Баукеңе генерал шені неге берілмеді?

25

Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің озық үлгісін көрсетіп, қолбасшылық өнерін жетік меңгерген жасампаз офицер екенін дәлелдеп, қазақ халқының даңқын күллі әлемге дәріптеді. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ сол атақ оған көзі тірісінде берілмеді.

Соғыста да, соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде де Момышұлына социалистік державаның ең жоғары наградасының берілмеуі Кеңес Одағы халқының ашу-ызасын қоздырып, наразылығын туғызды. Әсіресе ажалмен талай рет бетпе-бет тұрған офицердің қарулас достарын қатты толғандырған болатын. Мәскеуді қорғауда қарыс қадам шегінбей, қаһармандық танытқан панфиловшылардың хаттары кез келген адамның жүрегіне салмақ салатыны ақиқат. Бұл жауынгерлер Бауыржанның қан майданда қолданған тактикасының ұтымдылығы мен тапқырлығын ерекше атайды. Мысалы, Панфилов дивизиясының полк комиссары Ахмеджан Мұхамедьяров: «Сіз біз үшін, панфиловшы достарыңыз үшін, ең жақын бауырымыз және бас әріппен жазылатын үлкен жүректі азаматсыз», – деп жазған екен.

Тіпті полк комиссары Петр Логвиненконың өзі: «Панфиловшылар әлі күнге дейін Сіздің әлдеқайда күші басым жауларға бет қаратпай тойтарыс беріп, талай фрицті тұтқындап, азық-түліктерімен қоса, басқа олжаларды қолға түсіргендеріңізді еске алады. Содан бері де талай уақыт өтті. Әйтсе де Сізге әлі күнге дейін Кеңес Одағы Батыры атағы берілмей жатқанына түсінбейміз», – деп таңданысын білдірген.

Логвиненконы атағанда, «тіпті» деген сөзді бекерден-бекер қосып отырған жоқпын. Көптеген жазбалар мен хаттарға қарағанда, онда өзінен шені жоғары офицерлер мен құрылым басшыларына деген қызғанушылық пен көре алмаушылық басымдау екені көзге түседі. Әсіресе батальон, содан соң полк командирі Бауыржан Момышұлына. Олардың таныстығы әріден, нақтырақ айтқанда, Панфилов дивизиясын жасақтау кезеңінен басталған. Талғар станциясына келген Бауыржан Момышұлы полк комиссары Петр Васильевичке өзі жайлы мәлімет беріп, танысады. Батыр ол кезді 1944 жылдың басында Қазақстан мен Ресейдің ғылым және әдебиет элитасына Алматыда оқыған лекциясында былай деп еске алады: «Маған қарама-қарсы отырған ол отты көзімен жасқантып алғысы келгендей тесіліп ұзақ қарады. Мен, жыпылықтамай, дәл солай жауап қайтардым. Әйтсе де ол бірінші болып жанарын тайдырып әкетті. Біздің таныстығымыз осылайша көзбен атысудан басталып, мен оның ерекше адамдарының тізіміне іліктім». Дегенмен, Петр Логвиненконың өзі де Бауыржан Момышұлының ерлігін мойындаған.

Жалпы Бауыржан Момышұлына Батыр атағын беру мәселесі тоқтаусыз көтерілді. Тарихи ақтаңдақты қалпына келтіруге қарапайым халықтан бастап, ұжымдар, қазақтың бетке ұстар қайраткерлері Жеңістің 20, 30, 40-жылдығы қарсаңында жаппай атсалысты. Әйтсе де ұлы державалық шовинистік жүйенің ең жоғары шенділері хаттарға жауап қайтармай, халықтың жігерін құм етумен болды.

Қазақты былай қойғанда, басқа елдердің де өкілдері өз ойларын еркін жеткізіп жатты. Момышұлының соғыстағы ерен ерлігіне тәнті әрі шығармаларымен жақсы таныс, бірақ өзін көрмеген Астрахан құрылыс зауытының өндірістік бөлім басшысы, инженер-тепловозшы Владимир Ефимович Сивак ойын полковникке жазған хатында былай жеткізеді: «Сіз бірнеше батырларды тәрбиеледіңіз. Олардың жасаған көзсіз ерлігі мен батырлығы Сіздің батырлығыңыз. Соны түсінбеген жоғары жақтағыларға таңғалам, әрі Сіздің қарапайымдылығыңызға қайран қалам. Міне, Сіз қаншалықты қаһарман болсаңыз, соншалықты қарапайымсыз. Сіздің кеудеңізде Кеңес Одағы Батыры деген жоғары награда жарқырап тұру керек еді. Бірақ біз үшін Сіз нағыз Батырсыз».

