- Advertisement -

Тараз ЮНЕСКО-ның мәдени мұра нысандары тізіміне қашан енеді?

500

- Advertisement -

Елбасы-Тұңғыш Президентіміз өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп атап өткендей, біз өзіміз тұрып жатқан өңірдің тарихы мен Елбасы айтқандай қасиетті орындарын тереңірек тани түсуіміз керек. Осы тұрғыда таным түсінігін арттырып, өңір тарихының өткенін тануға талаптанып, бір кезде қазба жұмыстарын жүргізуге өз тарапынан қолдау білдірген, бүгінде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген Бақтияр Көпбосыновты сөзге тартқан едік.
– Бақтияр Бейсембайұлы, сіздің тарихқа қызығушылығыңыздың барын бұрыннан білеміз. 2011жылдан бері « Тәуелсіздіктің ақ таңы» журналы, «Айқын», «Ақ жол», «Знамя труда» газеттерінде Тараз қаласының тарихына қатысты жарияланған көлемді мақалаларыңыз арқылы сізді ел басқа қырыңыздан таныды. Танып қана қоймай өзі білетін өңірдің тарихын жан-жақты зерттеп, шетелдік тарихшылардың зерттеулеріне сүйеніп болжам жасайтыныңыз да белгілі болған еді. Әңгімеміздің әлқисасын сіздің мамандығыңыздан бастасақ. Жалпы мамандығыңыздың тарихқа қатысы бар ма?
– Туған жердің тарихын білу әрбір ұлтжанды азаматтың парызы деп білем. Өзім 1987 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының инженер-гидротехник мамандығын қызыл дипломмен бітірдім. Сөйтіп өзім оқыған институтта қалып «Инженерлік геодезия» мамандығы бойынша студенттерге сабақ бердім. Ал 2010 жылы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасына басшы болып ауысқан сәттен бастап туған қаламның тарихын зерттеуді өзімнің хоббиіме айналдырдым.
Мен жаңалық ашудан аулақпын. Бірақ қазақ тарихында әлі де ашылмаған ақтаңдақтар көп. Өткенде әлеуметтік желіде әріптестеріміз Тараз қаласына 2020 жыл деп жарыса жазып, бір-бірін қала күнімен жарыса құттықтап жатқанын көріп қалдым. Естеріңізде болса ел болып 2002 жылы қаланың құрылғанына 2000 жыл толуын республика деңгейінде дүрілдетіп тұрып атап өткен едік. Сонымен қанша жыл өтсе де әлі де Тараз қаласын 2000 жыл деп айтудамыз. Дегенмен біраз тарихшылар қала жасын әлі де ары 50 жылға жылжытуға болатындығын айтуда.
Шындығында Тараз қаласы туристер мен зерттеуші ғалымдар үшін әлі де жұмбақ. Нақты қала жасын әлі күнге дейін еш жерде, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе Тараз қаласы туралы шығарылған деректі фильмдерде, жиындарда айтылмай келеді. Барлығы да 2000 жылдық тарихы бар қала деп атауда. Жылда көне қала орнында археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Әр жылдарда археологиялық қазба жұмыстары барысында қала дамуының әр кезеңі туралы мағлұмат беретін деректер жиналып, археологиялық құнды мұралар, ескі қала орнынан табылған жәдігерлер қаламыздағы тарихи мұражайға қойылған. Дегенмен де ол жерде де қала жасын анық, қай жылы екендігі туралы анықтайтын дерек жоқ.
Тектұрмас мемориалдық кешенінде орнатылған жылнамаларға қарасақ Тараз қаласының ірге тасы І ғасырда қаланған деп жазылған. Егер біз сол дерекке сүйенсек онда Тараз қаласының жасын 70 жылға азайтамыз. Сондай-ақ ондағы тақталардан қаланың негізін қалаушы Шөже есімі де таңбаланған. Орыс тарихшылары оны Чжи жи десе, қазақ тарихшылары Тезек (Шөже) немесе Тезек Тәңірқұт деп келтіреді өз жазбаларында. Сонымен Чжи жи немесе Тезек (Шөже, Тәңірқұты) кім болған?
