- Advertisement -

Орталық саябақ ашылды

87

- Advertisement -

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық орталық саябақтың да ашылу салтанаты болды. Айта кетерлігі, карантиндік шектеу шараларына байланысты аталған мәдени-тынығу орны көпшілікке қашықтан онлайн-хабар тарату арқылы таныстырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, көптен жөндеу көрмей, сәні кете бастаған орталық саябақты қайта жаңғырту жұмыстарына аудан бюджетінен 73,9 млн. теңге қаражат жұмсалған. Онымен мердігер «Жасыл-Жуалы» МКК айналысқан. Нәтижесінде көз сүйсінер қыруар тірлік атқарылған.


Саябақтың орталық кіреберіс қақпасы мен сыртқы қоршаулары жаңа эскизбен дайындалған. Жұмыс біткенде саябақтың іші-сырты, төңірегі адам танымастай өзгерген. Алдына көлік тұрағы салынған. Бірыңғай суғару жүйесі жүргізіліп, саябақтың аумағы түгелдей көгалды аймаққа айналды. Тал-дарақтар күтімге алынған.
Орталық саябақтағы қайта жаңғыртылған жер телімінің алаңы 1,44 гектарды құрайды. Айналаға ерекше сән беріп тұрған жазғы жабық амфитеатрдың құрылысы аяқталған. Амфтитеатрдың сахнасы жабдықталып, төбесі жабылуда. Оған қоса көрермендер отыратын отырғыштар жасалып, төбесі жабылған. Сәл әріректе жаңа спорт алаңдары, балалар демалыс аймағында роликті коньки алаңшасы салынуда.
Саябақта жаяу жүргіншілер жолдары, балалар ойын алаңдары, спорттық алаңша бой көтерген. Орталық жүргіншілер жолының ортасына және саябақтың өне бойына қуат үнемдейтін 12 жарықтандыру шамы орнатылған.
Саябақтың сәнін үш субұрқақ ашатын болады. Келушілерге қолайлы болуы үшін әжетхана да көзделген. Теннис, волейбол, баскетбол корттары жайластырылған. Әсіресе, жабық алаңқайға «Стрит воркаут» үлгісімен орнатылған бой жазу тренажерлері балалар мен ересектердің қызығушылығын туғызып, ниет білдіргендер күннің суығына қарамастан келіп, түрлі дене жаттығуларымен айналысып, шынығуда.
— Орталық саябақ ауыл тұрғындары мен қонақтарының ойын-сауыққа, сарқылмас күш пен жарқын естеліктерге кенелуге болатын керемет орынға айналып, өзімен деңгейлес аудандық саябақтар арасында ең көрікті де үлгілі саябақ болатынына сенімдімін. Ересек тұрғындар мен балалардың бір мезгіл қол боста келіп, мәдени тынығу мақсатында уақыт өткізетін сүйікті орны болады, — дейді Асхат Базарбайұлы.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support