- Advertisement -

Уәде қайда, әкім мырза!

233

- Advertisement -

Күнтізбедегі 2021 жыл парағының ашылғанына да, міне, бүгін бесінші күн. Жергілікті биліктің Т.Рысқұлов ауданындағы Әбжапар ауылы тұрғындарына ауызсу береміз деген уәдесі сол күйі  орындалмады. Негізі аудан басшыларына ешкім шекті мерзімді белгілеп берген жоқ. Алайда, бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыға түсе берген соң, уәде беріп, құтылайын деді ме, әкімдіктегілер желтоқсан айында ауыл жұртының аузы таза суға тиеді деген сынды бір жауап қатқан болатын. Жұрт күткен желтоқсанды да өткізіп, Жаңа жылдың қаңтарын да қарсы алдық. Ал ауылдағылар әлі де мейірі қанып, таза су ішпепті.

Бұл тақырып осыған дейін бірнеше мәрте «Aq jol»  газетінің сайтында да көтеріліп, газетке де жазылды. Жалпы аудан басшылығы онда құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтып, Әбжапар ауылы жаңа жыл қарсаңында таза ауызсу жүйесіне қосылатынын жеткізген. Жергілікті билік өкілдерінің берген уәдесі неге орындалмағанын білмек болып, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Елнұр Мадияровпен телефон арқылы сөйлестік.

– Мердігер жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, таза ауызсу желісінің құбырын әрбір ауланың шарбағына дейін жеткізіп берумен шектелген. Одан ары қарай ауызсу жүйесінен шығып тұрған құдықтан құбырды әрбір тұрғын өзі ауласына, үйіне тартып алулары керек болатын. Бүгінде әкімшілік тарапынан өздеріне тиісті міндеттер орындалып, ауызсу жүйесі толығымен дайын болды. Суды құбыр желісіне жіберуге судың сараптамалық қорытындысы мен ауыл тұрғындарының су желісін аулаларына тартып алмауы себеп болып отыр. Жалпы су келіп тұр. Ауыл тұрғындарына құбырларыңызды, су ағарларыңызды дайындай беріңіздер деп көктемде-ақ ескертілген. Су дайын болған кезде ары қарай қосып аласыздар деп те айтылған. Қазір суды жіберсек, ол жұмыс түгел далаға кетейін деп тұр. Ал аудан әкімдігінің тиісті бөлімі «құбырда су айналымы болмаған соң ол қатып қалады» деп дабыл қағуда. Үш-төрт тұрғын шағымданды деп ол суды жіберсек, оның бір жерінде мұз қатса, онда қанша миллион теңгеге жасалған дүние ысырап болайын деп тұр. Мұны ауыл тұрғындарына тағы да қосымша айтып, тездетіп құбырларын үйге дейін тартып алу керек екенін ескертіп жатырмыз. Тағы да тексеріп, көз жеткізіп барып, таза ауыз суды алдағы он күндікте беріп қалуымыз мүмкін, — дейді ол.

Әбжапар ауылындағы ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізген мердігер компания – «Тараз-Ирригация» ЖШС. Құрылыстың учаске бастығы Мұхамеджан Орынбаевтың айтуынша,  бүгінде  құрылыс жұмыстарының 99 пайызы аяқталған.

Өткен жылы «Aq jol» газетінің әлеуметтік желідегі парақшасында ашылған «Ел сыншысы Есет» айдарымен Есет Досалы Т.Рысқұлов ауданына қарасты, Әбжапар ауылының тұрғындары көп жылдан бері ауызсуды арықтан тасып ішіп отырғанын айтып, мәселе көтерген болатын. Әлеуметтік желіде жұрт назарын аударған бұл видеоматериалға қатысты көпшілік қызу талқыға салып, үн қосқаны да белгілі. Жалпы бұл мәселені газет тілшісі Марат Құлибаев «Aq jol» газетіне де жазды. Сол мақалада Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев: «Бұл нысандардың барлығы  2021 жылға өтпелі болғанымен, аудан басшылығы 31 желтоқсанда Жарлысу, Әбжапар, Байтелі, Тасшолақ ауылдарындағы ауыз су жүйесін пайдалануға бермек. Бұл елді мекендегі ауыз су құбырлары «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында жүргізілуде» деген еді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support