Тарихи деректерге қарасақ, Ғұн билеушісі Тезек Тәңірқұты немесе Шөже араға біраз жыл салып, қытай императорымен араздасқан соң қаңлы мемлекетінен қоныстауына рұқсат сұрайды. Қаңлы билеушілері Тезекке Талас өзенінің бойынан жер беруге келіседі. Сөйтіп Тезек 30 мың адамымен жолға шығады. Қаңлы билеушісі оны 10 мыңнан аса ат, түйе арбалармен үлкен көштің алдынан шығып, Тарбағатай өлкесі маңында қарсы алады. Жолда қатты боран соғып Тезек Тәңірқұты жұртымен қатты шығынға ұшырайды. Тек 3 мың адаммен ғана келеді. Бұл оқиға біздің дәуірімізге дейінгі 49 жылы болған. Сөйтіп Талас өзені жағасын жетіп, қала бекінісінің іргетасын қалайды.
Қаңлы ханы Бетен Тезек Тәңірқұтыны жақын тартып қызын береді. Талас жағасынан екі жылда қала салынып ол қаланы соғуға Рим легионерлері де атсалысады. Қамал тұрғызып алған соң ол уақыт өте қаңлы билеушілеріне бағынбай кетеді. Сөйтіп Тезек Тәңірқұты өзін атағы шартарапты шарпыған үлкен ұлыс есептеп, үйсін мен қаңлы мемлекеттерінің ауылдарын шабады. Қытай жазбаларында «Қаңлы ханының дегдарын өлтірді, тіпті бірнеше жүз бейкүнә бұқараны қырып салды. Кейбіреулерінің қол-аяғын бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастады. Бұқараны қала қорғанын салуға айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда әрең аяқталды. Аорс (Алан елі), Дад-уан (ферғана жері) және т.б. елдерге жылсайын ұдайылық көпшір тапсырып тұрасыңдар деп елші арқылы қысым жасады. Бұл елдер оның айтқанын амалсыз орындап тұрды. Сөйтіп Тезек Тәңірқұттың күшейіп бара жатқаның естіп, оның келешекте Ғұн мемлекетінің бұрынғы қуатына ие болып, Қытай мемлекетіне қауіп төндіре ме деп Қытай қолбасшылары Чын Таң Гән Яншоумен Тезекті тақтан тайдыру үшін үлкен әскер жинайды. Тезек салған қалаға жорық жасап, қаланы жаулап алады. Бұл оқиғаны Қытай жылнамаларындағы Хәннама 70 бума 95-96-97-беттерінен оқуға болады. Б.д.д. 36 жылы қаланы қорғаған кезде Тезек жауынгерлерімен бірге ұрыс даласында қайтыс болады. Сөйтіп қытай әскері өз мақсаттарына жетіп, еліне қайтады. Л.Гумилевтің еңбегінде бұл Талас шайқасы болып тарихта қалған.
– Сонымен Тараз қаласына қанша жыл, қай күні атап өтуіміз керек сіздің ойыңызша?
Тараз қаласы ТМД ішіндегі 10 ескі қалалар тізімінде бекер тұрған жоқ. ТМД ішінде Бұқара – 2500, Самарқанд – 2750, Әзірбайжанда Гянджа қаласының – 2504, Тәжікстан Хуржандт қаласының – 2500, Ресей Мәскеу қаласының – 873 жылдық мерейтойларын атап өтті. Тараз да сол 2 мың жылдық тарихы бар қаланың бірі.
Біз 2011 жылы шығарылған «Сокровища древнего средневекового Тараза и Жамбылской область» (редакциялық кеңес құрамы төрағасы сол кездегі облыс әкімі Қ.Бозымбаев, әкім орынбасары М.Төлепберген, Мемлекеттік Ғылым Академиясының академиктері К.Байпаков, Б.Куменов, профессорлар Г.Капекова, Р.Сулейманов, С.Жолдасбаев, К.Дауренбеков) атты кітаптың «Хұндар» деген бөлімінде Қытай жылнамаларына сүйенеміз (114бет). Б.д.д. 49 жылы хұн патшасы Тезек Талас өзені бойында Тараз қаласының іргетасын қалайды деп жазылған. Жоғарыда келтірілген басқа да тарихшы-ғалымдардың Қытай жылнамаларына сүйеніп, жазған еңбектерін өзім екі-үш қайтара оқып, талдап – Тараз қаласына 2021 жылы 2070 жыл толады деген тұжырымға келдім.
