- Advertisement -

Абай мұрасын тануда ұлттық сананың ролі зор

316

- Advertisement -

Ғылыми-техникалық прогресс –ХХІ ғасырдың ғаламат жетістігі. Бұл құбылыс жалпы адамзаттың таным өркениетіндегі түбірлі өзгерістерге жол салып берді. Соның орайында жаһандық бәсекеге айналған түрлі мазмұн-сипаттағы жаңғыру үрдістері белең алып кетті. Тарихи жады тәуелсіздікке дейінгі дүрбелең дәуірлердің таптаурынына ұшырап, ұлттық ойлау дәстүрінен күштеп жаңылдырылған қазақ елінің бұл бағытта рухани зәрулікті шешуші мәнде қарастыруы заңды. Соған орай жалпыұлттық дамудың түптағаны — «Рухани жаңғыру» идеясының бағдарламалық жүйесінде «ұлттық код» өзекті желі ретінде белгіленді. Бұл мәселені жүзеге асыруда ұлттық руханият қорына қол артудың маңызы да толыққанды түрде талдап түсіндірілді. Әл-Фараби данышпанымыздың «Қайырымды қала тұрғындарындағы»  парасатты қоғам принципінде әрбір жеке тұлғаны Абайдың «Толық адам» ілімі моделінде тәрбиелеп, қалыптастыруға басымдық берілуі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының методологиялық жаңашылдығы.

Рухани жаңғыру — заттық және рухи болмысты адам тіршілігінің  құнарын арттырып, құндылығын кемелдендіретін қозғаушы күш. Қоғамды ізгілендіру жолында ізденген ғұламалардың еңбектерінде бұл зәруліктің ренессанстық маңызы жан-жақты дерек-дәйегімен тұжырымдалған. Жалпы айтылым жағынан  да, мағыналық жағынан да «жаңару» сөзімен жуықтас келгенімен «жаңғыру» ұғымының мәні бөлек. Түп мағынасы ежелден қалыптасып, кеңінен өріс жайған ұлттық құндылықтар үйлесіміндегі (гармония) дамудың соны үлгілері дегенге саяды. Басқаша айтқанда тарихи тағылым тармақтарының ұрпақтар сабақтастығында жаңа сапаға бой ұруы. Яғни даму сатыларының қай деңгейінде де ұлттық негіздегі іргетастың берік сақталуы басты меже. Сол себепті «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «ұлттық код» мәселесінің ұлттық идеологияның ұйтқысы ретінде белгіленуінің мәні зор. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады» деп атап көрсетілген «ұлттық код» ұғымының асыл өзегінде халқымыздың төлтума қалыбындағы дүниетанымы, оның ұлттық моделіне тән ерекшеліктер, дәстүрлі ағыс арналары,  интеллектуалдық әлеуеттілігі  бой тартып  жатыр. Сондықтан осы ұлттық кодты байыптау әуелі өзімізді танудың, сосын өзгелерге танылудың кілті екендігін жете сезінуіміз қажет. Ол үшін ұлттық сапада ойлау моделіндегі «сыншыл ақыл» (критическое мышление)  (Абайдың сөзі) мықтап тұрып дағдылануымыз қажет.

Поэтикалық ішкі мазмұны жүйелі ойдың тамырланып жатқан тармақтарынан құралатын Абай поэтикасының  кодтық мәндегі қырлары қыруар.  Ойшылдық таным мәйегінің әр түйірі қисынды ойдың алгоритмдік жүйедегі орам-қатпарларынан құрылым түзеп жатуымен күрделі. Сондықтан Абай мұрасы Шәкәрім сөзімен айтқанда «Денедегі бас көзімен емес, көкіректегі ақыл көзімен қарауды» талап етеді. Сол сияқты Абайдың өзі де «сыртын танып іс бітпес, ішін көрмей», «нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз» дегеніндегі «көкіректегі көздің» таза интеллектіге қатысты екендігін аңғармау мүмкін емес.

