Саясат

Таңдаушылармен кездесті

Таңдаушылармен кездесті

Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, Парламент Сенатының депутаттығына үміткер ретінде тіркелген азаматтар үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Парламент Сенатына депутаттыққа облыстан кандидат болып тіркелген Мұратбай Жолдасбаев, Махамбет Дүйсембаев, Владимир Новоселов Жуалы ауданында болып, таңдаушылармен, яғни, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Мұратбай Жолдасбаевпен болған кездесуді оның сенімді өкілі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай ашып, таңдаушыларды М. Жолдасбаевтың еңбек жолымен таныстырды. Әсіресе, оның облыс әкімінің орынбасары қызметінде өзінің барлық жақсы қырынан танылғанын, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқанын айта келіп, сайлау күні Мұратбай Жолдасбаевқа дауыс беруге шақырды.

Мұратбай Жолдасбаевтың өзі де сөз алып, өмір бойы ауылшаруашылығында ел игілігіне еңбек етіп келе жатқанын, бұл бағыттан ешуақытта танбайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарының салаға қатысты көптеген сұрақтарына жауап берді.

* * *

Сенат депутаттығына тағы бір үміткер – «Тараз» футбол клубының директоры Махамбет Дүйсембаевтың таңдаушылармен кездесуін оның сенімді өкілі, еңбек ардагері Еркінбек Солтыбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол М. Дүйсембаевтың өмір жолы туралы айта келіп, қандай жауапты қызметте де өзін іскерлігімен көрсете білгеніне тоқталды, оның Сенат депутаттығына әбден лайық азамат екенін жеткізді.

М. Дүйсембаев өз сөзінде әр салада еңбек ете жүріп ел игілігі үшін атқарған жұмыстары туралы айтып, өзін аса жауапты қызмет – Сенат депутаттығына кандидат етіп ұсынған азаматтарға алғысын білдірді, таңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

 * * *

Сенат депутаттығына үміткер – Тараз қаласындағы «Имсталькон» ЖШС директоры Владимир Новоселовтың аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуін оның сенімді өкілі, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ильяс Дүйсен ашып, жүргізді. Ол жиналғандарды кандидаттың өмірбаянымен таныстырған соң сөз тізгінін Владимир Новоселов алып, елімізде, оның ішінде Тараз қаласында құрылысшы мамандықтарына жастарды оқыту және жұмысқа тарту жөнінде көкейде жүрген ойларымен бөлісті. Таңдаушылар тарапынан оған да көптеген сұрақтар қойылды. Оның барлығына Владимир Новоселов нақты да тиянақты жауап берді.

Сәбит Күзембаев,

журналист.

Жуалы ауданы.