- Advertisement -

Жастар неге наубайханада жұмыс істегісі келмейді?

130

- Advertisement -

Нанның қадірін кәсіпкер Қалдыгүл Қайыпова жақсы біледі. Оның наубайханада жұмыс істеп келе жатқанына 45 жылдың жүзі болыпты. Оның ішінде «Анель» наубайханасын басқарып отырғанына да 21 жыл. Талай кәсіпкерді көріп жүрміз ғой, бірақ «мен басшы едім» деп қарап отырған Қалдыгүл апаны көрмедім. Жетпістің үшеуіне келген апамыз өзі де қызметкерлерімен бірге қамыр ашытып, қамыр кесіп, оны арнайы қораптарға салып, ыстық ошақтың қасында зыр жүгіріп жүр.

Күніне наубайханада 1400 бөлкеден бөлек, ас атасының он түрі дайындалады. Оны кәсіпкер Қаратау қаласының дүкендеріне, сонымен қатар Талас ауданындағы Тамды, Ақкөл, Майтөбе сияқты елді мекендерге тасымалдап жеткізіп отырады. Сондай-ақ кәсіпкер аудандық орталық аурухана мен қарттар үйін де нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

– Бүгінде ұнның мәселесі қиын. Оны Тараз қаласынан сатып әкелеміз. Билік тарапынан наубайханаларға әзірге ешқандай көмек беріліп жатқан жоқ. Бұрын нан бағасын ұстап тұру үшін арзандатылған бағамен ұн беріп тұрушы еді. Құдай кесір қылмасын, арзан бағамен берген ұнынан жақсы нан жаба алмайсың. Сұрпы төмен ұннан қандай нан дайындалушы еді? Оған жоғары сұрыпты ұнды қосып, араластырып жатып, кәдеге жаратқан болатынбыз. Қазір ол да жоқ болды. Ал әкімдік нан бағасын көтерме деп, нарық бағамын күштеп ұстап отыр. Дегенмен наубайханаға қажетті тауардың барлығының бағасы шарықтап өсіп кеткендерімен істері жоқ. Тұз екеш тұз да қымбаттап кеткен соң не айтасың. Мәселен, біз алып жүрген жоғары сортты ұнның бағасы бір аптада 400 теңгеге қымбаттап кетті. Қазір 9 мың теңгенің ұнын дүкеннен 10200 теңгеден аласың. Ас майының 5 литрі 3400 теңгеге жоғарыласа, электр қуаты 10 теңгеге қымбаттаған. Бір ғана нан бұрынғы бағасын ұстап тұр. Көпшілік бір килограмм алманы 500 теңгеге қиналмай алады. Темекі үшін 500 теңгесін қиятындар нанды 80 теңгеге алуға қиналады, – дейді кәсіпкер.

Наубайханада екі ауысыммен 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың айлық табысы елу мың теңгені құрайды. Әрбір ауысымнан соң наубайхана жұмысшылары 2 бөлке нанды өздерімен бірге үйлеріне әкетеді. Ал кәсіпкер бір бөлке нанды сауда нүктелеріне 85 теңгеден босатса, дүкен сөрелерінде ол 90 теңгеден өткерілуде. Кәсіпкер бөлке нан бағасын көтерген күннің өзінде, аз қамтылған, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы үшін әлеуметтік бөлке нан дайындап, төмен бағамен өткеруге дайын екенін жеткізді.

Қалдыгүл Қайыпова қайырымдылықпен де айналысуда. Ол ай сайын 49 бөлке нанды көпбалалы отбасыларға тегін таратып беруде. Әрі облыстың іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі ретінде аудан азаматтарын ұйымдастырып, өткен жылы Арыс қаласына, биыл Мақтаарал ауданындағы табиғат апатынан зардап шеккендерге ақшалай, заттай, ұн және азық-түлікпен көмек те көрсетіпті. Бұдан бөлек, 14 отбасына «Біз біргеміз!» акциясы аясында көмек қолын созған. Сонымен қатар қаладағы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 3 отбасына өз отбасы атынан қайырымдылығын жасап келеді.