Бірақ біз сондай асыл мұраны рухани игілігімізге пайдаланудың ұтымды әдіс-тәсілдерін, методологияларын жетілдіруге көңіл аударып жатқан жоқпыз. Тек шығармаларын түсінсек те, түсінбесек те әйтеуір тақылдатып жатқа оқып жүлде алып, жүлдегер атануды жетістікке балап жүрміз. Өз басым осы биылғы Абай жылы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардан осы жағын көбірек байқадым. Асыл мұраның насихатталуы сол баяғы таптаурын форматтағы жасандылықтан әрі аспады. Абайға арналған кеш, кездесу, конференцияларда міндетті түрде қазақты сынағаны жайында өте көп айтылады. Сол әңгімені айтушыға барып: «Сонда Абай өз туған халқын, қазағын не үшін және қай жағынан, қалай сынады?» дейтін сұрақ қойсаң, көбіне, «надандығы, жалқаулығы…» деген  жауап еститіндігің өтірік емес. Расында Абай қазақты сынады ма? Бұл сауалдың анығына тура   Абайдың өзі ұсынған «сыншыл ақыл» шарты тұрғысынан, я болмаса ой қорытудың «якини» әдісіменен ой тергеуін жүргізгенде ғана жете аламыз.

Негізінен ақын өмірінің жекелеген фрагменттеріне қатысты сахналық көріністер қою, қалың жұртшылыққа етене таныс болып кеткен бірлі-екілі ғана әндерін шырқаумен шектелдік. Шындығында Абай әндерінің саны 16-17-ге баратындығын М.Әуезов жазып кетті. Одан кейін де әндері табылды деген дерек бар. Ең болмағанда осындай дүбірлі сәтте солардың барлығын тегіс сахнаға шығарып, халыққа етене таныстыру жағына көңіл аудармадық. Сахналық қойылымда да сол баяғы жаттанды болып кеткен Абай мен Тоғжанның кездескен сәтінен үзінді, оқудан елге оралғандағы бала Абайдың әкесі Құнанбаймен қауышуы, он жетінші қара сөздегі кейіпкердің  сұхбаттасуы. Мектеп жасындағы жас буыннан, таным-түйсігі байсал тартқан аға буынға дейін тек осы айтылған шаруалардың шеңберінен шықпадық.  Дегенмен заманауи мән-мазмұнға сай танымдық-интеллектуалдық дода, байқау, конкурстарды  түрлі форматтарда ұйымдастырғанымыз ұтымды болар еді.

Абай жылындағы айтулы шаруалардың тағы бірі – абайтанудың  арнайы оқу бағдарламаларына енгізілуі. Бірақ бұл жерде де «құрал бар, құрылысшы жоқтың» жайында бас қатырып жатқан ешқайсымыз жоқ. Өйткені жалпы тарихы бір ғасырдан асып кеткен абайтану саласының   әсіресе, тәуелсіздік кезеңдеріндегі ғылыми айналымы жетіктіктер мен жаңалықтарға толы. Алғашында Алаш зиялылары тұсында әуелей көтерілген абайтануда кейіннен идеологиялық бұрмалаушылықтар орын алып кетті. Осыған байланысты бас абайтанушы М.Әуезовтің өзі небір ұшқыр ой-толғамдарын тезис түрінде түйіндеп айтуға мәжбүр болды. «Абай жолы» эпопеясында да соцреализмнің ыңғайына қарай талай сүбелі тұстар көркемдік бояумен қалың бүркемеленіп жатқандығы аса көрнекті ғалымымыз Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми зерттеуінде жеріне жеткізіле дәлелденіп көрсетілді. Бірақ ғылымдағы сондай сүбелі жаңалықтардың басым көпшілігінен қарапайым жұртшылық бейхабар. Біздің қоғамда әсіресе гуманитарлық салаларда отандық ғылым өндірістерінің игерілуі тым төмен деңгейде. Ғылым мен білім беру салаларының арақатынасындағы алшақтық абайтану пәні бағдарламалары мен жалпы білім беретін орта мектепте оқытылып жатқан оқулықтың мазмұнынан анық байқалады.

