Жаңалықтар

Балалардың қауіпсіздігі - басты назарда

Балалардың қауіпсіздігі - басты назарда

  Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың алдына осындай міндет қойды. «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн», - деді Мемлекет басшысы. Бала құқығы мәселесі – ел саясатының маңызды бөлігі екені сөзсіз. Себебі бала – еліміздің болашағы. Жалпы облыстағы 359 мектепте балалар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығы бойынша 8-10 сынып оқушылары арасында ЮНИСЕФ жобасы енгізілген. Жоба аясында оқушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, олардың арасында зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу, олардың қорқыныш, үрейлерін анықтау мақсатында сауалнама алынып, «Бала - біздің болашағымыз!» тақырыбында ата-аналарға кеңес беріліп, тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілерге және педагог-психологтарға осы бағытта семинар-тренинг жұмыстары өткізілсе, 100-ге жуық педагог-психологқа «ШАНС» кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының ұйымдастыруымен семинар ұйымдастырылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтымен бірге «Жасөспірімдер арасында кибербулингтің алдын алу» тақырыбында мектептердің педагог-психологтарына арналған вебинар өтті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 442 мектептің барлығында 6791 дана бейнебақылау камералары бар.  Олардың 2374-і ғимарат сыртында, 4417-сі ғимарат ішінде орнатылған. Бейнебақылау жүйелері тек мектерде ғана емес, облыстағы 415 балабақшаның барлығында 100% орнатылған. Бүлдіршіндердің ең бақытты балалық шағында агрессия, зұлымдықпен бетпе-бет келуі, өмірдің жаман тұсын ерте көруі дүниежүзін алаңдатып отыр. Бала – болашағымыз десек, олардың ертеңіне бейжай қарау ел дамуына деген салғарттықтың белгісі деп есептеймін.  

Гүлзира Дәрібаева,

облыстық білім басқармасының бөлім басшысы