Орталықтағы балаларды қуантты

28

Жаңа жыл ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мейрам. Мереке қарсаңында өңірлік ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков және ЖД-158/4 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Бақытжан Байжігітов облыс орталығындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығына» арнайы барып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылдық мерекелерімен құттықтады.

Жалпы, ҚАЖ қызметкерлері үшін мұндай игі шараларға атсалысу дәстүрге айналған. Олар бірнеше жылдан бері аталған орталықтың іс-шараларына белсене араласып, қолдауларын көрсетіп, әрбір мерекеде отбасы жылулығына мұқтаж балалардың көңілін аулауға тырысады.

Кездесу барысында Теңізжан Нұрмаханұлы мерекеге орай ыстық ықыласымен ізгі тілегін жеткізді.

— Балалардың бал-бұл жанған жүздерінен қуаныш сезімін көруден асқан бақыт жоқ. Біз, ҚАЖ қызметкерлері жыл сайын балаларды қуантуға асығамыз. Биыл да дәстүрге сай сіздерге мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді, — деген Т.Жәнібеков балақайларға әкелген сыйлықтарды табыс етті.

Ал орталық директоры Айжан Мейрханова мереке қарсаңында бүлдіршіндердің көңілін көтерген өңірлік ҚАЖ департаменті басшылығына ризашылығын білдірді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Comments are closed.