БҰҰ Бас Ассамблеясының №68/239 резолюциясына сәйкес 21қазан бүкіл дүниежүзілік қалалар күні болып жарияланған. Осы датаға жақын демалыс күндерін дүние жүзінде көптеген қалалар өз қалаларының туған күні ретінде атап өтуде. Біздің қала күні де осы күнге сәйкестендірілген. Ал ұлы тұлғалардың есімдерін иеленген қалалар сол кісінің туған күніне сай атап өтілуде. Мысалы, 27 мамыр Санкт-Петербургте қала күні, қаланың құрған Петр І патшаның құрметіне, Ташкент қаласы күні 9 сәуір, Әмір Темірдің туған күні құрметіне орайластырылған. Енді Тараз қаласының іргетасы қай айда қаланды? Біз білетініміз Тезек Тәңірқұты қатты боранға ұшыраған, бірақ ол қыс айлары емес, себебі қыс айларында адамдар көшпейді. Демек, ол оқиға күз айында болуы мүмкін. Күздің соңғы айларында кенеттен күн суытып, арты қарға, боранға ұласуы тез. Мәселен, биыл қазан, қараша айларында Тарбағатай өңірінде қар түскен жоқ па?!
Қазір Тектұрмас тарихы кешенінің жұмыстары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жанданып келеді. Кешен келер жылы толық іске асады деп жоспарлануда. Сол кешендегі жылнамаларға түзету енгізіп, кешеннің толық ашылуына орай қала күнін қараша айында атап өткен дұрыс болар еді. Сондықтан 2021 жылдан бастап біз қаланың толық жасы 2070 жыл деп жариялап, әр жыл сайын қала күніне жыл қосып отыруымыз керек. Бұған қала әкімдігі, ақпарат құралдары, ішкі саясат басқармасы, мекемелер қала күніне қарай өтетін іс-шараларда «Тараз қаласына – 2070 жыл» деп атап өткені дұрыс. Әрине, пандемия кезінде үлкен тойлардың керегі жоқ шығар. Бірақ шағын іс-шаралармен атап өтуге болады ғой?
– Сіз еліміздегі аудан әкімдері арасында бірінші болып көне қала жұртындағы қазба жұмыстарына қаржы бөлдіңіз. Ол жұмысты бастауға не себеп болды? Ол қаланың тарихы қандай? Тараз қаласы тарихымен ол қала арасында байланыс бар ма?
– Жуалы ауданы әкімі қызметін атқарып жүргенімде өңіріміздің археолог-тарихшылары Ескендір Төребеков пен Сауран Қалиевқа жолығып, Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының профессоры Л.Боровкованың «Царства», «Западного края» во ІІ-І веках до нашей эры» «Восточный Туркестан» атты ғылыми кітаптарындағы картаны көрсеттім. Сол ғылыми еңбектегі картада Жамбыл қаласы маңында Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы Битянь (Бүден) схема түрде берілген. Сол қаланың орны Жуалы жерінде болу мүмкін деген ойымды айтып қазба жұмыстарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаржы бөлуге дайын екендігімді жеткіздім. Содан қазба жұмыстары басталып кетті. Алғашқы күннен бастап қазба жұмыстары өзінің оң нәтижесін берді. Біз қазған қалашық Жамбыл облысының Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы реестрде ортағасырлық Бурно-Октябрское деген атпен белгілі.
