Табиғатты бүлдірушілер полицияның өзін тас қаптырып кетеді

78

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Бүгінде жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың қатары азаймай тұр. Қанша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылғанымен де тиылатын емес. Облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің экологиялық инспекторы Серік Нұрбаевтың айтуынша, қаскөйлерді қылмыс үстінде ұстау, жасаған қылмыстарын мойындату полиция қызметкерлерінің араласуынсыз мүмкін емес екен.  Оның үстіне олар  жүк көліктерін күре жол бойында тоқтататындай құзыреті жоқ. Өз беттерінше айыппұл да сала алмайды. Дәрменсіздің күйін кешкен экология инспекторлары қандайда бір рейд ұйымдастыратын болса «бізбен бірге шықсаңыздар» деп жергілікті полиция қызметіне, арысы аудан, облыс прокурорларына жалынып жүрген күйін көрдік. Қарап тұрсам, табиғат, қоршаған ортаның экологиясы тек табиғат қорғаушыларға ғана керек сияқты.

Көптен бері жерді заңсыз қазып, табиғатты бүлдіретіндердің әрекетін көру қызық болып жүрген. «Мәке, бір күні жер қойнауын заңсыз пайдаланып жүргендердің тірлігін апарып көрсетем. Көзбен көргенде бәрін өзіңіз түсінесіз» деп еді Серік. Соның сәті экология департаментінің ұйымдастыруымен заңсыз жер қойнауын  өндірушілердің жолын кесу  мақсатында Тараз қаласы, Жамбыл мен Байзақ аудандары аумағында өткен баспасөз туры кезінде түсті. Біз Байзақ ауданы Ақбұлым ауылына қарасты «Жамбыл» ӨК жеріндегі тау қыртысына қарай бет алдық. Жол басшымыз заң бұзушыларды ұстай қалсаң сан алуан сылтау мен қулық айтып, ант су ішетінін қайтесің деп айтып келе жатқаны сол еді, үлкен жолдан Ақбұлымға қарай бұрыла берген сәтте қорабына толтыра тас тиеп алған «Зил» жүк көлігі шыға келмесі бар ма алдымыздан. Әбиір болғанда инспекцияның облыстық полиция департаментіне айтып, облыстық жол патрульдік полициясының төрт атты полицейі сол жерде тұр екен. Олар да оны байқап қалып, тез тоқтатты.

Секең айтқандай көлік жүргізушісі «Тасты үйінен басып шықтым. Ініме тас керек болып, соған апара жатырмын» деді. Не керек жүргізуші тасты таудан алғанын мойындамады. Мойындамағаны былай тұрсын бізден сырттап, біреулермен ұялы телефон арқылы сөйлесіп жатты. Оны полиция қызметкерлеріне қалдырып, Ақбұлым ауылына жетпей солға бұрылып, тура тауға тарттық.

«Мәке, қараңыз, ана таудың басында бір «Зил» тұр, көрдіңіз бе?» деді. Секең нұқыған биік тау жонында көлденең тұрған жүк көлігін енді байқап, «Онда қалай шыққан?» дедім таңданысымды жасыра алмай. «Мұндағылар жотаға емес, олар көлікпен тік жардан төмен құлдилап та құтылып кете алады. Олардың машинаны таудың қия қыратында қалай жүргізетінін көрсеңіз, адам шошиды», деді ол күліп. Таудан шығатын қаражаяу жолдың алқымына таяй бергенімізде өзектен бір «Зил» автокөлігі шыға келді. Ешқайда қашқан жоқ. Қасымызға келіп тоқтады.

Тоқтай сала жүргізушінің айтқаны:  «Кузов бос. Тас терейін деп келсем, тас жинайтын адамдар жоқ екен. Үйде бос қайтып бара жатырмын» деді ыржиып. «Таудың төбесінде бір жүк көлігі тұр еді. Көрмедіңіз бе?» дедік. «Байқамадым. Мен мына жақтан шықтым. Таудың басына шығу қайда?» деп қойды ол.

Оны қоя беріп, жол талғамайтын жеңіл автокөлікпен жол жағалап,  қиялап, тау беткейімен жоғары өрлеп келеміз. Жол болғанда да сұмдық жол. Сәл қия бассаң төңкеріліп түсесің. Қиялай түскен сан тарау жол алдыңнан шығады. Ойлы-қырлы, адырлы. Бірде тік құлдырасаң, енді бірде бір жаныңа жантая өрге өрлейсің. Биіктеген сайын, төменге қарауға қорқасың. Өте қауіпті. Ал қаскөйлердің жүк көлігімен таудың үстінде қалай қорықпай, тағы сықита тас тиеп алып ортекедей ойнақтап жүргенін түсіне алмадық. Жүрек керек шығар басты бәйгеге тігу үшін.

