- Advertisement -

Тариф және бағаларды негізсіз өсіруге жол берілмейді

129

- Advertisement -

 

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеу, табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуына бақылау жасайды. Сондай-ақ табиғи монополиялар заңнамасы аясында тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін, табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандырады, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін қорғайды.

Бүгінде баға жиі құбылып, монополистер тарифтерді көтеруге жыл сайын ұсыныс жасауда. Әлбетте, олардың барлығын қанағаттандыру мүмкін емес. Бұл бағытта мекемеде қандай жұмыстар жүргізілуде? Біз осы сұрақты Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің директоры Ерболат Дүйсенбиевке қойдық.

– Мекеме табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу жолында мақсатты жұмыстар жүргізуде. Департамент облыс бойынша табиғи монополиялар суъбектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 50 түрін көрсететін 33 табиғи монополия субъектісін реттейді. Облыста сумен жабдықтау қызметтері бойынша – 20, сарқынды суларды бұру қызметтері бойынша – 10, табиғи газды тасымалдау қызметтері бойынша – 3, суды арналар арқылы беру қызметтері бойынша – 1 және жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу қызметтері бойынша – 13, сондай-ақ кірме темір жолдары қызметтері бойынша – 2 және электр энергиясын беру, бөлу бойынша 1 табиғи монополия субъектілері бар.

2020 жылдың басынан бері департаментке 17 табиғи монополиялар субъектілерінен 29 тарифті бекітуге, 29 өтінім, 1 қоғамдық маңызы бар нарық субъектісінен электр қуатының бағасының өсуіне қатысты 2 хабарлама түсті.  Түскен өтінімдер мен хабарламаларды қарау нәтижесінде тек 9 өтінім бойынша 9 тариф бекітілді. Бір хабарлама бойынша дәлелді қорытынды берілді, қалған 12 өтінім және 1 хабарламаны қараудан бас тарттық. Жеті субъекті өтінімін өз еріктерімен кері қайтарды, 2 өтінім қаралуда.

– Бірқатар табиғи монополия субъектілері тарифті жыл сайын көтергісі келеді. Олардың ұсыныстары қанағаттандырылып жүр ме? 

– Қаралған өтінімдердің арасында тұрғындарға қатысты тек 2 тариф өсуімен бекітілді. 2020 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілген «Жамбыл су» КМК-ның сарқынды суларды бұру қызметінің тарифі 16,1 пайызға,  атап айтқанда, ҚҚС мен 1 текше метр үшін 13 теңге 40 тиыннан 15 теңге 56 тиынға дейін, сонымен қатар өзге тұтынушыларға 20 пайызға өсуімен, ҚҚС-мен 1 текше метр үшін 57 теңге 62 тиыннан 69 теңге 15 тиынға дейін және бюджеттік мекемелердің тарифі 37,8 пайызға ҚҚС-мен 1 текше метр үшін 21 теңге 15 тиыннан 29 теңге 14 тиын болып бекітілді.

Сондай-ақ 2020 жылғы 15 тамыздан бастап қолданысқа енгізілуімен қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС-ның электр қуаты мен жабдықтау қызметінің тарифі тұрғындар үшін жалпы 5 пайызға өсуімен бекітілді. 80 кВт дейін ҚҚС мен 1 кВт үшін 13 теңге 04 тиыннан 13 теңге 69 тиынға дейін, 80-150 кВт дейін ҚҚС мен 1 кВт үшін 16 теңге 64 тиыннан 17 теңге 47 тиынға дейін және 150 кВт жоғары 20 теңге 81 тиыннан 21 теңге 85 тиынға дейін, бюджеттік мекемелердің тарифі 6,37 пайызға өсті. ҚҚС мен 1 кВт үшін 31 теңге 46 тиыннан 33 теңге 46 тиынға дейін және өзге заңды тұлғалардың тарифі 10 пайызға өсуімен, 20 теңге 71 тиыннан 22 теңге 78 тиын болды.

