- Advertisement -

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты: Фосфор әлі мың жылға жетеді

324

- Advertisement -

 


Мұқаш Зұлқарнайұлы, «Қазфосфат» еліміздегі ең үлкен кәсіпорындардың бірі. Алайда соңғы жылдары Ресейдің «Еурохим» компаниясы да Жамбыл жеріне келіп, осы іспен айналысуда. Әрине, нарық заманында бәрін бәсекелестік шешеді. Дегенменде «Еурохим»-нің келгені кәсіптеріңізге кері әсер етті ме?
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін бір мәселені айта кетейін. Алла бұйыртса келесі жылы осы салада еңбек етіп келе жатқаныма қырық жыл толады. Осы салада жүріп қаншама елдердің тәжірибесін көрдім, зерттедім. Қытай, Ресей, Африка елдерінде, АҚШ-та және басқа да көптеген мемлекеттерде фосфорит кен орындары бар. Міне, осы елдердегі барлық кен орындарында бір ғана компания жұмыс істемейді. Мысалы, Қытайдың төрт провинциясындағы фосфорит кендерінде жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны қырықтан асады. Ресейдің Кольский аралында фосфоритпен үш компания айналысуда. Біздің Қаратауда 45 кен орны бар. «Қазфосфат» соның алтауында ғана жұмыс істеуде. «Еурохим» екі кен орнын алған. Бірақ, біреуінде жұмыс әлі басталған жоқ. Сонда қараңыз, біздің экономикамызға 45 кен орнының жетеуі ғана жұмыс істеп жатыр. «Еурохим» кен орындарында жұмысын бастады. Бірақ, қазып алған сол байлықтарымызды әлі өндіріп жатқан жоқ. Менің айтайын дегенім, бәсекелестіктің көбеюі еліміздің экономикасы үшін өте жақсы үрдіс. Біз жылдан-жылға өнімнің көлемін ұлғайтып, жаңа құрылыстар салып жатырмыз. Яғни, қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың қатарындамыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында “Қазфосфат” компаниясының басына талай мәрте қара бұлт үйірілді. Сіздің өзіңіз де осы қызметіңізге бір келіп, бір кеттіңіз…
“Қазфосфаттың” тарихы бұл бүкіл Қазақстандағы фосфор өндірісінің тарихы болып табылады. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының басында өңірімізден фосфорит кен орындары табылды. 1946 жылы Қаратау қаласындағы “Шолақтау” кен орны ашылды. Қазақстан өңірлерінде фосфорит пайда болған кезде фосфор өндірудің екі жолы пайда болды: электротермиялық және экстракциялық. Электротермиялық жолмен “Жаңа Жамбыл” зауыты өндіреді, ал тыңайтқыштар экстракциялық жолмен өндіріледі. Фосфор құрамы жағынан электротермиялық жолмен өндіруге бейімделген. Сондықтан Кеңес одағы кезінде, “Химпром” зауыты, “Жаңа Жамбыл” фосфор зауыты, Шымкент қаласындағы фосфор зауыты, Самара облысындағы фосфор зауыттары біздің фосфоритімізге бейімделді. Соның арқасында сары фосфор шықты. Кезінде Кеңес одағы дүниежүзі бойынша ең көп сары фосфор өндіретін ел болып есептелетін. Оның ішінде Қазақстанның үлесі зор болды. Әрине, кейін нарықта фосфорға деген сұраныс азайды. Сонымен қатар фосфор өнімдерін қорғаныс саласына қолдану мәселесі де жайына қалды. Тоқсаныншы жылдары тек фосфор емес, басқа да көптеген өндіріс зауыттары жабылып қалды. Мен Жаңа Жамбыл фосфор зауытында жұмыс істеп жүргенде фосфор кәсіпорындарын сақтап қалуда көптеген пессимисттік көзқарастар пайда болды. “Фосфордың болашағы жоқ, себебі оның тұтынатын елдерден алыспыз, жеткізу үлкен шығын” деген пікірлер айтылды. Бірақ біз бұл мәселеге басқа көзқараспен қарап, 1999 жылы инвесторлар келгеннен кейін “Қазфосфат” компаниясын ұйымдастырдық. Бастапқы он жыл бәрін тұрақтандыруға, қайта нарыққа кіруге, өзіміздің компаниямызды, елімізді, өнімізді таныстыруға кетті. Екінші он жылдықта біз даму жолына түстік. Енді 2044 жылға дейін жасалған жоспарымыз бар. Содан ауытқыған емеспіз. Негізінде бұл өте орасан қаражат талап ететін сала. Мемлекеттен қаражат алып жатқан жоқпыз, өзіміздің тапқан-таянғанымызды инвестиция қып құямыз. Сосын банктен несие аламыз. Бір жобаны бітіріп, қарызымыздан құтылып, екінші жобаға көшудеміз. Менің ойымша, “Қазфосфат” компаниясы нақты нарықтық заманға сай деп айтуға болады.
