Кедейлік кейіпке түсіретін масылдылық

8

Әлеуметтік масылдылық мемлекеттің алға жылжуын, қоғамдық және экономикалық дамуды, ұлттық сананың өсуін тежейді. Жаппай масылдыққа бой ұрған ұлт Мәңгілік ел бола алмайды. Кедейлікке бастайтын осы керітартпа әдетке адам неге үйір?

Иә, Үкіметке қол жайып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетіндер аз емес. Елімізде масылдар тобына кіргендер едәуір. Солардың арасында дәмханасы, бірнеше көлігі бар Екібастұздық бизнесменнің де бар екені кейін анықталған. Бір қызығы ол мемлекеттен жәрдемақы алмаққа ниет етіп, жалған құжат тапсырыпты.

Қазір барлық жұмысты әйелге артып қойып, үйде жататын ер азаматтар да көбейді. Көп балаға төленетін жәрдемақысын алып, бар жылтырақты үстіне жапсырып, шайқалып басып, той тойлап жүретін аналар да жоқ емес. Өзім ауылдағы бірнеше отбасыны жақсы білемін. Бұрын сол төлемді алмай тұрған кезінде де, жұбайының айлық жалақысын олай тартып – онда, былай тартып – мұнда жеткізе алмай жүретін. Үйіне қосымша табыс кіргелі де жағдайы жақсара қоймады. Ал керісінше, ай сайын тұрақты кіріс кіріп тұрмаса да, қорасындағы бірнеше сауын сиырын қақтап сауып, сүт-майын әзірлеп, ірімшік жасап, айранын саудалап жүрген еңбекқор келіншектің дәулеті жыл санап артып келе жатқанын байқаймын. Осыған қарап-ақ, еңбекпен таппаған ақшаның берекесі болмайтынын көруге болады.

Дерекке сүйенсек, осындай бардың қадірін білмейтіндер мен көйлегі көк, қарыны тоқтар өз берекелерін қашырып, жайсыз отбасылардың қатарына кірген екен. Біреуі – тойып,  ал енді бірі – тоңып секіріп жүргендер. Ішкі істер министрлігі былтыр тамыз айында республика көлемінде «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, бірнеше фактіні анықтапты. Бір күн ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісіне қатысты 500-ден аса азаматтан шағым түскен. Сондай-ақ полиция қызметкерлері алдын ала есепте тұрған 70 мыңға жуық адамның тұрғылықты жеріне барып, жағдайын тексеріп көрді. Сонда анықталғаны, тексергендердің 17 мыңға жуығы – отбасының шырқын бұзушы, 34 мыңы – ішімдікке салынған адам және 8,5 мыңы – берекесіз отбасы екен.

Әлеуметтік масылдылық дамыған елдерге де зиянын тигізуде. Бүгінде Еуропа елдерінің ішінде  ең дәулеттісі саналатын Ұлыбритания 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу үшін Спинхемленд заңын қабылдаған. Заң бойынша билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттелген. Бұл жаппай масылдықты тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елі  экономикалық тоқырауға ұшырап, оның соңы бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін әкеліп соққан. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кеткен. Осы заңның салдарымен ел кейін 40 жылдай күресті.

Ғасырлар бойы адамды адам еткен еңбек деп келсек, бүгінде сол еңбектің өзі үлкен проблема туғызып отыр. Тұрақты жұмыс – жайлы өмірдің негізі екенін мойындамайтынымыз біздің басты қателігіміз. Үкімет төлейтін әлеуметтік жәрдемақыларға қол созу – жалқаулыққа әкеледі. Ел болу үшін осындай зиянды психологиядан арылуымыз керек. Ол үшін сананы серпілтіп, жастарға сапалы білім беру керек.

«Көп баламды асырай алмаймын, жағдайым нашар», деп қол жайып көптен көмек сұрайтындарға белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің балалық тағдыры басқаға ой салса керек-ті. Елді аштық жайлағанда ұлы мен қызын жетелеп, Арқадан оңтүстікке бет алған ана жан-жақтан қасқыр қаумалап, үшеуі бірдей ажал тырнағына іліккелі тұрған тұста қызды қалдырып, жалғыз ұлды аман алып қалған. Бұл ұлт тарихының бір бөлшегі ғана. Осындай қиындықты еңсере алған ата-бабаларымыз қандай ер мінезді болған.

Ал асырап отырған ер азаматын –  Мұртазаны халық жауы деп, негізсіз жала жауып, түрмеге қаматқандағы Айшаның тағдыры ше?! Сонда да берілмей, пойыз вагонының темірінен ұстап, қыстың ызғырық желіне қарамай, балаларын асырау үшін  тігін машинасын алып келгенін  Шераға өз кітабында жазды емес пе?! Ал сол әйелдің қайсарлығы  бүгінгі аналардың бойында бар ма? Ананың көрсеткен қажыр-қайратын кейбір ер азаматтар жасай ала ма?! Қазір ел тыныш, еркіндік бар. Еңбек етемін, табыс табамын деген азаматтарға айтарлықтай кедергі жоқ. Сол кезеңмен салыстырғанда бізде қазір өзімізді қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік бар.

Технологиясы ғарыштық жылдамдықпен түрленген қазіргі заманда жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, осы қалыпта алға жылжымай қала береміз. Қазір де барды ұқсатып, жоқты жамап, өз тіршілігін жасап жатқандар жеткілікті. Олар ешкімге алақан жаймай, өз кәсіптерін ашып, бір жұмыспен айналысып жүр. Бір- бірімізден осындай жақсы әдетті үйренсек қане!

Осындай тақырыпта сөз қозғалса, кемеңгер Абайдың өсиеттері еске түседі. Адамға ең бірінші – талап, еңбек, терең ой керек. Мемлекет басшысы азаматтар, әсіресе, жас буын Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса, онда ел болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болады деп сенім білдіруі бекер емес.

 

 

Жадыра Мырзабай,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің

 3-курс студенті.

 

Comments are closed.