Олар мүсіркеуді емес, қолдауды күтеді

3

Камила БОРАШОВА

Тағдырдың теперішін көрген жандар айналасындағылардан  мүсіркеуді емес, қолдауды күтеді. Кедергісіз қоғам дегеннің өзі – заманмен бірге жаңарған игіліктерді тең пайдалану құқығы. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отырғаны да, сондықтан. Олардың мүддесін қорғау – басты назарда.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүмкіндіктерін арттырудың бір жолы – оңалту шараларымен және қажетті құралдармен қамтамасыз ету. Жүріп-тұруы қиынға соғатын жандар арбаға қандай мұқтаж болса, оны оңай рәсімдеу – олар үшін үлкен табыс. Осыны ескергендіктен, «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі аясында нақты міндеттер белгіленген.

Бір ғана Жуалы ауданынының өзінде биыл протездік-ортопедиялық құралға мұқтаж 156 азаматтан өтініш түсіпті. Ал кресло-арбаларға 17 сұраныс берілген. Аталған құралдарды жекелей сатып алуға бірінің шамасы келсе, енді бірінің жағдайы көтермейтіні анық. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін осындай жеңілдіктер оларға үлкен көмек екені сөзсіз.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шаралары үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Қолдауға мұқтаж азаматтардың тілек-өтініші назардан тыс қалмайды екен.

– Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары заңмен бекітілген. Біз қоғам болып олардың өмір сүру сапасын арттыруымыз керек. Оларды қоғамнан бөлектемей, кедергісіз орта қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Оң көзқарас таныта білсек, ондай жандар өздерін қоғамнан оқшау сезінбейтіні анық. Ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрету үздіксіз жүргізіліп келеді. «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша биыл 10 айында 82 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге, 34 мүгедек балаға әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетті. Сонымен қатар сурдо-тифлотехникалық, міндетті гигиеналық және компенсаторлық құралдарды қажет ететін азаматтардың өтініштері қабылданды, — деді Керімхан Әуесбекұлы.

Әлеуметтік қызмет көрсету шараларын негізінен жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге және есту кемістігі бар жандар қажет етеді екен. Жуалы ауданында амалсыз арбаға таңылғандарға 97 жеке көмекші және есту кемістігі бар осындай жандарға ымдау тілінің  мамандары қызмет көрсетеді. Ал «Мүгедектерге санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі аясында 173 өтініш түскен. Оның 138-і жолдамамен қамтамасыз етілген. Ал қалғандары белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылмақ.

Ауданда қоғамның осындай әлжуаз топтарына жататын, ерекше күтімді қажет ететін балалардың жалпы орта білім алу мәселесі де жолға қойылған. Үйде оқытылатын мүгедек балаларға жұмсалған шығындарды өтеу қызметі аясында бүгінде 82 баланың құжаттары рәсімделіп, 2107,4 мың теңге жәрдемақы тағайындалыпты.

 

Жуалы ауданы.

Comments are closed.