Жаңалықтар

Ақпанда вакцинациялау басталады

Ақпанда вакцинациялау басталады

2020 жылдың желтоқсан айында Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы анықталып, 21 желтоқсанда Австрия, Бельгия, Германия, Израиль, Үндістан, Ирландия, Италия, Канада, Нидерланд, Польша, Франция, Чехия, Швейцария мен тағы бірнеше ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтататынын хабарлады. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаңа штамм бұған дейін әлемдік пандемияға себеп болған Covid-19 коронавирусымен салыстырғанда 70 пайызға жұқпалы деп мәлімдеді. Бұл жай сәйкестік пе, әлде жайсыз оқиғалардың циклді қайталануы ма, кім білсін?! Бірақ, коронавирустың таралуына шектеу шаралары да тұсау сала алмайтынына көптің көзі жете түскен секілді. Әлем елдерінің ендігі үміті – ковидқа қарсы вакцинада болып тұр. Өйткені, дүниежүзіндегі эпидемиологиялық ахуал аса мәз емес. Мәселен, əлемнің 220 елінде КВИ-дің 95 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Қайтыс болғандардың саны 2 миллионнан асады. Осылайша, жаһандық өлім көрсеткіші 2,1 пайызға жетіп отыр. Америка, Тынық мұхиттың батыс бөлігі жəне Африка елдерінде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны ұдайы өсіп отыр. Еуропа жəне Шығыс Жерорта теңізі өңірлерінде де осыған ұқсас жағдай. Сырқаттану көрсеткіші Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ғана аздап төмендеген. Тəуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Италия, Франция, Біріккен Араб Əмірліктері сияқты елдер бар. Оңтүстік Корея мен Сингапур ғана «жасыл аймақта». Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне сүйенсек, біздің ел індеттің таралу деңгейі бойынша Түркия сияқты «сары аймаққа» енген.

Еліміз әлемдік картада «сары аймақта»

Коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші бойынша әлемдік картада еліміз сары аймаққа енді, ал өңірлердегі жағдай қандай? Covid-19 таралу қарқыны үдеген 6 өңір «қызыл аймаққа» енген. Аурушаңдық деңгейіне қатысты «түсі» өзгерген Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында қазір карантиндік шектеу шаралары күшейе түскен. Тіпті, «сары аймақтағы» – Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында талаптар қатаңдатылып жатыр. Жалпы республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрап отыр. Инфекциялық төсек орындардың жүктемесі – 32 пайыз, реанимациялық төсек орындар – 23 пайыз. Пандемия басталғаннан бері елімізде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны – 171 мыңнан асып кетті. Одан басқа ПТР сараптамасы теріс нәтиже көрсеткен КВИ жағдайлары, яғни пневмонияға шалдыққандардың өзі 47 мыңға жақындап қалды. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 17 қаңтар күнгі сырқаттанушылық көрсеткіші 1 мыңға жуықтаған. Жалпы алғанда, республика бойынша өткен жылдың қараша айынан бері қарай КВИ-мен сырқаттанудың өсуі байқалады. Қазанмен салыстырғанда қарашада көрсеткіш –  4,5 есеге артқан. Ал қараша мен желтоқсанның салыстырмалы деңгейі 1,2 есе өскен. «Бірқалыпты өсу үрдісі қаңтар айында да сақталып отыр. Бұл – желтоқсан мен қаңтар айларында ұзақ мереке күндері халықтың барлық профилактика шараларын сақтамауының салдары. Мəселен, қаңтардың 19 күні ішінде КВИ-дің 14 625 жағдайы тіркелді. Сырқаттанудың өсуі Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірде байқалады», - деді Алексей Цой жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында. Біздің өңірдегі эпидемиологиялық жағдай да аса мәз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, соңғы апта ішінде облыста КВИ-дың 132 жағдайы тіркелген. Ал апталық өсім 2,6 пайызға жетіп отыр. 3 аумақта аурушаңдық көрсеткіші ең көп тіркелген. Атап айтсақ, Тараз қаласында – 85 жағдай анықталып отыр. Бұл дегеніміз – өсім 3,5 пайызды құрайды деген сөз. Жамбыл ауданында 9 (өсім 3,4 пайыз) және Т.Рысқұлов ауданында – 7 (өсім 3,9 пайыз) тұрғын індетке шалдыққан. Қалған аудандардағы жағдай қалыпты.

