- Advertisement -

Шуға келіп-кетушілер көп болғандықтан жағдай да күрделі

79

- Advertisement -

Ерғали Қартайған

Жаз айларында ірі қалалардан бөлек, аудан мен ауыл-аймақта да ауруға шалдыққандар саны күрт өсіп, көз жұмғандардың қатары арта түсті. Дәл осындай қайғылы жағдай Шу ауданында да көптеп орын алды. Облыс орталығынан шалғайда жатқанымен, тоғыз жолдың торабында орналасқан аудандағы ішкі және сыртқы көші-қонның көптігі де қауіпті дерттің өршуіне ықпал еткені сөзсіз. Олай дейтініміз, Шуға өзге аудандардан келіп-кетушілердің қатары көп. Көршілес Мойынқұм ауданының өзінен Шудың орталық базарына келетіндердің саны күн санап артпаса, еш кеміген емес.

Әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы әлбетте, бұл – аурудың кең таралуының бір ғана себебі. Одан бөлек, ішіп-жейтін тамағы құнарсыз, салауатты өмір салтын ұстанбайтын  адамға да аурудың осы түрі үйір келетінін сан мәрте естідік.

Қазіргі кезде жағдай біршама тұрақталғандай көрінгенімен, өзге мемлекеттерде коронавирустың екінші толқыны басталып, тіпті аурудың құрбанына айналғандар саны бірінші толқынға қарағанда әлдеқайда жоғары болып отыр. Осыған байланысты, ДДСҰ барлық әлем елдерін сақтық шараларын қатаң сақтауға шақыруда. Шу ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Несіпкүл Қарсыбекованың айтуынша, алдыңғы аптаның соңында ауданда коронавирусқа шалдыққан бір адам тіркеліпті.

– Жалпы ағымдағы жылдың наурыз айынан бүгінге дейін Шу қаласынан бөлек, ауылдық округтерде 80-ге жуық адам індет жұқтырған. Олардың барлығын облыс орталығына жібердік. Оның 6-ауы аурудың асқынып кетуіне байланысты қайтыс болды. Бәріңізге белгілі, қайтыс болған адамдардың қатарында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айдар Мұқатаев та бар. Сонымен қатар, дертті жұқтырғандардың 11-і медицина қызметкерлері екенін де айта кету керек. Қазіргі кезде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Барлық жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде,  — дейді бас дәрігердің орынбасары.

Ал 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы жағдай бұдан да күрделі сыңайлы. Өйткені қалалық аурухананың бас дәрігері Бақыт Сәкенұлы тамыз бен қыркүйек айларының өзінде 63 адам індетке шалдығып, оның 11-і қайтыс болғанын айтады. Қала бойынша соңғы дерек 3 қазан күні тіркелген көрінеді. Алайда, бас дәрігер қазіргі жағдайдың тұрақты екенін және қажетті дәрі-дәрмек пен төсек орындары да жеткілікті екенін айтады. Қалай десек те, бұл індеттің қаншалықты қауіпті екеніне барлық тұрғындар көз жеткізді. Қауіпті вирустан қорғанудың жалғыз жолы – дұрыс тамақтанып, ағзаны сергек ұстап, жеке бастың гигиенасына мән беріп, мамандардың кеңесін бұлжытпай орындау.

P.S: Вирусолог мамандар денсаулығы қалыпты адамға бұл ауру ауа арқылы немесе вирустың қандай да бір затта қалып кеткен тамшылары арқылы жұғатынын айтады. Тіпті, бұл вирус кез келген ортада өмір сүруге бейімделген. Оны қай жерден жұқтырып алғаныңызды аңғармай қалуыңыз да әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер күнделікті жөтел бірнеше күнге созылып, дененің ауырсынуы мен дене қызуы көтерілсе, оған бей-жай қарауға әсте болмайды дейді.

 

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support