Саясат

Көргені көп көшбасшы

Көргені көп көшбасшы

Қазақстанды алдыңғы қатарлы индустриялы мемлекетке айналдырды

Біздің Стратегия – 2050-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға

негізделуге тиіс.

Н.Ә. Назарбаев

Тәуелсіз еліміздің Мәңгілік Ел тұғырының сатыларымен биікке бет алуына серпін беріп келе жатқан Мемлекет басшысының барша қазақстандықтарға арнаған әр жылғы Жолдауын республиканың әр тұрғынының теледидардың алдында отырып бар ықыласымен мұқият тыңдайтындығы бүгінде кім-кімге де аян. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының 1997 жылы Қазақстан халқына жолдаған еліміздің 2030 жылға дейінгі кезеңдегі даму стратегиясын айқындаған Жолдауынан бастап, жыл сайынғы кезекті Жолдауларында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, оның қауіпсіздігін нығайту, ел азаматтарының бостандықтары мен құқықтарына кепілдік беру, ғылымын өркендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту сияқты қоғам өміріндегі өзекті мәселелердің шешімін табу жайы көрініс тауып келеді. Әрі ел Үкіметі жасап қабылдаған, Республика Президенті бекіткен бағдарламалардың негізінде жүзеге асырылып та жатыр. Міне, нақ сондықтан Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауын барша халықтың үлкен көңіл-күй өрлеуі үстінде қабыл алғаны анық. Біз де әріптестерімізбен бірге, Мемлекет басшысы тарапынан Қазақстанның болашағына, қазақстандықтардың мүдделеріне қатысты мәселелер терең қарастырылған тарихи құжаттың әр жолындағы қағидаттармен зерделей таныстық. Қуана қолдап, қостайтынымызды сезіндік.

Ұлт Көшбасшысының биылғы Жолдауының мазмұндылығы мен нақтылығы, құжатты көңіл қоя тыңдап, оқып шыққан әрбір ел азаматына пайымды ой салғаны анық. Себебі, онда республика егемендігінің 23 жылы аралығындағы барша қазақстандықтарды біріктірген, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар атап көрсетілген. Халықаралық сарапшылардың айғақтауынша, уақыт сынынан өткен Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болды, ел астанасы болатын қалаға дұрыс таңдау жасалынды және елордасы — Астана жыл өткен сайын тотыдайын түрленіп, сәулеттеніп келеді. Қоғамымыздағы ұлттар мен ұлыстар арасындағы ауызбірлік, бейбітшілік пен келісім салтанат құруда. Елімізде жоғары руханиятқа негізделген зайырлы қоғам қалыптасып орнығуда. Оның үстіне мемлекетіміз индустрияландыру мен инновацияларға негізделген тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан атсалысып отырған, тарихы мен мәдениеті және тілі ортақ еліміз бүгінгі таңда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағдар түзеуде.

Былайғы қауым Жаратқан Алланың желеп-жебеуі арқасында ғана еліміздің адамзат тарихында бес жүз жылда бір-ақ кездесетін құбылыс — бейбіт жолмен бодандық бұғауынан құтылып, азаттыққа қол жеткізгендігін ұмытпауы, сол басқа қонған бақ — тәуелсіздікті баянды ету үдерісіне Елбасының бас болып келе жатқандығын жадыдан шығармауы шарт. Рас, пенделіктің салдарынан болар, екінің бірі, егіздің сыңарының басына қонған бақыт құсының қадір-қасиетін біле бермейтіндігі де белгілі. Дегенмен, саналы ғұмырында өз тіршілігіндегі Жер-Ананың, ауа мен судың, нан мен тұздың, әкесі мен анасының, бірге туған бауырларының алар орнын түсініп, қадіріне жететін жандардың ел егемендігі сияқты Алла тағаланың жіберген жақсылығын бағалай білері сөзсіз.

Мемлекет басшысының сол алған тәуелсіздігіміздің тұғырлылығы үшін, бүгінде халықаралық қауымдастық мойындаған еліміздің шаңырағы биік, керегесі берік, туырлығы бүтін болуын көздеп, соған бүкіл ақыл-парасатын, жігер, қайратын жұмылдырып келе жатқанына Құдай қаласа биыл 23 жыл толғалы отыр. Міне, осы уақыт аралығында жарық көрген Ұлт Көшбасшысының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасы», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдаулары мен еңбектері және одан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы ел Үкіметінің қолданған шаралары Қазақстанның әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатынан табылуына және халықаралық қауымдастықтағы барынша өркендеген елу елдің қатарынан көрінуге батыл қадам жасауына мүмкіндік туғызуда. Ал Елбасының биылғы «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы кең-байтақ еліміздің ел-жұртына «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып, оған жетудің жолдарын нақтылап берді. Осы айтылған жайлардың барлығы да бүкіл республика жұртшылығы қатысқан 1991 жылғы желтоқсан айындағы Республика Президенті сайлауынан бастап, Мемлекет басшысы қайта сайланған жылдарда қазақстандықтардың үнемі дұрыс таңдау жасап келе жатқандығын аңғартса керек.

Хакім Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танитындығы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – деген. Міне, халқымыз тәнті болған Ұлы Абайдың айтқан бағасына лайық, сұңғыла көңілімен замана тынысын дөп басып, бағамдай білетін үлкен парасат иесі — біздің Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев деп білемін. Соның бір дәлелі ретінде, Ұлт Көшбасшысының ел тәуелсіздігінің 23 жылы аралығында өркениетті қауымды таң-тамаша етіп, күні кешегі артта қалған аграрлы ел — Қазақстанды алдыңғы қатарлы индустриялы мемлекетке айналдыра білгендігін, республикамызды дүниежүзіне танытқандығын айтсақ та жеткілікті.

Тағы бір мысал: Елбасы әлем жаһандануға бет бұрған тұста бұйырған тәуелсіздігімізді нығайтатын да, оны одан әрі баянды ететін де жастар екендігін көрегендікпен болжай білді. Соған байланысты еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардың өзінде-ақ, туындаған әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан қабілетті, дарынды жастарды «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел асырып оқытты. Енді міне олар лек-легімен елге оралып, мемлекеттік билік жүйесінің жауапты буындарында, экономика саласындағы құрылымдарда басшылық тізгінін қолға алуда.

Бүгінде жасы қырыққа таяған біздер, бұрынғы унитарлық-тоталитарлық жүйе ыдырар алдында ғана мектепті аяқтап, жоғары оқу орнының табалдырығын енді ғана аттаған жастар едік. Елбасының бас болуымен жас мемлекетіміздің Конституциясын жазуға атсалысқан ғалым-заңгерлер Ғ. Сапарғалиев пен М. Баймахановтан дәріс алып, тәуелсіз еліміздің заңнамасын оқып-үйрендік. Әлі де үйрену үстіндеміз. Өйткені, жаһандану аясы өте күрделі үдеріс. Үздіксіз ізденіп, білімің мен біліктілігіңді ұштап отырмасаң, өркениет көшінен кейіндеп қалып қоюың әбден мүмкін. Бұл — Елбасының артқан сенімін ақтауды парызы санайтын әр адамның ұдайы жадында болатын қағида. Тек сонда ғана ол кіндік қаны тамған туып-өскен жерінің түлегі, егемен елдің белсенді азаматы ретінде Елбасының Жолдауларынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға үлес қоса алады.

23Дархан әл-Тарази,

Қазақстан

Журналистер

одағының мүшесі.