– Тұрғындарға арналған тарифтердің деңгейі қалай болды?  

– Қалған өтінімдер бойынша тұрғындарға арналған тарифтер қолданыстағы тарифтердің деңгейінде қалдырылды. Табиғи монополия субъектілерінің әр есептік жылдың 1 мамырына дейін ұсынылатын тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерге департамент жыл сайын талдау жүргізеді. 2019 жылғы тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуына жүргізілген талдаулардың нәтижелері негізінде 21 табиғи монополия субъектісінің 26 реттелетін қызмет түрі бойынша жалпы сомасы 411718 мың теңгеге орындалмаған шығындар анықталды. Осы сомаға аталған табиғи монополия субъектілеріне қолданыстағы тарифтерінің төмендетілуімен уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Атап айтқанда, жылу энергиясы мен жабдықтау қызметі бойынша – 286729980 теңге, сумен  жабдықтау қызметі бойынша – 83284 мың теңге, сарқынды суларды бұру қызметі бойынша – 33651180 теңге, каналдармен су беру қызметі бойынша – 3991660 теңге және бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың қызметі бойынша 6516160 теңге.

– 2019-2020 жылдардағы жылумен жабдықтау қызметінің құны қайта есептелгені белгілі. Соның нәтижесі туралы айтсаңыз.

– 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу нәтижесінде жылыту маусымындағы сыртқы ауа температурасының нақты температурасын есепке алумен облыс бойынша тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызмет түрін көрсететін 9 табиғи монополия субъектілерінен 38490260 теңге көлемінде қаражат қайтарылды.  Атап айтқанда, «Тараз энергия орталық» АҚ – 22094990 теңге,  «Жамбыл жылу» МКК – 4567950 теңге, «Игілік» КМК – 3523400 теңге, «Жаңатас Су Жылу» МКК – 3726740 теңге, «ТаразТрансЭнерго» МКК – 2473880 теңге, «Шу Жылу» МКК – 1606520 теңге, «София» МКК – 240100 теңге, «ҚұланЭнерго» МКК – 236690 теңге және «Қордай ЖКК» МКК 20 мың теңге.

Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта өткен жылы мекеме тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 3 табиғи монополия субъектілеріне қатысты жоспардан тыс 4 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 1 тексеру бойынша заң бұзушылық анықталды. Сондай-ақ департамент 2020 жылы жалпы 32 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы іс қозғап, оның 30-ы мекемеде қаралды. Оларға әкімшілік-құқық бұзушылық туралы қаулы бойынша жаза ретінде әкімшілік айыппұл салынды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 29136241 теңгені құрады. Қазір жалпы салынған айыппұлдың 9606830 теңгесі бюджетке түсті.  Қалған қозғалған 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер табиғи монополия субъектілерінің арызына сәйкес қарау үшін сотқа жолданды.

Департамент 2020 жылы 9 табиғи монополия субъектісіне табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 15 нұсқама енгізіп, оның 12-сі толық орындалды. 3 нұсқама бойынша табиғи монополия субъектілері келіспегендіктен сотқа шағым түсірді. Бүгінде атқарылып жатқан маңызды жұмыстың бірі – жұртшылықтың назарына табиғи монополиялар субъектілерінің жасап жатқан жұмыстарының – инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралардың орындалуын және сол жұмыстардың нәтижесін жеткізу. Департамент қызметінің ашықтығын, мөлдірлігін қамтамсыз ету мақсатында өткен жылдың басынан бері депутаттардың, «Нұр Отан» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, БАҚ өкілдерінің және тұтынушылардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.

Жұртшылықты атқарылған жұмыс және қабылданған шешімдер бойынша хабардар ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 253 материал жарияланып, сұхбаттар берілді. Жыл басынан бері мекемеде 133 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралды. Біз келешекте де табиғи монополия субъектілерінің және тұтиынушылардың мүдделерін ескеріп, тарифтік саясатты тиімді жүзеге асыруға күш саламыз.

Әңгімелескен Ақылжан МАМЫТ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support