- Advertisement -

Маэстро! Оркестрге дирижер не үшін керек?

198

- Advertisement -

 

Өнер әлемінде дирижердің орны бөлек десек, еш қателеспейміз. Өйткені кәсіби мамандарсыз өнердің көші алға жүрмек емес. Біздің түсінігімізде қолына таяқша ұстап алып, үлкен ұжымды басқарып тұратын «дирижер» деген ұғым қай кезде пайда болған? Деректерге сенсек, ХVІІ ғасырда дирижердің қажеттілігі туындаған көрінеді. Әйтсе де ол кездегі маманның жұмысы қазіргіге ұқсамаған сыңайлы. Тіпті олар адамның бойынан ұзын келетін таяқпен жерді ұру арқылы музыканттардың ырғақтан ауытқымауына баса назар аударған. Енді бұған бүгінгі көзқараспен қарасақ, біртүрлілеу көрінетін де шығар…

Өмірін өнермен сабақтастырған, өңірге есімі кеңінен таныс, бірақ қарапайым қалпынан айнымаған азаматтың бірі – әнші, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның Қазақ Ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Мұхтарбай Рахманқұлов. Ол ән әлеміне ертерек келді. Өткен ғасырдың 70-жылдары оның есімі әнсүйер қауымға белгілі бола бастаған еді. Облысымызда 1970 жылдары құрылған «Алатау» ән-би ансамблінің (жетекшісі Алтынбек Қоразбаев) белді мүшесі де Мұхтарбай Рахманқұлов болатын. Қысқасы,  ол өнер үшін жаралған жан.

1974 жылы Алтынбек Қоразбев пен Мұхтарбайдың ойына домбырашылар үштігін (трио) құру идеясы келді. Қарап тұрсақ, ол кезде трио деп аталатын шығармашылық ұжым өзге өңірлер үшін таңсық еді. Бірақ, олар тәуекелге бел буып, ойларын жүзеге асыруға кірісті. Кейін елге әйгілі болған «Алатау» триосы осылайша өмірге келгенін біреу білсе, біреу білмес. Бастапқы кезде аталмыш ұжымның аты да қойылмаған еді. Сондықтан жұртшылық оларды «Домбырашылар үштігі» деп атап жүрген екен. Қысқасы, әуелде жұртшылық оларды солай таныды. Әнсүйер қауым олардың ән айту мәнерлеріне тәнті болып, жылы қабылдады. Халық әндері «Желбір жекен», «Әләулім-ай», Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугай домбырасы» бірнеше дауыста өз нақышын тапты, тыңдарманның жүрегіне жетті. Иықтарына қазақтың қара домбырасын асынған сері жігіттер жер-жерде өнер көрсетіп, тіпті Алматы қаласындағы тыңдармандарын да тамсандырып, ризашылықтарына бөленіп қайтты.

Ол кездегі үлкен жаңалық – шырқаған әндері қазақ телевидениесі арқылы көрермен қауымның назарына ұсынылды. Түсінгенге бұл да сол кезде үлкен табыс, танымалдылыққа бастар жолдардың бірі еді. Кейіннен «Алатау» ансамблінің және трионың жетекшілігі Мұхтарбай Рахманқұловқа берілді. Домбырашылар үштігіне жас әнші Асылхан Шүңіреков пен Пернебек Оспанов  келіп қосылған болатын. Трионың репертуары Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», «Жеңеше-ай», «Арба келеді» әндерімен толыға түсті. Осылайша ән қоржынын жаңарта берді. «Домбырашылар» үштігі бірқатар шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, қазақтың ғажап әндерін өзге елдерде шарықтата шырқағанын да айта кеткен ләзім. Атап айтқанда, Үндістан, Бангладеш, Чехословакия, Польша, Болгария және Орта Азия елдерін аралаған олар сол мемлекеттердегі өнерге аңсары ауған жұртшылықтың жүректерін әндерімен жаулады. Кеңес Одағының құрамында болған барлық республикаларда жеке концерттерін өткізді. Аталмыш елдердің халқы да тараздық таланттарға зор қошемет көрсетіп, өнерлеріне тәнті болған екен. Білгенге бұл да мақтаныш қой.

