Жаңалықтар

Жамбылдық сайлаушылардың 72,2 пайызы өз таңдауын жасады

Жамбылдық сайлаушылардың 72,2 пайызы өз таңдауын жасады

  Жаңа жылдың алғашқы саяси науқаны –  ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары сайлауы өз мәресіне жетті. 10 қаңтар күні  саяси додада қазақстандықтармен бірге Жамбыл жұртшылығы да  барынша белсенділік танытып, таңертеңнен бастап сайлау учаскесіне қарай ағылған адамдардың қарасы көп болды.  Облыста барлығы  492 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлауға   2176 сенімді өкіл, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ресми ешқандай шағымдар тіркелген жоқ. Сайлаушыларға электронды үкімет порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн-сервис қызметі ұсынылды. Бұл сайлаудың ерекшелігі – әлеуметтік арақашықтықты бұзбай, бетперде таға отырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталғанында болды. Сондай-ақ әр екі сағат сайын учаскелердегі жиһаздар антисептикпен өңделіп, дауыс беретін бөлмелер желдетіліп отырды. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша өңірдегі 492 сайлау учаскесіне тіркелген 720365 сайлаушының 520132-і (72,2 пайыз) сайлауға қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов айтты. – Облыстық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 10 қаңтардағы нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәжілісіне 502598 дауыс берілді. Оның ішінде, 399766 – «Nur Otan» партиясына (79,5 пайыз), 14516 – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына (2,8 пайыз), 40341 – «Ақ жол»  Қазақстанның демократиялық партиясына (8,0 пайыз),  15229 – «Адал» саяси партиясы (3 пайыз), 32746 – Қазақстан халық партиясына (6,52 пайыз) дауыс берілді, – деді спикер. Ал облыстық маслихатқа, 408087 – «Nur Otan» (81,2 пайыз), 42453 – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясына (8,4 пайыз), «Ақжол»  Қазақстанның  демократиялық партиясы  (8,6 пайыз), 8485 – «Адал» саяси партиясы (1,6 пайыз) дауыс жинаған. Яғни Қазақстан халық партиясы облыстық мәслихатқа қажетті дауыс жинай алған жоқ. Бұл облыстық мәслихатта аталған партиядан депутат болмайды деген сөз. Есептен шығару куәліктері бойынша – 283, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде – 4226  сайлаушы дауыс беруге қатысыпты. Сонымен қатар спикердің айтуынша, сайлауға 26696 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы қатысса,  оның 2776 тірек қозғалысы бұзылған, зағип, саңырау  азаматтардың 1005-і учаскеге келіп дауыс берсе, 1559 сайлаушы үйден дауыс берген. 11117 сайлаушы алғашқы рет сайлауға қатысты. Серғали Өмірзақұлының айтуынша, сайлау процесінің өтуін 3583  байқаушы қадағалады, оның ішінде: 1267 – саяси партиялардың сенімді өкілдері, 1013 – саяси партия байқаушылары және 1197 – қоғамдық ұйымдар өкілдері, 43 – БАҚ өкілдері, 63 ТМД елдерінен келген байқаушылар. Сайлаудың өту барысы туралы ресми түрде арыз-шағым, өтініштер түспеген.