Зейнетақы қорындағы ақшаны алудың жолы қандай?

32

Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға қатысты заң жобасын Мәжіліс қайта мақұлдады. Құжатты өткен аптада Сенат бірқатар түзету енгізіп Төменгі палатаға қайтарған болатын. Депуттар ұзаққа созған жоқ. Бірақ бұл науқан үй нарығын қымбаттататып жіберетінін сарапшылар қазірден айтып жатыр. 

Бүгінде «Отбасы банкі» мен Денсаулық сақтау министрлігі қордағы артық қаражатты пайдаға жарату қағидаларын бекітуге кіріскен. Аз уақыттан соң қолданысқа енетін заң жобасы туралы тағы не білу керек? Зейнетақы қорындағы жиған қаражатты кез келген азамат үй, жер сатып алу үшін немесе ипотекалық қарызын өтеп, болмаса бастапқы жарна ретінде қолдана алады. Яғни шекті мөлшерден асып тұрған қаражаттың барлығын пайдалануға құқылы. Тек ақша қолына тимей, тікелей сатушының есепшотына түседі. Ал қордағы артық қаражатын пайдалану үшін өтініш жазу керек.

Жанар Жолтаева, «Отбасы банкі» АҚ қоғаммен байланыс басқармасының басшысы:

— Қазір «Отбасы банкі» арнайы портал құрып жатыр. Тұрғындарымыз электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, онлайн тіркеуден өтеді. Ізінше зейнетақы қорынан қаншалықты қаражат алатынын белгілеп, банкке өтініш жолдайды. Сонымен қатар тиісті мақсатқа жұмсалатын құжаттарыиен қоса банкке жолдауы қажет.

Екінші жағынан, нақ осы жағдай нарықта үй бағасын өсіреді дейді сарапшылар. Өйткені науқан басталысымен жұрт жапа-тармағай құрылысшылардың сату бөліміне ағылады. Оның ақыры сұраныстың артуына әкеледі. Осы дүрбелеңді сатушылар да өз пайдасына жаратып, бағаны бір көтеріп алмасына кім кепіл? Тағы бір жайт, биыл теңге біраз құлдырады. Бірақ баға ышқына қойған жоқ. Баспана бағасын серпілтіп алуға бұл да бір себеп дейді мамандар.

Азамат Қаппас, жылжымайтын мүлік компаниясының басшысы:

— Алдымен құрылыс компаниялары жаңа үйлердің бағасын өсіреді. Сосын ол автоматты түрде екінші нарықтағы үйлердің қымбаттауына әкеледі. Оның үстіне елордамыз ұлғайып келе жатыр. Қалаға сырттан оқу, жұмыс іздеп келетіндер көп. Сондықтан баға шамамен 10 пайызға дейін өсетініне сенімдімін.

Зейнетақы төлемдерін ем-домға пайдалану қағидалары да бекітілген. Оны Денсаулық сақтау министрлігі электронды үкімет порталында ашық талқылауға шығарып қойған. Министрдің бұйрығымен бекітілген қағида бойынша зейнетақы жинағындағы артық ақшаны диагностика жасатуға, тіс емдетуге, пластикалық ота жасатып, радиохирургиялық ем қабылдауға төлеуге болады.

Сондай-ақ оңалту-сауықтыру орындары және тағы басқа ақылы қызмет түріне қолданылады. Бірақ қаражат қолыңызға тимейді. Сол зейнетақы қорынан тура емдеу мекемесінің есепшотына аударылады. Ол ақшаның есебінен емделу де оңайға түспейді. Алдымен өзіңіз тіркелген жердегі медициналық ұйымға баруыңыз керек. Онда дәрігерлік комиссия құрылып, сол комиссия рұқсат беруі тиіс. Сол жағдайда ғана жылдап жиған зейнетақыңыздың азғантай бөлігін денсаулығыңызға жарата аласыз.

Comments are closed.