Саясат

Қажылық – қасиетті парыз

Қажылық – қасиетті парыз

Биыл Мекке-Мәдинаға облысымыздан 500-ге жуық мұсылман аттанады

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қажылық парызының жауапкершілігі зор әрі марапатының шексіз екенін өз хадистерінде ескерткен. Адамды анадан жаңа туғандай пәк, таза кейіпке бөлендіретін қажылық – ислам діні талап ететін бес парыздың соңғысы.

Қажылыққа ниет еткен адамның денсаулығы мықты, ақыл-есі дұрыс, кәмелетке толған, осы парызын өтеу кезінде отбасын асырай алатындай қаражаты бар және қажылыққа деп жинаған қаражаты адал еңбекпен тапқан болуы керек. Біздің облысымыздан бұл парызын орындауға жылда шамамен 700-ден астам адам өтініш білдіретін болса, биыл бұл сан 500-ге ғана жуықтап отырған көрінеді. «Яссауи» туристік фирмасының облыс бойынша өкілі, ҚМДБ-ның облыс бойынша бекітілген жауапты имамы Исатай Оразов мұның себебін әлеуметтік жағдаймен байланыстырады. «Жалпы еліміз бойынша қажылыққа бару үшін 5000 адамға квота бөлінеді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда адам саны бәсеңдеу. Сондықтан, былтыр облысымыздан700-ден астам адам қажылыққа аттанған болса, биыл шамамен 500-дей адам сұраныс білдіріп отыр. Оған жалпы қаржы мәселесі себеп. Жылда бір ғана өзіміздің «Яссауи» фирмасымен облыстан баратын адамның саны 60-тан асатын болса, биыл 36 адам ғана аттанғалы отырмыз. Еліміз бойынша мұндай 20-дан астам фирмалар жұмыс жасайды. Олардың облысымызда өз өкілдері бар. Қажылық қыдырып барып, серуендеп қайтатын демалыс орны емес. Бұл сапарға адам рухани дайындықпен шығуы керек» дейді ол.

Қажылық сапарға аттанушылардың алды бүгін жолға шықпақ.

Гүлжан РАХМАН,

«Ақ жол».