- Advertisement -

Келер күніміз бұдан да жарқын болады

66

- Advertisement -

Қордай ауданы – қасиет дарып, құт қонған өлке. Қоңыржай белдеудегі мамыражай аймақта халықтың тығыз орналасқандығы, Оңтүстік астанаға және көршілес Қырғыз Республикасына жақын жатқандығы және басқа да факторлар ауданға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші орындардың бірінен көрінуге мүмкіндік берді. Бұған ауданда саны бойынша екінші орын алатын дүнген ұлтының өкілдері де көп ықпал етті. Олардың еңбекқор және мейірімді екені рас. Ауылдарды аралап жүріп, дүнгендердің қайда тұратынын бірден анықтауға болады.

Бұрын біздің отбасымыз Қордайға жиі баратын, ол кезде Георгиевка деп аталатын. Әсіресе ауданды Өмірбек Байгелді басқарған жылдары жиі жолымыз түсетін. Он жылдай сол жерде өмір сүрген атақты ақын және жырау Кенен Әзірбаевпен жақын араласып, қырғыздың әйгілі эпосы «Манастың» 1000 жылдығына арналған мерейтойлық салтанатты іс-шараға да қатыстым. Осы жерде туған қазақтың дарабоз батырларының бірі Өтеген Абылай ханның жақын серігі болған. Өтеген батырдан қалған құнды жәдігерлердің бірі Қордайдағы ұрпақтарында сақталған. Уақытында дүнген бауырлармен жиі сөйлесуге тура келді. Олар бізге, дала қазақтарына қарағанда диқаншылыққа мығым. Жердің әрбір бөлігін бағалайды. Талмай тер төгеді. Кейде тек өздеріне мәлім әдістермен ғана жерді өңдейді. Бір таңғаларлығы, кез келген жерден жақсы өнім жинап алады.

Жамбыл облысындағы дүнгендер Қордайдан бөлек, Тараз қаласының іргесіндегі Жалпақтөбе ауылында да тұрады.

Аталмыш ауыл «Дунгановка» деп аталған сол алыс жылдары біздің әпкелеріміздің бірі дүнген азаматына тұрмысқа шыққаны есімде. Жездеміздің есімі Жүсіп болатын. Демалыс күндері оларға барып, дәмді дүнген кеспесін, лағман, салаттарын жеуге құмар едік. Көкөніс, жеміс, аскөктің көптігіне таңданатынбыз. Кейін сол Жүсіп жездеміз аптап ыстық әрі құрғақ Талас ауданына жиі атбасын бұра бастады. Қауын, қияр, қызанақ және өзге де бақша өнімдерін өсірді. Оның қолы тигеннің барлығы кереметтей жайқалып, гүлденді. Ол бақша өнімдерін өсірудің барлық құпияларымен бөлісті. Ол кезде адамдардың достық қарым-қатынасы берік болатын. Жер-жаһанда қазақтан асқан қонақжай халық бар ма, жоқ па білмеймін. Өйткені біз кімге құшақ жаймадық? Кіммен бірге нанның соңғы үзімін бөліп жеп, құртымызды кімге ұсынбадық десеңізші! Олардың қат арында шешендер, күрдтер, кәрістер, түріктер, немістер секілді өзге де көптеген ұлттар бар.

Соғыс жылдарында біздің бір бөлмелі үйімізге неміс Лидия Брэдгауэрдің отбасы қалай қоныстанғаны әлі есімде. Оның екі баласы бар болатын. Үлкені Андрей менен үлкен болса, кішісі Яша менімен құрдас еді. Асық ойнап, бірге өстік. Олар қазақ тілінде бізден кем сөйлемейтін. Солай үйренді. Кейін ол отбасы Германияға көшіп кетсе де, әлденеше мәрте Қызыләуітке атбасын бұрып тұрды. Бүкіл ауыл болып оларды қарсы алып жүрдік. Ол кезде ұлттар достығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде осылай көрініс табатын.

Қазір Қазақстан қиын кезеңді бастан кешуде. Қазақтың байырғы жерлеріне Александр Солженицынның қалай қол сұққаны естен кетпейді. Енді міне, кейбір ресейлік депутаттар жалған әңгіме айтып жүр. Біз Ұлы Дала жерін қазақтарға ешкімнің сыйламағанын, әр метрін батырларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғағанын қаперден шығармауға тиіспіз. Осы жеріміз үшін батырларымыз басын бәйгеге тіккенін ұмытпайық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында жиі жүру бақытына ие болдым. Сол кезде әлемдік қауымдастықтың ел тәуелсіздігін қалай мойындағанын, Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің ертеңі үшін қалай уайымдағанын көрдім.

Біз көптеген сынақтардан мүдірмей өттік. Келер күніміз бұдан да жарқын болатынына сенемін. Қазақ халқы елімізде тұрып жатқан ешқандай этнос өкілдерін бөліп жармайды. Бәрін сыйлайды. Қордай оқиғасы түрлі жағдайлардың қайғылы жиынтығы болған шығар. Балаларымыз бен немерелеріміздің, жаңа толқын жастардың жарқын болашағы үшін біз түрлі арандатушылықтарға енді ешқашан жол бермеуіміз керек. Ортақ Отанымызда достық туын ту етіп ғұмыр кешуге тиіспіз. Ал Қордай оқиғасы бізге өмір сабағы болғаны жөн.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, облыстың Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support