Таразда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті

7

Онлайн режимінде өткен «Азаматтық қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы» облыстық форумының алаңында үкіметтік емес және мемлекеттік секторлардың өкілдері өз жұмысының нәтижелерін талқылап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды айқындады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларын құттықтады. Ол 30 жыл ішінде серіктестік, мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы ынтымақтастық жүйелі сипатқа ие болғанын атап өтті. Бүгінгі күні облыста алты саяси партия, 894 Үкіметтік емес ұйым, 356 діни бірлестік, 12 қоғамдық кеңес, 15 кәсіподақ ұйымы тіркелген.

— Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Үкіметтік емес сектор демократия қағидаттарын нығайтуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосады. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттің тең құқылы серіктесі ретінде қарастырылады. Тек биылдың өзінде оларды дамытуға миллиардтан астам теңге бөлінді. Біз сіздердің халық арасында қалай жұмыс жасап жатқандарыңызды көріп, біліп отырмыз. 30 жыл ішінде Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары өздерінің маңызды рөлдерін көрсетіп, еліміздің нағыз патриоттары екенін дәлелдеді. Біз мұны жақсы түсінеміз, алдағы уақытта да өңір тұрғындарының игілігі үшін бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, — деді өңір басшысы.

Ол азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасы мемлекеттік органдардың Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге көмектесетініне сенім білдірді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі Болат Тілепов форумға қатысушыларды мемлекет әлеуметтік бастамаларды әрдайым қолдайтынын баса айтты.

— Жамбыл облысындағы азаматтық сектор қоғамдық бақылау құралдарын табысты пайдалануда, волонтерлік белсенді дамуда. Білім беру сапасын жақсартуға, азаматтардың денсаулығын сақтауға, тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінеуде, — деді ол.

Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева әріптесін қолдап, Жамбыл облысындағы жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес сектор тұрақты байланысын атап өтті.

— Бұған дәлел – «Асар» оңалту сауықтыру кешені ғимаратының құрылысы, — деді Бану Нұрғазиева. Үкіметтік емес ұйымдар рөлін талқылау шаралары панельдік секциялар барысында жалғасты.

Бұл күні, сондай-ақ, «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары мен «ASAR» премиясының жеңімпаздары марапатталды.

Азаматтық сектордың ең белсенді өкілдеріне «Халық алғысы» медалі және облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Comments are closed.