Бір-екі тау белесін бағындырып, енді бір қырынан аса бергенде екі жігіттің тау тасының жігін қайламен, темір найзамен бұзып жатқанының үстінен түстік. Олардың мұнда көптен бері еркін жұмыс істеп жатқаны көрініп-ақ тұр. Бір үйдің орнындай аумақты тазартып тастаған. Көліктен түскеніміз сол еді, құрал-саймандарын тастай салып жоғары қашты. «Тоқтаңдар, сөйлесейік» дегенге қарайлайтын емес. Безіп, біз шыға алмайтын биікке көтеріліп кетті.

Тастың жігін қайламен, темір найзамен бұзып, біраз тас қопарып тастапты. Бір бұрышта қазан ошағы, азығы мен суы дайын тұр. Жаңағы жолда ұстаған көлік осы арадан шыққан сияқты.

Бұзып жатқандары шақпақ тас екен. Үй іргесін қалауға таптырмас дүние. Тараз қаласының төңірегінде мұндай заңсыз тас қазатын орындар бір Ақбұлым мен Бурыл тауында ғана емес. Айналада мұндай заңсыз орындар жүздеп саналады. Тастан бөлек топырақ пен құм қазып, орнына қаладан шыққан қоқысты әкеп төгіп кететіндері де қарасы қалың. Ал заңдастырылған карьерлерде жұмыс бір жүйеге түскен.

Таудың бел ортасына көтерілгенде алдымыздан бір емес тағы бірнеше тас қазатын  орындар шықты. Ол арада жұмыс істеп жатқан жігіттер де құрал-саймандарын тастап, тау басына шығып, зым-зия жоғалып кетті. Қашқандарды қуып жүріп ұстайды деген атты полицейлердің өзіне қарайтын адам керек болып қалды.

Үлкен карьерге түстік. Онда жаңа төгілген бір машина тас жатыр. Алдымыздан «кузовым бос» деп шыққан жүргізушінің төгіп кеткені анық. Өйткені топыраққа жаңа түскен ізі соны аңғартты. Оған жолда ұсталған «Зил» жүргізушісі хабарлап үлгерген болуы мүмкін. Ал тау жотасындағы жүк көлігінің қай қуысқа кіріп кеткені белгісіз. Онда біз жете алмадық. Шығуға болар еді, көлігімізбен аударылып қаламыз ба деп тәуекелге бармадық.

Шағын ғана аумақтың өзінде бір емес, ондаған тас алынған орынды көрдік. Тау жағалап жүре берсең мұндай тас өндірген орындар алдыңнан шыға беретін түрі бар. Осында Жамбыл аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің табиғатты қорғау полиция торабының полиция майоры Берік Байдешовты сөзге тартқан едік.

—        Жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегі азаймай отыр. Біз облыстық экология қызметкерлерімен аудан көлемінде рейдтік іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Он айда 4 жер қойнауын заңсыз пайдаланған азамат ұсталып, айыппұл арқалады. Ауыл маңайында тас қопаратындар мен топырақ, шағал қазатындар аз емес. Әсіресе көктем мен күз айларында кездейсоқ қазылған орлар маңайда көбейіп кетеді. Оның бәрін істеп отырған сол маңдағы ауыл адамдары. Ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жатырмыз. Тыңдамайды. Таудағы жолдың бәрін жақсы меңгергендіктен атты полицейлер де қуып ұстай алмайды. Қазір бір ғана автокөлікті ұстадық. Қалғаны із суытып үлгерді. Осылай үнемі ұстатпай кетеді. Ұстағанның өзінде мойындамайды, — дейді ол.

Ауыл тұрғындарының мұндай заңсыздыққа жұмыстың жоқтығынан баратыны анық. Бірақ оны заңдастырып, қоршаған ортаны бүлдірмей, зиянын тигізбей, кәсіпкер ретінде тіркеліп істеулеріне де болар еді ғой. Қалай дегенмен де олар ешкімге салық төлемей, жер қойнауынан шыққан тасты тегін пайдаланып, пайда тапқысы келетін сияқты.