Қазба жұмыстары кезінде ол қаланың астында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және біздің дәуіріміздегі І ғасырларда өмір сүрген қала жұртының орны анықталды. Бұл қала орнында болған тарихшы, академик, марқұм Карл Байпақов қала жұртынан табылған 3 мыңнан астам жәдігер мен ғимараттың соғылу үлгісіне қарап, оны Қаңлы мемлекеті дәуіріне жатқызған болатын. Бұл қала орнына жүргізілген археологиялық жұмыстар еліміздің ғана емес, көптеген шетелдік тарихшыларды қызықтырып отыр. Өйткені қазақ жерінде бүгінге дейін біздің дәуірге дейін жататын қала жұртының бүтін табылғаны жоқ. Қабырғасы 1,5 метрді құрайтын басқару орталығының қышпен соғылған ғимараты сол күйінде сақталғандығы тарихшыларды таңғалдырды. Тарихшылардың осы қалаға жасаған бір байламы, бұл Қаңлы мемлекетінің жаздық астанасы Бүден (Битянь) қаласы болуы мүмкін деген болжамы бар. Егер бұл тарихшылар айтқандай Бүден қаласы болса, Тараз қаласының жасы да өзінен-өзі анықталғалы тұр.
Дәлірек айтсақ б.д.д ІІ-І ғасырларда қаңлы билеушілерінің Бүден (Битянь) қаласы болғандығы туралы осыдан 2154 жыл бұрын осы өңірде болған қытай императоры Дидің арнайы тапсырмасымен келген Чжан Цзян өз естелігінде жазып қалдырған. Сол қала орнын әр кезде тарихшылар, археологтер Қазақстанның Оңтүстік өңірінен іздегені белгілі. Олар қазба жұмыстарын жүргізгенімен, әлі күнге нақты орны анықталмай келеді. Қытайдың «Хәннама» кітабына сүйенген Әбіш Кекілбаевтың 2002 жыл шыққан «Талайғы Тараз» кітабында: «Самархан патшалығы (Қаңлы, Қанжуй, Қангөй) астанасы Зарафшан ойпатында, ал жазғы ордасы солтүстіктегі Әулиеата немесе Талас маңында болған сыңайлы. Тезек Тәңірқұтының бекінісі сол қаңлылардың жазғы ордасы маңайындағы Таластың жоғарғы ағысы бойында болған секілді. Ол төңірек шөл дала емес, құнарлы өлке екендігі айтылады»деп жазады.
«Хәннамада» келтірілген деректерге қарағанда, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, Жуалы маңында қаңлылардың жазғы ордасы, тіпті астанасы болған деп айтуға толық негіз бар. Себебі қазіргі қазба жұмыстарындағы жәдігерлер соны айқындайды. Әрине, қазба жұмыстары енді басталды. Толық аяқталған кезде оны толығырақ дәлелдеуге негіз болады. Оған орыс археологі, тарихшы ғалымы Л.А.Боровкованың «Взаиморасположение царств по Хан шу» (ІІ в.д.н.э –Ів.д.н.э 365-667 стр) атты б.д.д ІІ және І ғасырларды қамтитын еңбегі дәлел.
Жоғарыда айтылған картаға қарайтын болсақ онда қаңлы мемлекетімен шектескен мемлекеттер мен олардың астаналары көрсетілген. Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу, Қаңлы мемлекетінің астанасы Бүден (Битянь), сондай-ақ Сюнну мен Давань мемлекеттерінің де астаналары картада көрсетілген. Ал Әбіш Кекілбайұлының «Талайғы Тараз» кітабында жапон ғалымы Мацуда Юебаньның: «Қаңлы мемлекеті Чу (немесе Суяб) аңғарынан Таласқа (Тараз), тіпті Қырғыз (қазақ) далаларына дейін жайылып кетеді», деген дерегі келтіріледі. Осы деректерге сүйене отырып, келтірілген аймақ Жуалы өңірі болуы әбден мүмкін деп ойлаймын. Ендеше Талас маңында орналасқан Жуалыдан өзге жазы салқын, жері құнарлы, тау «емшегінен» шымырлап шығар мың-сан бастау көзі көп қай жер болуы мүмкін?
