- Advertisement -

Жаңатұрмыста жүйелі жұмыстар жетерлік

85

- Advertisement -

Кеше облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Асқар Прмановтың есеп беру кездесуіне қатысты. Ауыл әкімінің айтуынша, онда «Еңбек» бағдарламасы аясында 18 азамат грант ұтып алып, 9,6 млн. теңге еншілесе, 13 адам несиеге құжат тапсырып, 47,1 млн. теңге алыпты. Ауылдық округте 196 ұсақ шаруа қожалық тіркелген. 122 шаруа қожалыққа 252,5 млн. теңге көлемінде мемлекеттен субсидия берілді.

«Біздің елді мекендердің тұрғындары «Сыбаға» бағдарламасына да өтінім тастап, осы құжат аясында жүз шақты қой алды. Өзге де кәсіпкерлеріміз мемлекет жәрдемімен тірліктерін дөңгелетіп отыр. Әлеуметтік салаға келсек, былтыр тұрмысы төмен 55 отбасы Атаулы әлеуметтік көмекке ие болып, 18 млн. теңгеден астам қаражат тағайындалды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет те осынша шаңыраққа берілді. Мүгедек балаларды үйде оқытып жатқан 4 ата-ана, аз қамтылған отбасылар, әлеуметтік мәні бар науқастар да түрлі жәрдемақылар алып, тұрмыстарын оңдап жатыр», –  деген А.Прманов «Асарлатып үй салу» жобасымен де көпбалалы отбасының кең баспанаға ие болғанын әңгімеледі.

«Жол картасы – 2020»  бағдарламасымен 7 жобаға 619,8 млн. тенге бөлініп, инженерлік инфрақұрылым саласына жұмсалған екен.

Ержан Жұматұлы сапары барысында Жамбыл ауданына барып, Қарой ауылдық округінің әкімі Төрехан Табжановтың халықпен кездесуіне қатысты. Онда да атқарылған шаруалар аз емес. 6500-ден астам халық тұратын елді мекендерде тұрғындар мал, егін шаруашылықтарын ілгерілетуде.

«Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын сезініп жатқандар да аз емес. Ауызсу жүргізілген, газ желісі тартылған, 6 көшеге түнгі мезгілге жарық жүргізілген. Пригородное ауылында жедел жәрдем көлігімен қамтылған 2 медициналық-санитариялық орталық бар»,  –  деп атап өтті ауылдық аймақ басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өз сөзінде өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қыруар қаржы бөлініп, облыс әкімінің бастамасымен көптеген тірліктер атқарылғанын тілге тиек етті. Бұл бағдарламаның шарапатын тұрғындар молынан көрді. Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болып отыр.

Қазір ауыл тұрғындарының санасы, мәдениеті өскен. Бұрын осындай жиында сұрақ қоюшылар көбінесе жеке бастарының мәселесін көтеретін болса, қазір негізінен ауылдың, көпшіліктің проблемаларын айтады. Ауыл тұрғындары көбінесе жол, ағын су мәселелерін көтерді. Үлкен өзендер көрші қырғыз елінен басталатындықтан науқан кезінде су тапшылығы қатты сезіледі.

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы тойланады. Республикада ақын есімін иеленіп отырған жалғыз облыс болғандықтан бұл мерейтойдың біздің өңір үшін орны бөлек.  Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты көптеген игі істер қолға алынып, берекелі тірліктер жалғасын табатын болады.

Кездесулерде тұрғындардың мәселелері де сөз болды. Олар негізінен коммуналдық шаруашылыққа – ауызсу, жол, жарық проблемаларын ортаға салды. Денсаулық сақтау саласының түйінді дүниелері де айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев мұның бәрі хаттамаға толтырылып, шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Асхат Райқұл

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support