Біздің Азиада
Біздің Азиада
Дмитрий Баландин екі дүркін Азиада чемпионы атанды
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Азия ойындары біздің елдің спортшылары үшін әзірге олжалы болып тұр. Мүлт кетпейтін мергендеріміз нысана көздеуден командалық сында қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, қоржынымызға үшінші алтынды салса, іле-шала жүзуден брасс әдісі бойынша үкілі үмітіміз Дмитрий Баландин төртінші, кейінірек 200 метрге сол әдіспен бесінші алтынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Азиада рекордын жаңартты. Баландиннің жеңісінен кейін Қазақстан құрама командасы жалпы есепте межелі төртінші сатыға көтерілді.
Бұл күні өзге спортшыларымыз да көңілімізді марқайтып тастады. Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы командалық сынның финалында Оңтүстік Кореядан 1:4 есебімен ұтылып, күміс медальді еншіледі. Сондай-ақ, у-шудың саньда түрінен қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынқұлов қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жартылай финалда ирандық Хамид Резе Ладварудан ұтылып, финалға шыға алмады. Синхронды жүзуден Қазақстан қыздары комбинация бойынша Қытай мен Жапониядан кейінгі үшінші нәтиже көрсетіп, Қазақстанға жетінші қола медальді алып берді. Семсерлесуден ерлер құрамасы шпага бойынша командалық сынның ширек финалында Қытайды (44:40) ұтып, жартылай финалда Жапониядан ұтылып қалды. Дегенмен, межелеген қола медаль қоржынға түсті. Жүзуден 50 метрге шалқалап жүзуде Екатерина Руденко күміс медаль иегері атанды. Ол финалда қытайлық Фу Янхудан ғана ұтылды. Қоланы Жапония спортшысы Муики Такамура иеленді. Академиялық ескек есуден Екатерина Артемова мен Виктория Чепикова жұптық сында Қытай мен Оңтүстік Корея спортшыларына жол беріп, тұғырдың үшінші сатысынан көрінсе, әйелдер арасында екілік қайықпен жарысуда Светлана Германович пен Марина Васильева күміс жүлде иегері атанды. Сонымен қатар, ескек есуден Қазақстан ерлер құрамасы төрттік жарыста қола медальді ұтып алды. Осылайша, ескек есушілер бір күнде ел қоржынына үш медаль салды. Ал үлкен теннистен ерлер арасындағы командалық сынның финалы кейінге шегерілді. Финалда біздің құрама Қытаймен алтынды сарапқа салады. У-шудан 65 келі салмақта қазақстандық Ришат Лувенчо финалда ирандық Мохсен Мохаммадсеифиден ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. Бір өкініштісі, сол еліміз алтын медаль күткен су добынан Қазақстанның әйелдер құрамасы күтпеген жерден Қытай құрамасынан 6:11 есебімен ұтылып, алтыннан айырылды. Дегенмен, аруларымыз күміс медальді жеңіп алды. Доп айырмасына байланысты Жапония құрамасы бізден бір саты төмендеп, қола медальді қанағат қылды. Жалпы, Азия ойындарында 20 алтын медаль алу мақсат ретінде алдыға қойылған болса, бүгінге дейін біздің спортшылар соның төртеуін алып үлгерді. Енді алдағы бір жарым аптаның көлемінде жерлестеріміз қойылған жоспарды артығымен орындап жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Бет қатталып жатқанда... Теннистен Қазақстан ерлер құрамасы Қытай командасын 2:0 есебімен ұтып, қоржынға алтыншы алтынды салды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».