Кезінде Жамбыл фосфорына аты шулы Гайдамак дегендер де басшылық жасап, кейін олар Израильде қару-жарақ саудасы бойынша дауға ілігіп, халықаралық іздеу жарияланды емес пе?
Иә, Гайдамак деген басқарды. Леваев деген де болды. Бұлар осы компанияның акционерлері еді. Олар өздерімен бірге мамандарын, яғни, Еуропадан, Ресейден, Израильден өздерінің еврей азаматтарын алып келді. Мен сізге айтайын, 2002 жылы біздің басқарманың құрамында 9 адам болатын. Соның сегізі — Израиль азаматтары еді, біреуі ғана мен болдым. Бірақ, шындығын айту керек, бұлар компанияға қомақты инвестиция салған жоқ. Компания өзіміздің Қазақстанның іскер азаматтарының арқасында аяғынан тұрды.
Қайбір жылдары сіз осы қызметіңізден бір кетіп қалдыңыз да, шамалы уақыттан кейін қайта оралдыңыз емес пе?
Ол кезінде зауыттың акционерлері ауысқан болатын. Мен осы қызметімнен екі рет кеттім. Біріншісінде 1996 жылдың аяғында кеттім. Сол кезде акционерлер “Жұмыстың бәрін өзіміз бәрін атқарамыз” деп шығарып салды. Бірақ, 1998 жылы мені қайтадан басшылыққа шақырды. Мен келістім. 2007 жылы израильдық азаматтар тізгінді қолға алған кезде мен бас директор едім. Бұлар да өзіміз жұмыс істейміз деп шешті. Бірақ, жарты жылдан кейін мені тауып алып, зауытты басқаруға қайтадан шақырды.
Сіз облыстық мәслихаттың ең белсенді депутатсыз. Одан бөлек, қаншама қоғамдық кеңестердің, комиссиялардың құрамында барсыз. Осының бәріне уақыт қайдан табылады? Жалпы, саясаткерлік сіздің қаныңызда бар ма, жоқ, әлде қызметіңіз мәжбүр ете ме?
Біріншіден, осы қоғамда өмір сүріп отырып қоғамның проблемаларына бей-жай қарай алмаймын. Екіншіден, ол проблемаларды шешуде үлкен компанияны басқарып отырғандықтан басқа депутаттарға қарағанда менің мүмкіндігім мол ғой. Азаматтық көзқарасым да бар. Мен тәртіпке бас иген азаматпын, жұмыс уақытын жоспарлай алатын адаммын. Сондықтан да, халықтың сенімін ақтауға, қоғамдағы мәселелерді шешуге уақыт табуға тырысамын. Бірақ, әрине, зауыттағы жұмысым ең бірінші кезекте. Өйткені басқа жұмыспен айналасу үшін ең бірінші өз жұмысымды жақсы атқару керекпін. Депутаттыққа атағымды шығару үшін түскен жоқ. Шынымды айтсам, депутаттық мандат менің уақытымды алмаса, одан басқа өзіме ешқандай пайда жоқ. Бірақ, азамат болғаннан кейін қоғамға пайда тигізу бәріміздің міндетіміз. Ал, енді депутат екенмін деп жергілікті билікке еш уақытта міндет артқан емеспін, шешілуі тиіс проблемаларды өзімнің, компаниямның, қажет болса достарымның көмегімен шешуге тырысамын. Кейбір жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселелерді ғана сессия отырыстарында көтеріп, билік назарына ұсынамын. Жақсыға да, жаманға да бей-жай қарайтын адам қоғамға залалын тигізеді. Сондықтан да әр іске шамам келгенше өз үлесімді қосқым келеді
Мұқаш аға, енді балалық шағыңыз туралы айта кетсеңіз. Балалық шағыңыз қалай өтті? Қай жерде оқыдыңыз? Фосфор саласына қалай келдіңіз? Атаңыздың есімі — Ескендір, әкеңіз – Зұлқарнай. Әйгілі Ескендір Зұлқарнайды тарихта бәрі біледі.