Ковидің алдын алудың жолы тек, екпе егу ме?

            Көбіне-көп әлеуметтік мәні бар аурулар қатарына жұқпалы індеттер жатқызылатыны белгілі. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, мұндай дерттің түрлері қоғамға қауіп төндіреді. Кезінде барша елді алаңдатқан қызылша, қызамық, туберкулез, гепатит тағы басқа да дерттеріне қарсы вакцина шығарылып, екпе егу науқанға айналғалы бері түрлі жұқпалы аурулардың таралуы бәсеңдеді дейді мамандар. Ал екпеге қарсы елеулі топтың айтар уәжі басқа. Мәселен, кейбір дерек көздерінде: «1963 жылы қызылшаға қарсы алғашқы вакцина шыққанға дейін бұл аурудан болатын өлім саны азая бастаған еді», деп жазады. Қызылшаның таралуы және одан болатын өлім-жітім деңгейін саралап көргендер АҚШ-та 40 жыл ішінде бұл көрсеткіш 2 есеге кемігені туралы дерек көрсеткен. Осындай мәліметтерді алға тартатын вакцинаға қарсы топ коронавирусқа қарсы екпені міндеттеудің еш қажеті жоғын айтады. Кейбіреулер ковид індеті де уақыт өте келе тоқтайды деп есептейді. Бірақ бұл уәждің дәл қазір ғылыми негізі жоқ екенін де ескерген жөн. Екпені салғызу-салғызбау әркімнің өз еркі ғой, әрине. Әйтсе де, вирус жұқтырған жақындарының өмір мен өлім арасындағы жан арпалысын көргендер коронавирусқа қарсы 100 пайыз нәтиже көрсететін екпенің ертерек жасалғанын күтіп жүр. Басқасын былай қойғанда, індеттің таралуы күрт өсіп, карантиндік шектеулерден запы болғандардың да пікірі осындай. Сонымен, вакцинаға келгенде қоғамның пікірі екіге жарылып отырған жайы бар. Бірақ, қалай десек те, әлем елдері жаппай вакцинациялау мәселесін жиі-жиі көтеріп, бұған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп жатыр. Мысалға алсақ, Жапония вакцина шығару мәселесін былтыр жаз айларында-ақ мықтап қолға алған болатын. Осы мақсатта бюджеттен 1,3 миллиард доллар көлемінде қаражат бөліп, коронавирусқа қарсы вакцина егу процесіне 2021 жылдың басында кірісетінін мәлімдеп те қойған. Осы елдің Денсаулық сақтау министрі Кацунобу Като препаратты жасау және оны өндіріп шығару процесі қатар жүретінін айтқан. Ал 2020 жылдың соңында Ұлыбританияның Премьер-министр Борис Джонсон: «Енді біз мүмкіндігінше көп адамды және тезірек вакцинациялаймыз», - деп мәлімдегені белгілі. Оның Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы екпенің жасалуын британдық ғылымның жеңісі деп атағанын отандық БАҚ құралдары да жаппай жариялаған болатын. Осы елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок ВВС-ге берген сұхбатында вакцинаның мақұлдануын вируспен күрестің маңызды сәті екенін айтты. «2021 жыл үміт пен қалпына келтіру жылы болуы мүмкін. Өйткені біз пандемиядан қалай шығуға болатынын көріп отырмыз», - деп атап өтті. Алпауыт АҚШ-тағы коронавирусқа қарсы вакцинаның сынақ кезеңдеріндегі сәтсіздіктерден де көпшілік хабардар. Көрші Ресейдегі жасалып жатқан екпені сынақ кезеңдерінің қалай жүріп жатқанына да жұрт құлақ түріп, барлық жаңалықты қалт жібермей қарап отыр. Біздің елдегі QazCovid-in отандық вакцинасы да клиникалық сынақтардың III кезеңінен өтті. Мамандардың сөзіне сүйенсек, оның алдын ала тиімділігі – 96 пайызды көрсеткен. Бұған қоса, қазір Қазақстан  «Спутник V» екпесінің сапасын аттестаттау жұмыстары жүргізіп отырғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты GMP стандарты бар екпе шығаратын биофармзауыт салынып жатыр.

