Қордайдағы жанжалға байланысты сотталғандардың жазасы жұмсартылды

7

Кеше апелляциялық шағымды қараған әскери сот Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалға байланысты сотталған жеті адамның төртеуінің жазасын жұмсартты. 

Сот төрт сотталушыға берілген түрме жазасын шартты жазамен ауыстырған. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған сотталушылардың барлығы бірінші инстанцияда дәл осы мөлшерде түрме жазасын алған болатын. Сот үкіміне сәйкес:

  1. Ерлан Бұралқыновтың бостандығы 3 жыл 20 күнге шектелді;
  2. Алмат Тілеуғалиевтің бостандығы 3 жылға шектелді;
  3. Рүстем Бежібайдың бостандығы 4 жылға шектелді;
  4. Ұлан Атанбаевтың бостандығы 3 жылға шектелді.

Сотталушылар 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге де міндеттелген. Сот оларды қамаудан бірден босату туралы қаулы шығарған.

Қалған үш сотталушыға шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Бірінші инстанцияда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және «ұрлық жасады» (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деп айыпталған Абзал Нұраханов 8 жылға сотталған еді.

«Аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп айыпталған Мырзағали Дүйсенбаев — 5 жылға, Бақытбек Ибрагимов 7 жылға сотталған болатын.

Бұл іс бойынша алғашқы сот үкімі 29 қыркүйекте шыққан.

Естеріңізге сала кетсек, 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болды. Оқиға кезінде 11 адам қаза тауып, 120-дан астам қылмыстық іс қозғалды және 50-ден астам адамға айып тағылған.

Ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Comments are closed.