Мұндай заң бұзушылармен Серік шама шарқынша күресіп келеді. Оған бірге шыққан сапарымыздың барысында көзіміз жетті.

—        Жер қойнауын өз бетінше қазушылардың жолын кесу мақсатында экология, геология және табиғатты пайдалану министрлігінің медиа жоспары бойынша баспасөз-турын өткіздік. Мұндай баспасөз-турлары мен рейдтерді жиі ұйымдастырып-ақ жатырмыз. Бірақ біздің іс әрекетті алдын ала кімнің хабарлап қоятынын білмейміз. Біз рейдке шыққан күні заң бұзушылардың көпшілігі шықпай қалады. Таудан тас артып түскен жүк автокөліктерінің өзі көп жағдайда жазадан құтылып кетіп жатады. Оларға кімдердің ықпал ететінін білмеймін, кейде полиция өкілдерінің де шамасы келмейді. Қазір өзіңіз де жүргізушілердің қандай қулық айтқанын көрдіңіз. Қала маңайында осындай тас, құм, топырақ қазу тиылмай тұрса, Мойынқұмда алтын қазу белең алуда. Жасөркен тауында да алтын қазушылар бар. Сарысу ауданында касидон деген тасты заңсыз қазып жүргендер де аз емес, — дейді Серік Нұрбаев.

Тас қазатындардың бірімен астыртын сөйлестік. «Біз тас қазуға еріккенімізден барғанымыз жоқ. Әке-шешем, қатын-бала шағаны асырау үшін бардым. Бір машинаны 8-10 мың теңгеге толтырамыз. Тапсырыс көп болса күніне 3-4 машина жібереміз. Оның өзі оңай жұмыс емес. Ал сіз басқа жұмыс істе дейсіз. Жұмыс болса істер едім. Ауылда жұмыс жоқ. Мектепке от жағушы болып кіру үшін де пара сұрайды. Қазір парасыз еш жерге жұмысқа қабылдамайды. Біз сияқты оқымағандар ешкімге керек емес. Жұмыс жоқ деп біреудің қорасына ұрлыққа түспеймін ғой. Амалдың жоқтығынан жер қазып, тас қопарып, қыстық азығымды жинап алудың қамында жүрмін. Қар түссе бұл да тоқтайды» дейді ол.

Қаланың шыға берісінде тас сатып тұрған жүк автокөліктерінен тастың бағасын сұрап білдік. Бір «Зил» көлігіне тиелген тастың құны 18-20 мың теңге. Ал КамАЗ-ға тиелген тасты 28 мың теңгеге алуға болады екен. Қазір шынында тас саудасы қалада жақсы жүріп жатқанын жүк автокөліктерінің тез кетіп жатқанынан аңғарып қалдық.

Тілші түйіні:

Күн көріс қамы үшін адам неге бармайды десеңізші? Тіпті басын қауіп-қатерге тігіп, бірі тау тастың үстіне шығып толағайдай тас қопарса, енді бірі көр тышқандай жер қазып, ін кеулеп алтын іздейді. Сөйтіп, құлқынның қамымен жүріп кез келген жерден топырақ пен құмды да қопара қазып, жер бетін ойдым-ойдым шұқанаққа айналдырып, табиғатқа орасан зиян келтіргендерін де сезбейді-ау сабаздар.

Ал олармен күресетін табиғат жанашырларының өзіне көмек керек. Өйткені облыстық экология департаментінің өзі жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Осылайша өңірдің экологиялық ахуалын бақылайтын мекеменің облысқа не себепті керек болмай  қалғаны жұмбақ болып тұр. Мүмкін, «Табиғатты ластап жатыр, жер қойнауын заңсыз игеретін қаскөйлер көбейіп кетті. Олармен аяусыз күресу керек» дейтін экологтардың аузын бір жолата жауып үнін өшірейін деді ме екен?

Бастапқыда облыстық экология департаментінде 120 адам жұмыс істепті. Әрбір ауданда экология маманы сол өңірдің ахуалын тұрақты бақылауда ұстап келіпті. Қазір қысқара-қысқара 120 қызметкерден 22 адам қалыпты. Биыл 3 қызметкерді, алдағы жылы 4 жұмысшыны қысқартқалы отыр. Қалған 15 адам қайда жүгірмек. Бүл кімге тиімді болды екен, ә? Шерағаң айтпақшы бір кем дүние.

 

Comments are closed.