ЖАҢАТАСТА 180 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

30

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласында 180 пәтерлі  2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.  Бұл пәтерлерді аз қамтылған, көпбалалы аналар мен ұзақ жыл пәтер кезегінде тұрған отбасылар иеленді. Қос көпқабатты тұрғын үйдің ауласына жиналған пәтер иелерін аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов құттықтады.

—        Қаламыз жыл санап көркейіп келеді. Бүгінде қалада тұрғын үй кезегінде 1789 азамат тұр. Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жарты ғасырлық тарихы бар қаламыздағы №2 шағын аудандағы №24 және №26 көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып,  кезекте тұрғандар тізімі 180 адамға қысқарып отыр. Десек те, жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбеюде. Бұл өз кезегінде халықың тұрғын үйге деген сұранысын арттыруда. Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе аз қамтылған, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Қайта жаңғыртылған бұл үйлер қала келбетін жақсартып, ажарына ажар қосары сөзсіз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, — дейді аудан басшысы.

Қуаныштың сәттің алқызылы лентасын аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев қиды. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізген «AKM Group» ЖШС құрылыс бөлімінің инженері Кәмілхан Әбиев  баспана іші құтқа, ырысқа толсын деген ыстық ықыластарын білдірді.

Төрт бөлмелі пәтерге ие болған көпбалалы ана Айда Ақылбекованың да қуанышында шек жоқ. Көп жылдан бері 8 ұл-қызымен пәтер жалдап келген ол да бүгін баспаналы болғандардың бірі. «Биыл баспаналы болсам деген арманы орындалды. Мерекеге орай Үкіметіміз үлкен сыйлық жасап жатыр бізге. Бәріне алғысым шексіз. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға бақ береке берсін. Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын» деді ол.

Күннің суығына қарамастан 180 пәтерге ие болған азаматтардың жүздерінен қуаныш нұры айқын сезіліп тұрды.  Осындай қуанышты жанның бірі Нұржамал Лепесбаева 8 жылдан бері көшіп-қонып, жалдамалы пәтерде жүргенін, бүгін ақтүйенің қарны жарылып, отбасы қуанышқа бөленіп жатқанын айтып ағынан жарылды.

Шашу шашылып, баспаналы болған тұрғындар қуаныштарын бір-бірлерімен бөлісіп жатты.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,

Сарысу ауданы

Comments are closed.