Тарихқа сүйенсек, менің ата-бабаларым Кенесары бабамыздың сарбаздары болған екен. Негізі түбіміз Ақмола жақтан. Шыққан жеріміз Қорғалжын жақтағы Сабынды деген ауыл. Атамның атын Ескендір деп оның әкесі Ысқақ қойған. Одан бері де Ескендір атам баласын Зұлқарнай деп қойыпты. Бір жақсылықты ырымдап қайғаны анық. Менің атымды да Мұқаш деп сол Ескендір атам қойған. Көп балалы қарапайым отбасыда өстім. Ауылда тұрдық. Әкем — малшы, шешем сауыншы болды. Ауылдың тіршілігі белгілі ғой. Мал бағу, бақша егу, шөп шабу… Үй іргесінде он сегіз сотық жеріміз бар еді. Жыл сайын сол жерге көкөніс егеміз. Үйдің үлкені болғандықтан сол шағын бақшадан жиналған көкөністерді Шымкентке апарып сату менің мойныма жүктелді. Одан бөлек бұл үй жылқы ұстап, бие байлайды. Таңғы сағат алтыдан тұрып сегізге дейін қалаға барып қымыз сатып келемін. Мен келгенше анам азанғы сауыннан оралып, бақшадағы қияр, қызанақтарды қапшықтарға толтырып дайындап қояды. Соларды арқалап тағы кетемін. Міне, осылайша еңбекпен есейдік. Бір қызығы, ата-анам менен ешқашан да сабағымды сұрамапты. Бірақ ата-аналар жиналысынан қуанышты оралатын. Өйткені, сабақты жақсы оқыдым. Ол кезде мектеп ата-аналарды клубқа шақырып, сол жерде мектептің директоры бар, мұғалімдер бар, жақсы оқитын оқушыларды жария ететін. Химиядан беретін Қоңыржан Талқанбаева есімді мұғалімінің үйіне аптасына 3-4 рет барып, қосымша сабақ алып жүрдім. Нәтижесінде химия пәнінен аудандық олимпиадалардың жеңімпазы атанып, облыстық олимпиадаларға да талай қатыстым. Сондықтан мектеп бітіргенде мамандық таңдауда көп бас қатырған жоқпын. Қиын болса да таңдауым бірден химияға түсті. Ол кезде Одақ көлемінде ірі 5 химия-технологиялық институт болатын. Соның бірі — Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институына оқуға түстім. Сөйтіп 1982 жылы институттың жолдамасымен “Жаңа Жамбыл” фосфор зауытына келдім. Отбасымызда 6 бала едік. Бүгін де әкем де, шешем де дүниеден өтіп кетті. Ауылда қара шаңырақ бар. Бауырымның балалары тұрады. Туған-туыстармен қарым-қатынасымды ешқашан да үзген емеспін.
Ал балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуғандары бар ма?
Жоқ. Екі балам қаржы саласында жұмыс істейді. Қызым да банк саласында. Балам вице-министр, басқарушы директор қызметтерін атқарып, банк басқарды. Қазір қаржы нарығында өз жобаларымен айналысуда. Іні-қарындастарымның ешқайсысы да мемлекеттік қызметте емес, бәрі өндірістік салада жұмыс істейді. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың барлығы министрлікте, әкімдікте жұмыс істегісі келеді. Менің ойымша, осындай көзқарастан арылуымыз керек, жастар мейлінше тәуелсіз жұмысты таңдауы керек.
Ал, өзіңіз еңбек етіп жүрген химия саласына қазақ жастарының қызығушылығы қалай?
Жастар көп келеді, бірақ, бізде жұмыс оңай емес. Бәрінің бастық болғысы келеді. Басқа-басқа біздің кәсіпорында біраз жыл тер төкпей жоғары көтерілу қиын. Көке-жәкеге қарамайды. Сондықтан жастардың көбісі шыдамай кетіп қалады. Негізінде, компаниямыздағы қызметкерлердің орта жасы – 42-ні құрайды. 35 жасқа дейінгілер 35 пайызға жетті. Әйтсе де зауытта жастардың көбісі тұрақтап қалады деп айта алмаймын. Біз 24 сағат жұмыс істейтін компания болғандықтан, жұмыс оңай емес, бәріне шыдам керек.
Жазу столыңыздан Құран Кәрімді көріп қалдым…
Дінге деген көзқарасым дұрыс. Қажылыққа да бардым. Ораза ұстаймын, Құранды да оқимын.
Жалпы адамзаттың өмірі үш элементке байланысты дейді. Азот, калий және фосфор…
Иә, дұрыс айтасыз. Қазір фосфор араласпайтын сала, фосфор қосылмайтын өнім кемде-кем. Тыңайтқыш түріндегі фосфор өсімдіктерді қорғайды. Мал шаруашылығында фосфорсыз құрама жем болмайды. Фосфор металлургия, автомобиль жасау саласында, шикізат, фармацевтика, тіпті, күнделікті жеп жүрген асымызды дайындауда да маңызды рөл атқарады. Ұялы телефон жасауға да қажет. Сондықтан да, менің ойымша, фосфор — адам өміріне ең қажетті элементтердің бірі. Алла тағала Жамбыл облысына фосфорды берген екен, енді соны тиімді пайдалануымыз керек. Жүз жылдан кейін Қазақстанда мұнай, газ таусылуы мүмкін. Бірақ біздің мемлекет әлі кемінде 1000 жылға дейін фосформен өмір сүреді. Қазір еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған.
Өзіңіз ойлаңызшы, мысалы біз мұнайды бұрғылап аламыз, оны өндіріп жатқанда кезде де будақтаған түтін-газды көресіз. Бірақ, біз «Мұнайдан көп табыс түсіп жатыр ғой» деп бұл көрініске анау айтқандай алаңдамайтын сияқтымыз. Иә, фосфор өндірген кезде де түтін, қосалқы заттар шығады. Онсыз болмайды. “Жаңа Жамбыл” зауытынан шығатын фосфор қалдықтарын біз цемент зауыттарына береміз. Қазір зауыт маңында тау-тау болып үйіліп жатқан фосфогипс ауылшаруашылығы үшін таптырмайтын тыңайтқыш. Ол арқылы тұзды жерлерді залалсыздандырып, жерді егіске қайта жарамды етуге болады. Енді зауыттың мұржасынан будақтап жатқан түтін негізінен судың буы. Қараңыз, Тараз қаласында жылына атмосфераға 27 мың тоннадан астам қалдық тасталады. Соның ішінде біздің зауыттың үлесі – 900 тонна. Қазір экология жөнінде жаңа кодекс қабылданып жатыр. Соған сай біз де заманауи технологияларды орнатудамыз. Фосфорды қазып алып, сол күйінде апарып сата салмайсың. Оны өндірудің де өзіндік қиындықтары бар. Ал, өндіріссіз экономикамыз дамымайды. Биыл біздің кәсіпорын 20 миллиард теңгеге жуық салық төлеуде. Одан бөлек ауылшаруашылығы саласына миллиардтап субсидия берудеміз. Иә, экология мәселесі бар. Біз оны бірте-бірте шешіп келеміз. Бірақ, қоғамның бұл мәселеге деген көзқарасы өзгеруі керек.
Ашық әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен – Оралхан ДӘУІТ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support