- Advertisement -

Ерлікке тағзым

27

- Advertisement -

Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің заңды ізбасарындай болған Ауған соғысының ардагерлері бар. Қалай десек те, жат жерде болған бұл соғыс еліміздің болашағына да елеулі әсер еткені анық.

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бүгінгі таңда елімізде 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері тұрады деген дерек бар. Олардың 3 мыңдайы мүгедектер қатарында. Ал, бүгінгі таңда Жуалы ауданында Ауған соғысының 44-ке жуық ардагері тұрады.

Олар бүгінде өмірден өз орындарын тауып, кейбірі өз алдарына отбасы, шаруа қожалықтарын құрып жұмыс істеп жатса, кейбірі аудан мектептерінде ұстаздық етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне, қоғамды дамытуға белсене атсалысып жүр.

Ауданда біраз жылдан бері Ауған соғысы ардагерлерінің басын қосатын ұйым жұмыс істеп келеді. Оны Ауған соғысының ардагері Мақсатбек Әбдібеков басқаруда. Оның айтуынша, ардагерлердің бүгінде жастарға, мектеп оқушыларына елдік, патриоттық тәрбие беруде олардың өмірлік тәжірибелері де, айтар ой-пікірлері де көп.

– Бүгін, міне, Ауған жерінен шыққанымызға 35 жыл толып отыр. Жыл сайын марқұм боп кеткен қарулас, майдандастарды 15 ақпан күні еске алып, аудандағы ескерткіштің алдында жиналамыз. Бұл күн біз үшін ауыр күн. Қаншама жолдастарымыздан айырылдық. Сол кездегі 18-20 жастағы қаншама жігіттер елге мүгедек боп оралды. Оны біз көрдік. Соғыста қаза тапқан 3 жауынгердің отбасына, ата-аналарына барып тұрамыз, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Бірақ, олардың балаларының орнын толтыра алмаймыз. Десек те, олар біз барғанда өз балаларын көргендей қуанып, бар дәмдісін алдымызға қойып, дастарқан жайып қарсы алады. Ананың аты ана ғой… Жылаған ана, күрсінген ақсақалды көрдік. Бейбіт өмірдің қадірін соғыс көргендер жақсы біледі. Елімізде ешқашан соғыс болмасын! – деді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support