Зарема –үздік эссе авторы
Зарема –үздік эссе авторы
Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бақытты және тату отбасы» атты ең үздік эссе байқауы өтті. Оған облыстық этномәдени бірлестіктерінің 14-18 жас аралығындағы оқушылары мен 18-22 жас аралығындағы жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
«Байқауға қатысуға 30-дан астам үміткер өтініш білдірді. Олар сайыс талаптарына сай 90 минут ішінде үш беттен тұратын эссе жазулары керек. Тіл мамандары мен әдебиетшілерден тұратын қазылар алқасы өз кезектерінде эссенің жоғары сауаттылық деңгейде жазылуын, тақырып мағынасының ашылуын, әдеби жанрдың қамтылуын қатаң бақылауда ұстайтындықтарын ескерттік. Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – тұрақтылық пен татулықтың темірқазығына, ұлттар достығының ұйытқысына айналып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын көрсету» дейді ҚХА Достық үйінің маманы Кенжебай Өмірбеков. Байқау нәтижесінде үдеден шыққан үш үміткер жүлделі орындарды иеленді. Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектебінің 9-сынып оқушысы Зарема Миссирова І орынды қанжығасына байласа, ІІ орын «Вынхуа» ассоцациясының намысын қорғаған №34 орта мектептің 8-сынып оқушысы Роза Камалованың еншісіне бұйырды. Ал ІІІ орынды Тараз қалалық №24 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Анжелика Легонькая алды. Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».