- Advertisement -

Мал бар, жер жоқ

100

- Advertisement -

Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалардың шарапатымен де, өз бетімен де кәсіпкерлігін дамытып жүргендер жетерлік. Олардың қатарында Талас ауданы Көктал ауылдық округінің  тұрғыны, жеке кәсіпкер Дәулет Жүнісбеков те бар. Дәулет кәсіпкерлігін өзінің жеке қаражатымен дамытуды көздейді. Оның бұл ниетін Алматыда тұратын кәсіпкер інісі Алпамыс Бақытұлы қолдап, демеушілік жасап отыр.

Қазір Дәулет Жүнісбековтің он құлынды биесі, он бұзаулы сиыры, біршама уақ малы бар. Мал басының әзірге ірі көлемде болмауының өз себебі жоқ емес. Жеке кәсіпкер алдымен мал өсіруге қажетті базаны жасақтап, ауыл шаруашылығы техникаларын да жеткілікті түрде сатып алуды мақсат тұтады. Қазірдің өзінде 14 миллион теңгеге жаңа тракторды тіркемесімен сатып алыпты. Енді келесі жылы 100 бас мүйізді ірі қараны бір мезгілде бордақылайтын алаң салуды көздеп отыр. Ол жерде ет бағытындағы ақбас Алатау тұқымды ірі қара малын бордақылауды жоспарлауда. Дәулеттің алдағы уақытта жылыжай ашсам деген де ниеті бар. 2018 жылдан бері ауыл іргесіндегі балық өсіретін көлді де кәсібіне айналдырған. Былтыр ол көлге 18 мың сазан және мөңке балықтың шабақтарын жіберсе, биыл 30 мың балық шабақтарын жіберді. Бұл шабақтарды 3-4 жыл қорғап, өсірген тиімді екен. Сол кезде әр балықтың келісі кемінде  3-4 келіге жететін көрінеді. Сол уақытта көлдің жанына үй салып, күзетші қоюды көздейді.

Дәулеттің  ауласына қарап тұрып, іскер азамат екеніне көзіміз жетті. Ауласына шырша, түрлі гүлдер егіп тастаған. Алма, алмұрт және өзге де жеміс талдар өсіп тұр. Декоративті талдар алыстан сән береді. «Дәукеңнің нағыз еңбек адамы екенін осыдан да байқауға болады», – дейді Көктал ауылдық округінің әкімі Роман Қырықбаев.

Жеке кәсіпкер Дәулет Жүнісбековті мазалаған бір мәселе – жайылымдық жерінің жоқтығы. «Атамыз Жүнісбек алдынан жылқы малы кетпеген бақуатты адам болған екен. Менің де  40-50 гектар жерім болса, сол жерге қора жай салып, малдың басын едәуір көбейту ниетім бар. Тиісті тараптан осы мәселеге қолдау болса», – дейді жеке кәсіпкер.

–  Жалпы  әке-шешемізден 11 ұл-қыз өсіп едік. Қазір 9 бауыр бармыз. Мақсұт деген ағам 1977 жылы, Бақыт ағам 1993 жылы өмірден қайтты. Мақсұт, Бақыт ағамның перзенттері де шүкір, қазір жетілді. Алпамыс Бақытұлының кәсіпкерлігі оңға басып, туған жеріне көмегі тиіп жатыр. Жұбайым Камила Балбекова да кәсібімнің алға басып кетуіне ниеттес болып, бірнеше сиыр, жылқыны сауып, қымыз дайындап, шаруаға қолғабыс жасауда. Өзім полиция қызметінен 2013 жылы зейнетке шықтым. Алла нәсіп етіп, қажылыққа барып келдім. Үйіміз де, ауылдағы Алпамыс салып берген мешіт те маймен жылынады. Оған жылына 6 тонна қалдық май кетеді. Оны да Алпамыс інім көтеріп, қарайласып отыр. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жылыжайды жандандырып кәсіпкерлігімді дамытсам деймін. Оған басты керегі – жайылымдық жер. Сосын ынта мен жігер», – дейді жеке кәсіпкер Дәулет Жүнісбеков.

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support