдері берілуі бекер болмаса керек. Міне, осы таулардың етегінде бірнеше жылдан соң шыр етіп, Жамбыл ақын өмірге келеді. Ол туралы ақын өзінің «Менің өмірім» атты өлеңінде:

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрейлі, найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан, – дейді.

Осы бір шумақ өлеңнен де Жамбылдың бала күнінен нені көріп өскенін, халықтың басына түскен жағдайларға бейжай қарамағанын, жүрегі әділдікті жақтағанын байқауға болады. Одан әрі ақын:

Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан қанды жасты жанды көрдім.

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудың зарды көрдім.

Қойшымен кеңес құрдым қыр басында,

Өлеңмен ермек болдым жолдасыма.

Сол еңбек қалытқыдай кетті алып,

Байлардың жақындатпай мырзасына.

Өлеңді өркендеттім, өршіп өстім,

Көргенде жақсы жырды құстай ұштым.

«Жас ақын», «Жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын»,

Дегенде дара болып көзге түстім, – дейді.

Осы жыр жолдарынан ақынның бала күнінен зарлаған халықтың жоқтаушысы, жақтаушысы болғанын, қарапайым адамдарды дос тұтқанын, Құдайдың берген ақындық талантын елдің сөзін сөйлеуге жастай бағыттағанын байқауға болады.

Жамбыл мен Құлманбеттің айтысы барша қазаққа тарап, сол заманда да, қазір де үлкен қызығушылық тудырып отырғаны белгілі. Мен осы айтыстан аз ғана үзінді келтіре кетпекшімін. Мәселен, Құлманбеттің:

Айтасың, Шапырашты ерлігіңді,

Шыр айнала соқтырдым белдігімді.

Селтеңдеген серкенің ажалы деп,

Сұраншы сарттан өлген Сайрамдағы.

Ерлікпен тапқан олжаң, пайдаңдағы.

Қамалға қан тартқан соң қойып кетіп,

Шашылып қалған екен саймандары, – деп екпіндейтіні бар емес пе?

Сонда Жамбыл:

Оның рас, таз Құлманбет –

Сұраншы, Сауырықпен жаудан өлген,

Халық үшін шейіт болып жанын берген.

Елді қорғап өлгеннің арманы не?

Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.

Қазылық қып кетіп пе еді Мақсұт ағаң,

Шытыр жеген түйедей көні кеуіп,

Бір сайда іріп-шіріп аунап өлген.

Құлманбет, Суанды алдың Албанменен,

Бай болмадың, Албанды алғанменен.

Байқұс-ай, қай жерімен мақтанасың,

Есің жоқ, шашың жұртта қалғанменен, – деп өлеңін шабыттана төгіп-төгіп жіберіп, сөзден ұстап, мерейі өсетінін білеміз.

«Жамбылдың жеңіп бәйге алған жері,

Жеңіліп Құлманбеттің қалған жері…» – деген өлең жолдары міне, осы кезде айтылғаны белгілі.

Жыр алыбын ардақтау біздің өңірде де жоғары деңгейде деп айта аламыз. Әр жылдары жыр Жамбылға арналған айтыстар өтіп, «Жамбыл менің – жай атым, халық менің – шын атым» атты республикалық айтыстың (аудандық, облыстық іріктеу кезеңдерімен қоса) үш жылдан бері дәстүрлі жалғасып келе жатқанына айтыссүйер қалың көпшілік куә. Бұл игі іс-шараның алтын жібі үзілмей, жалғасын таба береріне сенімдіміз. Себебі, облыс Жамбыл атымен аталған соң, жыр алыбы өмірге келген өңір болғаннан кейін, Әулиеата топырағының айтыскерлері қашанда қырандай қанат жайып, абырой биігінде жүруі қажет. «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде жыр алыбының жас кезіндегі образын өз деңгейінде сомдап берген, айтыстың дара жұлдызы Мұхамеджан Тазабековтың:

Киесіз де, иесіз жер болмаған,

Қашанда елдің жайын ер қолдаған.

Жамбылдың жазған өршіл өлеңдері,

Майданда жұртпен бірге ел қорғаған.

Ленинградқа жолдаған бір өлеңі,

Бір дивизия күшінен кем болмаған, – деп Жамбыл ақынның отты жырларына дәл баға берген деп бағалаймыз.

Енді түрлі айтыстарда өңір айтыскерлерінің Жамбыл жайлы айтқан өлең шумақтарына тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының жүйрігі Асхат Қылышбек бір айтысында:

Толғағанда жыр Жамбыл,

Өлеңнен нөсер жауғандай,

Басын иіп Алатау,

Ыстықкөл тына қалғандай.