«Жазушы» баспасының бұрынғы редакторы Л.А.Золотова 1958 жылы өзіне «За нами Москва» кітабының қолжазбасын бергенін еске алады. Бұған дейін де ол кітап авторы туралы көп естіген, «Волоколамск тас жолы» повесі бойынша білетін. Ал, полковник ұлы еркіндік алғанда (Баукең өлімді осылай атаған) Золотова: «Кеңестер Одағының ұлы перзенті, қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы Отан алдындағы еңбегі үшін үкімет тарапынан лайықты бағасын ала алмады. Мұндай бағаның ол үшін қажеті де жоқ еді, жер шарының адамдары оны ұлы да даңқты қолбасшы, Мәскеудің қорғаушысы ретінде білетін әрі құрметтейтін, мақтаныш тұтатын. Ал, адам баласы үшін жалпыхалықтық сүйіспеншілік пен құрметтен артық не бар?!» – деп тебірене жазды.

Чехия елінің тұрғыны Ирина Сватанева «Волоколамск тас жолы» кітабын оқығалы бері, «Бауыржан Момышұлы мен үшін ерлік пен батырлықтың басты символына айналды. Сондықтан да мен кез-келген адамдармен кездескенде, ең бірінші кітап кейіпкеріндегі қаһарманымның әдемі іс-әректін іздеймін» деп толқып жазыпты.

Сонымен қатар көпшілікті толғандыратын сұрақтардың бір: «Неге Бауыржан Момышұлына генерал шені берілмеді?»

Шынымен ойланатын жәйт. 1945 жылдың басында Бауыржанды 9-шы гвардияшыл атқыштар дивизиясының басшысы етіп тағайындады. Біздің білуімізше, бұйрықта «дивизия командирінің міндетін атқарушы» деп жазылған. Неге «дивизия командирі» деп жазбаған? Мұның сыры мынада екен. Егер Момышұлын дивизия командирі деп бекітсе, оған көп кешікпей генерал шенін беру керек болар еді. Бірақ қазаққа генерал атағын беруді қимаған шовинистердің тапқан айласы, оны дивизия командирінің міндетін атқарушы ретінде пайдалану болды. Командир емессің, демек, генерал бола алмайсың дегендері ғой.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Момышұлымен бірге Калининдегі әскери академияда сабақ берген полковник Петр Горелик «Бауыржан 1-ші» атты мақаласында былай деп жазады: «Бас штабтың академиясын бітіру оның түлектерінің басым көпшілігі үшін генералдық лампасқа апарар тіке жол болатын. Бірақ, Бауыржан Момышұлына генерал шені берілмеді».

Осы орайда Бақытжан Момышұлы «Он искал гармонию, а его называли неистовым» деген сұхбатында Дінмұхамед Ахметұлымен әңгімесін еске алады. Димекең Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Ляшенко екеуі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде коридормен келе жатса, алдынан Бауыржан атам шыға келмейді ме? Қолындағы таяғымен екеуін тоқтатып, былай деген екен: «Димаш, мынау екеуміз (таяғымен Ляшенконы нұсқап) Бас штаб академиясында бірге оқыдық. Бұл үшке оқыды, ал мен беске. Бірақ мынау генерал-полковник, мен болсам жай полковникпін». Сөйтеді де Баукең жайбарақат ары қарай жүреді де кетеді.

Бақытжан көкем Димаш ақсақалдан: «Сіз папамның осы қылығын қалай түсіндіңіз?» – деп сұрайды. Димекеңнің айтқаны: «Егер мен Момышұлы емес, Момышұленко болсам, мен де генерал-полковник болар едім дегісі келгені ғой. Бірақ Баукең жалғыз өзінің мұңын, жеке басының өкпесін айтайын деген жоқ. Оның айтқысы келгені – осындай әділетсіздікті ұлы державалық шовинизм барлық кіші ұлттарға жасағаны».