Жалпы Қазақ тарихына қатысты деректік материалдар қытайдың «26 тарих» аталатын жылнама-жинақтарында берілген. Қытай тарихында жазу пайда болғаннан бері мыңдаған жылдар бойы дерек, шежіре, тарих, жылнама, естелік-ескерткіш жазу дәстүрі сақталды. Соның ішінде қазақ халқының этникалық тектері және олардың тарихы, мәдениеті жөніндегі жазба деректерді де осы жылнамалардан көптеп ұшыратамыз. Қазақстан тарихынан ертеректе Ресейде және Қазақстанда жазылып жарық көрген еңбектерде сонау сақ, ғұн, қаңлы, үйсін, алан, түрік, қыпшақ тағы басқа ұлыстар, мемлекеттер туралы жазба деректер осы жылнамалардың Н.Я.Бичурин аудармасынан алынғаны мәлім. Осы ретте мен 2006 жылы «Өнер» баспасынан басылып шыққан «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (Б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары)» атты кітабын негізге алып отырмын. Бұл кітапты Қытай Халық Республикасы ШҰАР қоғамдық ғылымдар академиясының арнайы ғылыми жұмыс тобы, Қытайда тұратын қазақ тарихшылары қытай тілінен аудару арқылы дайындаған (Жұмыс тобының жетекшісі Жақып Мырзаханұлы, қытай тілінен аударғандар Әбділдабек Ақыштайұлы, Кәкеш Қайыржанұлы, Қаһарман Мұқанұлы және Самудин Әлғазыұлы). Көне қала орнында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Б.Сапарбаев өз тарапынан қолдау көрсететінін айтқан болатын. Жалпы бізді алдағы уақытта әлемге сенсация жасайтын жаңалық күтіп тұр. Бұған қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ғылыми мекеме АРК» ЖШС директоры археолог-өлкетанушы Ескендір Төребеков, археолог, тарих ғылымының кандидаты Дүкей Талеев оған сенімді. Ал Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры академик Бауыржан Байтанаев осы үміттің ақталуына өз үлесін қосуда.
– Енді Тараз қаласын Дүниежүзілік мәдени және тарихи мұраны қорғау тізіміне қалай қосуға болады? Біз Тараз қаласының жасын 2002 жылы 2 мың жыл толды деп белгілеп, атап өткенімізбен де, ол әлі күнге ЮНЕСКО тізіміне ілікпеген де. Жалпы біздің облыста бұл тізімге енген бес нысан «Ақтөбе» (Баласағұн), «Өрнек», «Құлан», «Қостөбе» қалашықтары мен «Ақыртас» сарай кешені болса, енді 6-шы етіп Тараз қаласының тарихи орталығын енгізуге мүмкіндіктер бар ма? Ол қандай мүмкіндіктер дер едіңіз?
– Қазақстан Республикасы дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы Конвенцияны 1994 жылғы 29 сәуірде ратификациялады. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне 1200-ге жуық нысан, оның ішінде әлемнің 150-ден астам қаласы кіреді.
Енді осы тізімге Тараз қаласының тарихи орталығын да енгізу қажет. Дүниежүзілік мұра тізімін қосу үшін алты критерийдің біреуіне сәйкес келу керек. Меніңше, 3 критерий бойынша біздің қаланың тарихи бөлігі, яғни қазба жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан астындағы мұражайға айналған аумағы кіре алады. Мұндай аумақтар Түркия, Иран, Ирак, Қытай т.б. елдерде мәдени мұра тізіміне енген. Оған қойылатын үш талап, бірінші, архитектураның, инженерлік монументтік өнердің, тарихтың белгілі бір кезеңіндегі ландшафтық жобалаудың құндылықтарын (оған қаланың тарихи бөлігінің орналасқан жері, қазба жүргізілген жер және сол жерден табылған артефактілер) кіргізуге болады. Екінші, белгілі бір маңызды тарихи кезеңнің сәулет-инженерлік ансамблінің ғимараты типінің (мысалы оған ортағасырлық монша, көше, үй, кент т.б.), үшінші, тарихи оқиғаларымен байланысын (Б.д.д. 49 жылы Тезек құрған қала туралы деректілік жазбалар Қытайдың «26 тарих» аталатын жылнама-жинақтар) қамти отырып енгізуге болады.
Тараз қаласы дүниежүзілік мәдениет және табиғи мұра тізіміне кіруі, туризмнің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Туризм қарапайым адамның өткен ескерткіштерге деген қызығушылығын оятады және өңірдің экономикасын көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар, қаланың керемет тарихи деректер бойынша сценарий жазып, кино шығарса нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support