- Advertisement -

Ел шекарасы қалай шегенделді?

187

- Advertisement -

 

Жер – әлемдегі барша мемлекеттердің  басты байлығы. Жер – ана – асыраушымыз. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат жаралғалы бері осыған дейін де, қазір  де дүниежүзінде  жанжал мен соғыс атаулының дені  жер үшін болып жатқанын аңғару қиын емес. Жерсіз елдің ертеңі де, байлығы да жоқ. Ғұндардың атақты билеушісі  Мөде: «Жері жоқ ел бола алмайды, жері жоқ ел мемлекет құра алмайды» деп текке айтпаса керек. Әйгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ертеректе қазақтың жері қазіргі көлемінен екі есе көп болғанын айтады. Қазір де аз емес.Қазақстан батысында – Еділдің төменгі ағысынан  шығысында – Алтай тауларының етегіне дейін  3000 шақырымға, солтүстіктегі – Батыс Сібір жазығынан оңтүстіктегі  Қызылқұм шөлі мен  Тянь – Шань тау жүйесіне дейін 1650 шақырымға созылып жатыр. Әлемде жер көлемі  бойынша тоғызыншы орындамыз.Барының берекесін берсін. «Барға – қанағат, өткенге- салауат».

Қазақ айналасындағы елдердің жеріне  көз алартпаған, жаулап алу үшін басқыншылық  пен  шапқыншылық жасамаған. Өз елі мен жерін қорғап қалу үшін  қасық қаны қалғанша күрескен. Әйтсе де үш  мың  жылдық  мемлекеттік тарихы бар еліміз бен жерімізге  көзінің сұғын қадау- шылар, арандатушылар әлі күнге  тыйылмай келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  асымызды ішіп, аяғымызды тепкен  Солженицын, желөкпе Жириновский  «Аттардың тұяғы таптаған жердің бәрі қазақтарға тиесілі емес» деп сандырақтады. «Қуырдақтың көкесін  түйе сойғанда көресің», «Бір қызымнан  бір қызым  сорақы» демекші, Одақ тарардың алдында  Горбачев жалған ұпай жинау үшін  «Қазақстанның  солтүстіктегі бес облысы  бұрынғы Ресейдің жері» деп көкіді. Артынша жалған айтқанын мойындап, кешірім сұрады.

Таяуда  Ресейдің  Мемлекеттік Думасының  «мүйізі қарағайдай» бірқатар депутаттары  кез келген  көзі ашық адам білетін тарихты әдейі бұрмалап, «Ресей қазақтарға жерді сыйға берген» деп ешбір қисынға келмейтін уәжді  үлкен мінбеден жұртқа жария етті. Бұл жала қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таңғалдырды. Біздің сақ, ғұн  бабаларымыздан бергі  атақонысымыз – басты байлығымыз, заңды мұрамыз екенін  әлем жұртшылығы әлдеқашан біледі емес пе? Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  жуырда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында бабалардан мұра болған  қасиетті жерімізге тоқталып, оны бізге ешкім сыйға тартқан жоқ деп кесіп айтты. «Қазақстанның екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарасы бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды», – деді Президент. Бұл – бұдан бұрын айтылған  және алдағы уақытта айтылуы мүмкін  осындай уәждерге  берілген нақты жауап.

Қазақстан мен Ресей арасындағы  жер мәселесін, мемлекеттік шекара туралы сөз еткенде тарихи куәліктерді де естен шығаруға болмайды.Елімізде көршілес мемлекеттермен шекара мәселесін шегендеу 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей Президенттері Алматыда  екі ел арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қоюдан  басталғаны белгілі. Осы құжатқа сәйкес Үкімет деңгейіндегі делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөз жүргізуге кірісті. Қазақстан – Ресей шекарасын белгілеп, оны картаға түсіру батыстан – Еділ өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылдың қаңтарында шығыста – Алтай тауының  Оңтүстік Алтай жотасында  аяқталды. Көп кешікпей 2005 жылдың  18 қаңтарында Мәскеу- де Мемлекет басшылары Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекаралары туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының  арасындағы шартқа қол қойды.

Шекарамызды шегендеуге, шебімізді бекемдеуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен еңбек сіңірді. Оның бұл істі жіті бақылауы нәтижесінде жауапты жұмыс көп созбалаңға салынған жоқ. Бүгінде  Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы  7591 шақырымды құрайды. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекара. Қазір көрші елдер арасындағы осынау шекара достық пен татулықтың белдеуіне айналып отыр.

Көп ұзамай  Қытай Халық Республикасымен шектесетін – 1782, Түркіменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғыз Республикасымен арадағы 1241 шақырым шекара  делимитацияланып, демаркацияланды. 2018 жылы Каспий теңізінің  құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі 2000 шақырым шекарамыз да айқындалып, түпкілікті шешілді.

Елбасының ерен еңбегінің нәтижесінде құрлықтағы 14000 шақырымға созылған  шекарамыз толық шегенделіп, шебіміз бекемделді. Демек, мемлекеттілігіміздің басты нышандарының бірі болып табылатын шекара халықаралық дәрежеде  қағазда  қатталды. Бұл – еліміздің аумағының тұтастығына  күмән келтіретіндерге, кеудемсоқтарға тойтарыс беретін тарихи  мемлекеттік маңызды құжат. Елімізде тәуелсіздік жылдары тындырылған шоқтықты шаруаның бірі де осы.

Ақылжан Мамыт

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support