Сондай-ақ Мәскеу маңындағы Академия қалашығынан Хайм Авраамович Авритустың да жазған хаттары ешкімді бей-жәй қалдырмайды. Ол 1949 жылы КСРО Ғылым Академиясының этнографиялық экспедиция құрамында Алматы қаласына келген болатын. Өзі қылқалам шебері болғандықтан орталық музейде орналасқан жергілікті суретшілердің туындыларымен танысады. Сонда бір адамның портретіне назары түседі. Сол суретті көруге күн сайын келіп те жүреді. Ол – Бауыржан Момышұлының суреті болатын. Батырға деген сүйіспеншілігінің артқаны сонша, ол Мәскеудегі жоғары оқу орнын бітіргеннен соң Қазақстанға келіп тұруға бел байлайды. «Әрине, басты мақсатым, менің осы елге деген махабатымды оятып, тәнті еткен сурет кейіпкерімен жолығып, танысу еді», – деп жазады ол Момышұлына.

Сол кездегі өктемшіл орталық кіші ұлттарды барынша шеттететін. Бауыржан Момышұлының аяғынан талай рет шалған осы саясат Авритусқа да жақсы таныс, белгілі мәселе еді. Сондықтан да болар ол Батыр Баукеңнің жанайқайын дұрыс түсініп, жете сезіне білді. Оған Момышұлының халықтардың бәрі тең екендігі, әркім өз халқын шексіз сүйіп, ата-баба аманатына адалдық танытып, әкеден қалған мұраны көздің қарашығындай сақтауы қажет екендігі жөніндегі ойлары қатты ұнап, көңілінен шықты. Өз халқыңа деген шексіз махаббат арқылы өзге ұлтты құрметтей білесің. «Бұл жайында сіз еш жерде көрсетіп, айтқан емессіз, әйтсе де сіздің жазбаларыңыз соған жетелейді. Мен сіздің жан дүниеңізді жақсы түсінем», – деп жазды ол Баукеңе…

1990 жылы полковник, жазушы, қазақтың ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы тұста Қазақстан ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры, академик Манаш Қозыбаевтың сіңірген еңбегін ерекше атап өту керек. Сол кісінің тапсырмасымен институттың қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Павел Степанович Белан ресейлік Подольск қаласындағы Ұлы Отан соғысы тарихы мұрағатынан ешкім таба алмай келген құнды құжаттарды тапты. Ол 8-ші Панфилов атындағы дивизияның бұрынғы командирі, Кеңес Одағының Батыры, полковник Иван Серебряковтың екі хаты. Біріншісі – Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батырлығына ұсынуы. Бұл құжат 1942 жылдың тамызында толтырылған. Екіншісі – 1944 жылы 17 шілдеде Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумына жазылған хат, көшірмесі Қазақстан Жоғарғы Кеңес Президиумына жолданған. Бұл хат Иван Ивановичтің бірінші хатына жауап алмаған соң Бауыржанды Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынғанын Мәскеу мен Алматыдағы биліктің есіне салғаны. Осы құнды құжаттар жөнінде «Aq jol» газетінде 2020 жылдың 22 маусымында егжей-тегжейлі мақала жарияланған.

П. Белан тауып келген құжаттардың негізінде академик Манаш Қозыбаев сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Бауыржан Момышұлы жайлы өз ойын былай деп жеткізді: «Ол Ұлы Отан соғысында қарапайым жауынгер емес, Ұлы Жеңістің аса көрнекті жасампаздарының бірі болды».

Момышұлы соғыс тактикасын жақсы меңгеріп, алғашқылардың бірі болып, жау аумағында ұрыс жүргізудегі ескі стереотиптен бас тартып, Жеңіске жетуге көп үлес қосқанын айта келіп, академик: «Бауыржан Момышұлының даңқы соғыс жылдары шықты, ал, соғыстан кейін ол шын мәнінде халықтың қошеметіне бөленген халық батыры дәрежесіне көтерілді», – деп жазды республиканың басшысына.

Өкінішке қарай, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы тарихи әділдікке жете алмай кетті. Өзі тірі кезінде оған не Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді, не генерал шенін орталық қимады. Дегенмен, 1990 жылы әділет салтанат құрды.

Тым кеш қабылданған шешім. Әйтсе де батыр Бауыржанға берілген жоғарғы награда халық үшін керек еді. Себебі тек Момышұлының ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік үлгісін көрсеткен күллі қазақ халқының қаһармандығы бағаланды. Сонымен қатар Кеңес Одағы Батыры атағы қан майданда қаза тапқан мыңдаған қазақ жауынгерлеріне деген құрмет пен қошеметі үшін және әрине, ең бастысы, тарихи әділдіктің салтанат құруы үшін керек еді.

 

Бекет МОМЫНҚҰЛ,

«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі.

 

Comments are closed.