- Advertisement -

Қаратаудағы «МОBILDI KITAPHANA»

133

- Advertisement -

 Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңызын бүкіл қоғам терең түсініп, еліміздің рухани тәуелсіздігін нығайтатын стратегиялық құжатқа балап отыр. «Жаһандану жағдайында өзіміздің мемлекеттілігімізді, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қалай сақтап қаламыз» деген мәселе әрбір азаматты толғандыратыны сөзсіз екені анық.

Елбасы аталған мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Жобаның басты мақсаты – келер ұрпақты ұлттық жаңғыруға дайындау, бәсекеге қабілетті жасты қалыптастыру. Сондықтан таяу жылда қойылған міндеттің бірі – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.   Осы жоба арқылы әлемдегі таңдаулы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқу үрдісіне енгізеді. Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық, 2019-2020 жылдары жобаның үшінші және төртінші кезеңіне таңдалған 53 оқулық аударылды.

Осы ретте Қаратау қаласында «Кітап – руханият кепілі» атты жоба қолға алынды. Жоба аясында өткен жылы адам көп шоғырланатын орындарға, колледждерге, аудандық орталық кітапхана мен білім  орталықтарына QR коды бар баннерлер ілінген болатын. Сол істің жалғасы ретінде жақында аудан орталығы – Қаратау қаласындағы Орталық саябаққа аударылған кітаптардың электронды нұсқасы қойылды.

– «Моbildi kitaphana»-дан кітаптарды әдеттегідей кез келген оқырман QR код арқылы жүктеп, оқи алады. Бұл ауданымыздың білімгерлері мен жастарына білімін шыңдауға зор мүмкіндік деп білемін. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарымызды  рухани баюға шақырамын», — дейді аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің менеджері Сана Оралова.

Айта кету керек, жобаны дайындап әзірлеген аудандық кітапхана ұжымы, ал оны жүзеге асырған аудандық ішкі саясат бөлімі мен Қаратау қаласының әкімдігі екен.

– Жобамыздың іске асып, оқырмандарымызға жол тартқанына қуаныштымыз. Кітап сүйер қауымның әдебиетке деген қызығушылығын арттыра отырып, шығармашылық қабілеті шыңдалған жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «Кітап – руханият кепілі» атты жоба жүйелі де жарқын, келер ұрпаққа берері мол игілікті істердің бірі болары айқын. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген еді жазушы Ғ. Мүсірепов. Биылғы жылды «Балалар кітап оқу жылы» деп атауы да тамаша бастама болып отыр. Жобаны жарыққа шығарып жүзеге асырған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне алғысымыз шексіз», — дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Жұмабекова.

 

Жүрсінгүл Жақып

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support