Сүйінбайдан бата алған,

Тілі де өткір қанжардай,

Өлеңге болды пір Жамбыл,

Жылқының пірі Қамбардай, – деп жыр алыбы жайлы төгілтіп жырлайды.

Ал байзақтық Дидар Басықараев болса:

Өлеңді бауырынан жарататын,

Жаһанды ауызына қарататын.

Бағалы бапты жырмен толғап-толғап,

Талайға тигізіпті шарапатын.

Сталиннің алдында тіке сөйлеп,

Көрсеткен шабытының алапатын, – деп аңыз бабасы жайлы толғанады.

Меркілік Мейіржан Жекебаев деген айтыскер:

Аралап бар әлемді даңқы кеткен,

Халқын ойлап, әр сөзін алтын еткен.

Айтысып заманында кіл жүйрікпен,

Үздік боп, елдің сөзін айтып өткен.

Ғасырды өзі жасап, көп толғанып,

Асыл сөзі жер жүзін шарпып өткен, – деп ойлы өлеңімен жыр алыбына деген құрметін байқатады.

Ал жуалылық жас айтыскер Дидар Апбасов айтыстың алыбы Жамбыл бабасына деген құрметін:

Жәкемнің әрбір сөзі нақыл екен,

Өнеге, тағылым мен ақыл екен.

Жыр Жамбыл айтыс атты қараша үйдің,

Төбесіне жабылған шатыр екен.

КСРО кезінде кей намазын,

Кремльде оқыған батыр екен.

Жамбыл тауда туылған жыр алыбын,

Жердің жүзі мойындап жатыр екен, – деп білдіреді.

«Атыңнан айналайын Әулиеата, Атыңды мен алды деп болма қапа», – деп жырлаған жыр Жамбылға біздің өңір айтыскерлерінің құрметі ерекше. Алдыңғы толқын ағамыз Айтмұханбет Исақов: «Жамбыл – баршамыздың рухани ұстазымыз. Менің Жамбыл ауданы, бұрынғы Жамбыл ауылы, Жамбыл көшесінде тұруым бекер емес» деп толғанса, мұндай құрметті Алтынкүл Қасымбекова, Ахметжан Өзбеков, Ербол Қамбатыров, Күміскүл Сәрсенбаева, Алик Бекмұсаевтардың жырларынан да, сөздерінен де аңғаруға болады. 2019 жылы Тараз қаласында өткен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық айтысында бас жүлдені иеленген жуалылық Қанат Мырзаханды Жамбылдың бүгінгі ізбасары деп айтсақ артық болмас. Қанатпен қатарласып, қапталдасып шауып келе жатқан, ре спублика лық айтыст ардың жеңімпаз-жүлдегерлері Әсет Дүйсебаев, Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрмановты да Жамбылдың жалғасы деп айта аламыз.

Байзақтық айтыскер ақын Аида Будеева болса, өзінің көңіл-күйін, жыр алыбына деген құрметін:

Жамбылым нар тұлғамыз асқаралы,

Есімінен жүз ақын жасқанады.

Елдің сөзін сөйлеген, мақұлданған,

Жыр Жамбыл заманының жақсы адамы.

Айтысқа деген құрмет негізінде,

Жамбылды құрметтеуден басталады, – деп ағынан жарылып толғанады. Біз Аиданың бұл шумағын бұл күнде өңірімізде айтыс додасына түсіп, үздік өлеңдерімен көрініп жүрген Айым Көшербай, Шапағат Сәбитқызы секілді сіңлілерінің де жүрек лүпілі деп бағалаймыз.

Барша қазаққа айбар болған, айтыстың қайталанбас жарық жұлдызы, алдаспаны саналған Жамбыл Жабаевтың рухани кемел болмысы зау биікте, Алатаудың ұшар басында тұр. Жыр алыбының жанында заманында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков жүргенін, сол әдебиет алыптарының Жамбылдың аузынан төгілген өлең маржандарын кейінгі буынға қалсын деп өз аузынан жазып алғанын ұлттық өнерге деген адалдық деп тануға болады. Жамбылдың адамды, талантты танығаны өз алдына бір бөлек. Кенен Әзірбаевқа тәнті болып, өзіне шәкірт санауы, көрмей қалса Кененді іздеп тұруы неткен жарасымдылық десеңізші. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков те «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында Жамбыл Жабаевтың айтыскерлік тереңдігін, ақындық қайталанбас болмысын жүрекпен толғанып, жақсы жазады.

Жыр алыбына деген құрмет қазақ даласында ешқашан толастамайтыны анық. Соның бастауында Әулиеата топырағы, Жамбыл өңірі тұрғаны жөн. Жамбыл Жабаевқа арналып біздің өңірлер өткізетін іс-шаралар, әсіресе айтыстар өзге өңірлерге қарағанда көбірек және сапалы болуы керек деп есептеймін.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support