6 кезеңде жалпы 6 миллион адамға екпе салынады

– Вирустың мутацияға бейімділігін ескере отырып, министрлік тұрақты негізде Қазақстанда бөлінген вирус штаммдарына молекулалық-генетикалық секвенирлеу жүргізеді. Талдау көрсеткендей, зерттелген сынамалар генетикалық жағынан Германия, Испания, Украина, Ресей Федерациясы, АҚШ жəне Қытайда анықталған штаммдарға жақын, аурудың симптомдық жəне симптомсыз түрлері, сондай-ақ вирустың контагиоздылығы жəне аурудың ауыр өтуі вирустың қандай да бір генетикалық сызыққа жататындығына байланысты емес, барынша көп анықтау жиілігімен мутациялар анықталды. Зерттелген сынамаларда коронавирустың «Британдық» штаммы анықталған жоқ. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, - дейді Денсаулық сақтау министрі. А.Цойдың айтуынша, 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шарт жасасуы керек. Кеше арнайы тəртіп бойынша сатып алуды жүргізу үшін бір жолғы əкелуге рұқсат беру жəне СҚ-Фармацияға хат жіберу жоспарланған болатын. Вакциналау екпенің келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақшы. Сонымен, бастапқыда көктемге жоспарланған вакцинациялау Қазақстанда 1 ақпаннан басталатын болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Осылайша жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа коронавирусқа қарсы екпе салынбақшы. Екпе қабылдайтын азаматтар саны да, санаты да нақтыланған. Мәселен, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап I кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жəрдем, реанимация жəне қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлеріна вакцина салынады. Олардың жалпы саны – 100 мың адам. Ал наурыздан басталатын  II кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлеріне, барлығы – 150 мың адам екпе қабылдайды. Сәуірдегі III кезеңде мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтері, студенттер, созылмалы аурулары бар, жалпы 600 мың адамды вакцинациялау көзделген. Мамырда келетін IV кезеңде тағы 600 мың тұрғын, яғни, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы жəне созылмалы аурулары бар адамдар қамтылмақшы. Бір айдан кейінгі V кезеңде екпе алатын топқа медициналық-əлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері жəне созылмалы аурулары бар адамдар енгізілген. Олардың саны 600 мың адамды құрамақшы. Шілде айынан желтоқсанға дейін соңғы кезеңде тəуекел тобындағы қалғандарға екпе салу жоспарланып отыр. Тілші түйіні: Қазір жұрт арасында алып-қашпа сөз көп. Екпенің нәтижелігіне күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. «Вакцинаны алдымен мұғалімдер салғызады» дегенді естіп «қазірден бастап жұмыстан шығып кетсем бе екен» деп жүргендер де бар. Былтыр сонау наурыз айында коронавирус «наконец то келді» деген кезде ауру жұқтырып аламыз ба деген қауіпті қаперге алмағандар енді «екпе салынады» дегелі бері үрейден ұйықтай алмай жүр. Бұл нені көрсетеді? Вакцина туралы халыққа барлық ақпарат ашық түрде айтылуы тиіс. Жариялылықтың болуы – басты талап. Сенімсіздік, ертеңінен күдер үзу, үмітсіздік – адамдарды апатияға әкелуі мүмкін. Әлеуметтік көңіл күйдің сақталуы аса маңызды. Ел-жұртты қорқыныш құрсауында қалдырмауды да ойлаған жөн.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА