Спорт және туризм

Жамбылдықтар жарап тұр

Жамбылдықтар жарап тұр

Дзюдошы Елдос Сметов Азиадада топ жарды

Кореяның Инчхон қаласында жалауы желбіреген Азиаданың алғашқы күнінің өзі Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Алдымен білегі нәзік болғанымен, жүрегі үлкен зілтемірші қызымыз Маргарита Елисеева 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, алғашқы алтын медальді қоржынға салды. Қос сайыстың қорытындысында 194 келілік зілтемірді ырқына бағындырған Маргарита негізгі қарсыластары индонезиялық Сри Вахьюни Агустиани мен өзбекстандық Мальо Тогоевадан 7 келіге ұзап кетті. Осылайша, басты қарсыластарынан оқ бойы озық болған ол бапкерлер сенімін ақтады. Бүгінгі таңда Алматы облысының намысын қорғағанымен, дерек көздеріне сенсек, Елисеева Таразда дүниеге келген екен.

3

Маргаританың алтынына арбалып отырғанымызда жамбылдық тағы бір өрен, дзюдошы Елдос Сметов жерлестеріне үлкен қуаныш сыйлады. Татамиде жылдар бойы маңдай терін сығымдап төккен Елдос Азия ойындарына тек қана жеңіс үшін аттанғанын айтқан болатын. Сөзінде тұрды. 60 келі салмақта белдескен ол алдымен тәжікстандық Кабатулло Аминовты бұйым құрлы көрген жоқ. Одан кейін ширек финалда Гонконгтан келген Ю Кин Тинг те біздің батырдың алдында дәрменсіздік танытты. Дегенмен, Елдостың жартылай финалдағы қарсыласы азулы болды. Германиядағы бәсі жоғары додада Елдостың жолын кескен жапон жігіті Тору Шишиме өз еліндегі жарыста Елдосқа есе жіберіп алған-ды. Бұл жолы да Елдостың бағы жанып, қарсыласынан айласын асырып кетті. Финалда моңғол балуаны Болдбаатар Гамбатты алдымен юкоға түсірді де, артынша 20 секунд бойы тырп еткізбей ұстап тұрып, иппонмен, яғни, таза жеңіспен кездесуді аяқтады.

Осылайша, ол Азия ойындарында дзюдодан алтын медаль иеленген алғашқы қазақ балуаны ретінде тарихқа өз атын жазды. Қарсыластарынан анағұрлым басым болған жамбылдық жігіт марапаттау рәсімінде көз жасын ірки алмай, ағыл-тегіл жылады.

«Менің шеберлігіме күмәнмен қарап, мысқылдағандар аз болған жоқ. Солардың тұла бойына жиналып қалған барлық күдікке нүкте қойып, өзімнің шын мықты екенімді дәлелдегім келді. Бұл Азиядаға тек қана жеңіс үшін келгенмін. Сол үдеден шыға білгенім үшін өте қуаныштымын» деді жанарына жас үйірілген чемпионның өзі.

«Азия ойындары, әлем чемпионаты, әлем кубогы, гран-при жарыстарының барлығы Олимпиадаға дайындық жарыстары екені анық. Келесі жылы елордамыз Астанада өтетін әлем чемпионатына жатпай-тұрмай дайындаламыз. Ол додаға бұдан да мықты спортшылар келеді. Шишиме мен Гамбаттан бөлек Еуропа, Бразилия, Ресей балуандары да мықты екені талас тудырмайды. Дегенмен, Елдос та қарап қалмасы белгілі. Біздің де өз жоспарымыз бар» депті Елдостың жеке бапкері Ғалымжан Жылқышиев. Базбір сайттар Елдос Сметовті Алматы облысының өкілі ретінде жазса, кейбір сайттарда Жамбыл облысының атынан қатысушы ретінде тіркеліпті. Осы мәселені нақтылап алу үшін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековке хабарласқанымызда, ол Елдостың облыс атынан Азиадаға аттанғанын нақтылады. Кейбір тілшілер оқу орнына байланысты шатастыратын көрінеді.

Бұл күні Елдостан өзге де дзюдошыларымыз жақсы нәтижелермен көңілімізді марқайтты. 52 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ленария Мингазова (тараздық) мен 66 келідегі Азамат Мұқанов қола медальді қоржынға салды. Сондай-ақ, мәнерлеп жүзуден Александра мен Екатерина Немич жұбы да қола жүлдені жеңіп алды.

Доданың екінші күнінде 53 келі салмақтағы ауыр атлетіміз Зүлфия Шиншанло күміс медальді еншіледі. Сондай-ақ, стенд атудан сынға түскен Андрей Могилевский соңғы сәттерде тамаша өнер көрсетіп, қола жүлде иегері атанды. Сонымен қатар 63 келі салмақта белдескен дзюдошы аруымыз Мариан Ордабаева қола жүлде үшін таласта моңғол қызы Валдоржбеннен базари әдісімен айласын асырып, Азия ойындарының жүлдегерлері қатарынан көрінді. Әзірге 2 алтын медальді еншілеген Қазақстан құрама командасы үздіктер санатында келеді. Көшбасында Оңтүстік кореялық спортшылар тұр. Қытай мен Жапония елінің спортшылары да жүлде үшін таласта жан аяп қалар емес...

 РАКОВқа бұйырғаны – күміс

4Максим Раков жартылай финалда ирандық Жавад Монжоудты иппон әдісімен ұтып, финалға шықты. Алайда финалда моңғол Тувшанбайар Найданнан юко ұпайымен ұтылып қалды.

Екеуі биылғы әлем чемпионатында кездесіп, ол кезде де моңғол спортшысы жеңіске жеткен. Раков ширек финалда пәкістандық Хусеин Шахты бір минутта иппон әдісімен ұтқан еді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».