Кейін Мәскеу төрінде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығының көрмесіне шақырту алды. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағындағы танымал ұжымдардың біріне айналды. «Тамаша» ойын-сауық отауының концерттерінде ән салып, «Көрген де арманда, көрмеген де арманда», «Біздің көшенің тұрғындары», «Қымызхана», «Ұят болмасын» телебағдарламаларына қатысып жүрді. Өзге әріптестері жұмыс бабымен басқа салаға ауысып кеткен кезде де, трионы таратпай Мұхтарбай Рахманқұлов жалғыз өзі бар ынта-шынтасымен еңбек етті. Осы кезде домбырамен жеке ән орындауда көзге түсіп жүрген Есенбек Сәтпаев пен Дүйсенбек Өмірәлиев (екеуі де кейіннен ҚР-ның Мәдениет қайраткерлері атанды) домбырашылар ұжымына қабылданды. Дәл осы триода 45 жыл бойы тер төккен Мұхтарбай Рахманқұлов жеке ансамбльге жетекшілік жасау үшін Тараз мемлекеттік университетіне ауысты.

Қазіргі таңда Мұхтарбай Рахманқұлов жоғарыда айтқанымыздай, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының Қазақ Ұлт аспаптар оркестрінің дирижері қызметін абыроймен атқарып жүр.

Жалпы алғанда дирижер болып еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні ақиқат. Біздің білуімізше, дирижерлік мамандықты меңгергендер ХVІІІ ғасырдың соңында ғана кәсіби деңгейге жете алған көрінеді. Бір қараған адам үшін дирижер дегеніңіз артық адам секілді болып тұруы ықтимал. Қазіргі кезде оны айтып жүрген адамдар да аз емес. Бұл жерде біз бір дүниені ұмытпауға тиіспіз. Дирижердің аспабы – оркестр. Оның көрсеткен қимылдарымен әуен дегеніңіз бір ырғаққа түседі. Кәсіби маман мәселен, бір аспаптың дыбысы шамадан тыс артып бара жатса, оны тежей біледі. Есту, көру қабілеттері арқылы аспаптардың ойналу кезегін бақылап, нұсқайды. Қимылдарымен барлық дүниені дер кезінде көрсете біледі.

Ең бастысы дирижер оркестр мүшелерінен бір бас жоғары тұруы тиіс. Осыны естен шығармаған абзал. Нақтырақ айтар болсақ, дирижер өте білімді, есту қабілеті өте жақсы дамыған, белгілі бір аспапта мықты орындаушы болғанда ғана ол әріптестерін басқара алады. Дирижер білімі мен білігі арқылы оркестрге шығарманы таныстырады, тарихын түсіндіреді. Туындының драмалық және басқа сипаттарын жүрек көзінен өткізеді. Содан кейін ғана ол өз жұмысына мықтап кіріседі. Біле білгенге білікті маман музыка арқылы айтқысы келген ішкі ойын, жан дүниесін оркестрге жүктейді ғой. Ал оркестр оны халыққа жоғары деңгейде жеткізуі тиіс. Бірер ғасыр бұрын дирижерсіз оркестрлер де болған. Алайда олар бірнеше концерттен кейін сәтсіздікке ұшырағанын қаперден шығармаған жөн. Осындайда «неге олай болды?» деген сауал санада тұрады. Шынында да неге? Себебі музыканттар үшін бір ырғақта ойнау уақыт өте келе қиындай берген екен. Осыдан-ақ оркестр үшін дирижердің рөлі қандай екенін байқауға, бағамдауға болады.

Бүкіл филармония ұжымы құрметтеген Мұхаң қай кезде де білікті маман ретінде ортасына сыйлы. Ол кісіні бүгінгі филармония ұжымының бренді десе де болады. Мұхаңа 2017 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. Ал 2020 жылдың соңында облыс әкімінің және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Мұхаң – бұл құрметке өзінің мәдениет, өнер саласына ұзақ жылғы еңбегімен өте лайықты азамат ретінде жетіп отыр.

Қысқасы, дирижер – оркестрдің жүрегі. Бұл күндері мұндай тұжырымды ешкім де жоққа шығара алмайды деп ойлаймыз. Еңбегінің жемісін көрген маэстро Мұхтарбай Рахманқұловтың өнердегі сара жолы да, кәсіби маман ретіндегі біліктілігі де жастарға үлгі.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support