- Advertisement -

Саяси формула – «Күшті Президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет»!

129

- Advertisement -

 

Жасыратыны жоқ, «елдің саяси-әлеуметтік жүйесіне өзгеріс» қажет деген пікірді екінің бірі айтады. Бірақ, сөз «оны неден бастау керек, қалай жүзеге асырылады» дегенге келгенде тәп-тәуір көтерілген мәселе бастапқы бағдарын таппай, бос даурығудың бірі болып қалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетінші шақырылған Парламент депутаттарының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде көптің көкейінде жүрген көп сауалға нақты жауап бергеніне баса назар аударған жөн.

Ол өз сөзінде бірінші кезекте Қазақстан халқы Парламенттің жаңа құрамына орасан зор үміт артып отырғандығын айтып өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өкілетті органның заң шығарушылық қызметімен қатар бақылау қызметі де бар екендігін де еске салды. Осы құзіреттілікті тиімді пайдалану қазіргі заманғы қазақстандық парламентаризмнің институционалдық негіздерін едәуір дәрежеде нығайта түсері даусыз. Бұл жағдайды оңтайлы қолдана білу, сөз жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет» деген саяси формуласымен үндесіп жатқанын көрсетеді. Әсіресе, Парламенттің ел өмірінде алатын орны мен маңызын арттыруға баса көңіл бөліп отырғаны – соның көрінісі.

– Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек, — дей келе Мемлекет басшысы Парламенттің алдында тұрған маңызды екі міндет туралы айтып өтті. Олар – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру қажеттілігі – уақыт ағымымен бірге күнделікті тіршілікте көрініс тауып отырған шындық. Ал Президенттің депутаттар ел мүддесін іс жүзінде қорғай отырып, табандылық көрсете білулері тиіс екендігін атап айтуы – жоғарыда атап өткен саяси формуланың іске асырудың бір жолы болса керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен маңызды мәселелердің тағы бірі – партиялардың Мәжіліске өту шегін төмендету. Егер, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетілсе, заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыратыны сөзсіз. Мемлекет басшысының сайлауға қатысты айтқан маңызды пікірі: «Шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн» деген  сөзі болды. Бұл жағдай сөз жоқ, саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейте түседі және олардың белсенділіктерін арттыруға итермелейді.

Президент тоқталып өткен келесі бір өзекті мәселе – жастар саясаты. Мемлекет басшысының: «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады», — деп  атап көрсетуі – алдағы уақытта бұл бағытта едәуір қозғалыс болатынын байқатады. Иә, шынында да жастарға жүйелі түрде жүргізілетін және оң нәтижелерге бағытталған мемлекеттік саясат қажет ететіндігі даусыз. Өскелең ұрпақ қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде батыл шешім қабылдауды үйренеді. Ертеңге деген сенімі артады.

 

Режеп Баярисов,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы,

саясаттанушы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support