Кәсіпкер ана жұмысшы күшінің жетіспейтінін де айтып қалды. Көбіне жастар жағы мұндай жерде жұмыс істеуге құлықсыз. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына сұраныс та жасапты. «Орталықтан 20 жас маман келді. Наубайханада біраз істейді де, жұмысы ауыр деп кетіп қалады. Байқағаным жастардың ауыр жұмыс істеуге ниеттері жоқ. Әйтпесе айына 80 мың теңге жалақы төлеймін. Адам жетпеген соң осында өзім де жүрмін. Осы саланың бар қиындығына төселіп, жұмыс істеп, отбасымды асырап келемін. Нан – бар байлықтың атасы. Оны қадірлеу керекпіз», – дейді Қалдыгүл Қайыпова.

Ол бұл кәсіпті дамыту үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан несие алып, біраз құрал-жабдықтарын жаңалапты. Енді тағы да несие алып, наубайхана қасынан азық-түлік дүкенін ашуды жоспарлап жүр.

Осында он жылдан аса уақыт кәсіпкермен бірге жұмыс істеп келе жатқан Ұрқия Қартабаева мен Камшат Қошкелдиеваны да сөзге тартқан едік. «Бұл наубайханаға әбден үйреніп қалыппын. Жұмыстың ешқандай ауырлығы жоқ. Істе десе жұмысты бір өзім де істей беремін. Жастар жазда ыстыққа шыдай алмай кетіп қалады. Далада 40 градус ыстық болған кезде, наубайхана іші тіптен жанады. Соған қарап жастар «мына жер нағыз монша ғой» дейді. Біз үйреніп кеткеннен кейін бе, осы жұмысымызды дұрыс көреміз. Осы жерден табыс тауып, бала-шағамызды асырап, Қалдыгүл апаның қайырымын көріп отырмыз», – дейді Ұрқия.

«Біріншіден, үйреніп қалдық. Оның үстіне ауылда жұмыс жоқ. Осы жұмысымыздың барына шүкіршілік етеміз. Басқа жаққа ауысқым келмейді. Екі күн жұмыс істеп екі күн демаламыз. Айына 50 мың теңге жалақы аламыз. Әр ауысымнан соң екі бөлке нан алып кетеміз үйге. Бұл да болса бізге үлкен көмек», – дейді Камшат.

Қалдыгүл апа қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. Ол 2011 жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен кәсіпкерлердің форумына, 2017 жылы Ассамблеяның конференциясына қатысыпты. Алғашқы барғанында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіпті. «Облыстан 11 әйел барған едік. Бізді Нұрсұлтан Әбішұлы жылы қабылдап, үлкен құрмет көрсетті. Сол кездесуде алған сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Керемет кездесу болды», – дейді ол.

Бүгінде Талас ауданының Құрметті азаматы Қалдыгүл Қайыпова Үкіметке алақан жайып «маған көмек бер» деп әкімдіктің алдына барып айқай салатын көпбалалы аналардың әрекетін құп көрмейтінін де айтып қалды. «Наубайханашының жұмысы көбінесе еленбейді. Соған қарамастан жұмысымызды тоқтатқанымыз жоқ. Елбасы «жұмыс істе, күн көр» деген жоқ па? Ал бүгінде көпбалалы аналар Үкіметке шығып ананы бер, мынаны бер дейді.  Мен өзім 5 бала өсірдім. Үкіметтен алақанымды жайып ешнәрсе сұрағаным жоқ. Бәрін еңбекпен табуға ұмтылдым. Қасымдағы екі жұмысшының әрқайсысының 6 баласы бар. Олар да Үкіметке алақан жайып ақша сұраған емес. Жұбайларына қолғабыс болсын деп жұмыс істеп, маңдай терлерімен табыс тауып жүр. Аналар қайыршы болмауы керек, жұмыс істеп, ұл-қыздарына үлгі көрсетіп, еңбекпен табылған нанның дәмді болатындығын үйрету керек. Масылдықтан, тіленшіліктен арылатын уақыт жетті», – дейді кәсіпкер.

Қырық жылдан аса уақыт аралығында Қалдыгүл Қайыпова еңбегі үшін 15 медальмен марапатталыпты. Қазір бұл кәсібін ұлы Талғатқа үйретуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support