Білім

Оқушылардың Ыстық тамағына салқын қарамайық

Оқушылардың Ыстық тамағына салқын қарамайық

Студенттік құрылыс және «жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыстарының қорытындылары да ойландырады

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыста мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтудың жағдайы туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова облыстағы мектеп интернаттарды қоспағанда 443 мектептің 387-сінде 144651 оқушының ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты. Соның ішінде аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасы балаларының барлығы 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылып отыр. Сонымен қатар барлық бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға биыл 1 миллиард 227 миллион теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда барлық бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға бөлінген қаржы көлемі Тараз қаласы мен Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Байзақ, Жуалы аудандарында артқан. Ал керісінше Талас, Жамбыл, Сарысу аудандарында төмен. Хабарламашы өз сөзінде өткен оқу жылымен салыстырғанда асханасы жоқ мектептер саны төртке кемігенін тілге тиек етті. Дегенмен, бүгінде саманнан соғылған, ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан 55 мектепте асхананың жоқтығынан ыстық тамақ ұйымдастырылмаған.

Сұлушаш Сәтбекқызы оқушыларды ыстық тамақпен қамтуда бұдан өзге де бірқатар олқылықтар бар екенін жасырмады. Мысалы, өткен оқу жылындағы зерделеу барысында Жамбыл, Талас аудандарындағы кейбір мектептерде газ балонын пайдалану фактілері кездескен. Ағымдағы оқу жылында оқушылар өмірінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында газ балонын пайдалануға жол бермеу керек. Сондай- ақ, сапалы, дәруменді, минералды жиынтықтармен қанықтырылған ыстық тамақпен бір мезгіл қамту үшін бір балаға кемі 300 теңге бөлінуі қажет. Ал облыс бойынша орта есеппен бір балаға бір мезгілдік ыстық тамаққа 110-200 теңге бөлініп отыр. Алдағы жылдың бюджетін қалыптастыру барысында аудандар мен Тараз қаласының әкімдері бір балаға бір мезгіл ыстық тамаққа бөлінетін қаржы көлемін тамақтандыру нормасына сәйкестендіруді қамтамасыз еткені жөн. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев прокуратура органдарының аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамту мәселесі бойынша тексеруінен кейін Мойынқұм ауданындағы бірқатар мектеп директорларының тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мысалға келтіре келе, бұл оқиғадан барлық жауапты тұлғалар сабақ алу керектігін қадап айтты. Облыстық білім басқармасының басшысы С.Құрманбекова бұл бағытта семинар ұйымдастырылғанын, жан- жақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Облыс басшысы сонымен қатар Меркі, Жамбыл аудандарының әкімдері Бақтияр Көпбосынов пен Рүстем Дәулетпен селекторлық режімде байланысқа шығып, неліктен ыстық тамақпен қамтуға аз көлемде қаржы бөлінгендігін сұрады. Қос ауданның басшысы да қаржы көлемі ұлғайтылатынына сендірді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Г.Мирзабекова биылғы 16 қыркүйекте Қостанай облысында елуден астам баланың мектептегі түскі астан соң ауруханаға ішек ауруымен түскенін мысалға келтіріп, осындай жәйттардың алдын алуға баса назар аудару керектігін айтты. Бұл орайда ол жарияланған мораторийге байланысты кәсіпкерлерді тексеру мүмкін болмай отырғанын қынжыла жеткізді. Осы мәселе бойынша сөз сөйлеген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балалар денсаулығына баршаның жауапты екенін, сондықтан бұл орайда қол қусырып қарап отырмау керектігін қадап айтты. Кәрім Нәсбекұлы сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы асханалардың да жағдайына назар аударды. Қаралған мәселе бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аппараттық кеңесте студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыстарының қорытындылары туралы мәселе де қаралды. Ол бойынша облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев хабарлама жасады. Хабарламашының сөзіне сүйенсек, биылғы еңбек маусымында барлығы 22 жасақтан құралған 405 студент Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында жұмыс атқарған. Студенттік құрылыс жасақтарын құруда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Жамбыл политехникалық колледжі, қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі және темір жол-көлік колледжі, сондай-ақ, аудандардан Т. Рысқұлов ауданы белсене атсалысқан. Дегенмен, еңбек маусымы барысында келеңсіздіктер де кездеспей қоймаған. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданындағы 280 орындық балабақша құрылысына қатысқан 30 студент жалақыларын әлі толық ала алмай отыр. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысында да туындаған мәселелер баршылық. – Аталмыш жасақтар жұмыс маусымы басталған кезде жұмыс көлемдерімен толық қамтылмай, тек қолданыстағы саябақтарды тазалау, егілген тал-дарақтарды суару, көше тазалау сияқты әртүрлі жұмыстарға тартылып жатады. Бұл жерде, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы аудандар мен Тараз қаласының әкімдерімен бірлесе отырып, нақты жұмыс көлемдерін анықтап, жасақтарды сол анықталған нысандарға тартуды қолға алса дұрыс болар еді. Осыған орай, келесі жылғы еңбек маусымында бүгінде құрылысы аяқталып келе жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойына «Жасыл ел» еңбек жасақтарын тарта отырып, тал егу жұмыстарын жүргізсе деген ұсынысымыз бар, – деді Е.Құралбаев. Сонымен қатар ол облыс басшысының тапсырмасына сәйкес биыл студенттерге берілген жалақы көлемі 30 мыңнан 40 мыңға дейін көтерілгенін айрықша атап өтті. Осы мәселе бойынша облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Байтелиев, ТарМУ және ТИГУ ректорлары М.Сарыбеков, Е.Саурықов сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Аппараттық кеңесті облыс әкімі К.Көкірекбаев қорытындылап, сала жұмысын серпілтуге бағытталған нақты міндеттер жүктеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».