Мектеп бағдарламасына арналған «Абайтану» оқулығы шұғыл түрде қайта даярлауды қажет етеді. Бұл тұрғыда халық аузындағы қағидаға айналып кеткен «Абайға абайлап қарауымыз керек!» принципі басшылыққа алынуы шарт. Оған осы саладағы белді ғалымдардың басшылығымен оқу-әдістемелік істерге жауапты ұйымдардың білікті мамандары, жалпы білім беретін орта мектептердің мұғалімдері, тәжірибелі әдіскерлердің атсалысуымен жаңа мазмұндағы «Абайтану» ұжымдық оқулығы қайта даярланса. Және ондағы қойылатын сұрақтар мен жаттығу тапсырмалармалары  интеллектуалдық мазмұнға құрылуы жағына баса мән берсек. Сондай-ақ орта мектептердегі «абайтануды» жүргізуге жауапты мұғалімдер біліктілікті жетілдіру курстарынан өткені дұрыс болар еді.

Абайдың ерекшелігі ойшыл-ақындығында. Оның қаламынан өріліп шыққан туындыларының поэтикасы ғылымның түрлі салаларының синтезі деуге келеді. Онда алгорим заңдылықтары, бейнелеу өнері, кванттық механика, тарих, педагогика, логика, музыка, лингвистика, философия, экономика, физика т.б да ғылым салаларымен сабақтастық белгілері өте көп. Осы тұрғыдан келгенде «абайтану» біліктілікті жетілдіру курстары өте өзекті. Әрине суыртпақтай берсек Абай мұрасының насихатталуына қатысты проблемалық мәселелер таусылмайды. Өйткені рухани әлемнің күрделі болмысына қарай оған қатысты ізденістердің де күрделі болуы қажет.

Шығармаларын талдау, тану, түсіну методикасында интеллектуалдық ойлау дағдысына көбірек ойысқанымыз дұрыс. Ал замануи білім берудің озық үлгісі ретінде үйреніп жатқан еуропалық  білім беру технологиялары таза ұлттық сападағы интеллектіні талап ететін Абайдың поэтикасына мүлдем шамасы жетпейді. Сондықтан оның рухани нәрін өзінің табиғи күйінде бойымызға сіңіру үшін әуелі ұлттық ойлау қалыбындағы әдіснамаларымызды жаңа қырынан ұштай түскеніміз керек. Олай болмаған жағдайда сол баяғы ескі әуенмен «Күз» өлеңін табиғат лирикасында жазылған шығарма деп түсіндіріп жүре береміз. Шындап келгенде бұл қоғамдық-әлеуметтік тақырыпта жазылған шығарма. Онда ұлттық идеологияға негізделген ақындық көзқарас есіліп жатыр. Өлеңнің контекстік желісіндегі суреттелетін күз мезгілінің белгілері тақырыпқа арқау болып тұрған ұлттық-проблема табиғаттың суретті бейнесі арқылы бедерлене түскен. Көркемдеу әдісінің бұл түрі әдеби теорияда параллелизм деп аталады. Төбеден төнген күздің түсі суық сұр бұлты, айнала төңіректі тұмшалаған  дымқыл тұманы кедейлік тауқыметі еңсесін езген  хәлдің контрасты. Иығындағы тозығы жеткен киімі түгілі, басындағы үйіне дейін жыртық-жамау күй кешкен қазақтың басындағы психологиялық ахуал «Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы, күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен» деген жолдарда көрініс тапқан. ХІХ ғасырдағы отарлау саясатының шырқау шегіне жеткендігін қазақ  ұлтының тұрмыстық-әлеуметтік жағынан біржолата тұралап біткендігі «Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең» деп ит екеш

итке дейін тентіреп кеткендігімен шығарманың мазмұны қоюлана түседі. Осылардың барлығын көріп отырып «Күзді» табиғат лирикасында жазылған шығарма ретінде насихаттап жүргеніміз бір жағынан күлкілі көрінеді. Енді осылай теріс түсінік, жайдақ көзқарасқа тәрбиелеп жатқан өрендеріміздің рухани-интеллектуалдық иммунитетіне кері әсерінің тимесіне кім кепіл?

Абай адам бойындағы қайрат каналдары арқылы ақыл көзін ашу және оны жүрек ілімі деңгейінде кемелдендірудің «Толық адам» моделіндегі концепцияның біртұтас ғылыми-методологиялық жүйесін жасап қалыптастырды. Қайрат, ақыл, жүрек ұғымдарының бірлігінен құралатын бұл ілім жүйесін қазіргі тілмен айтқанда былайша саралап көрсетуімізге болады. Абай шығармаларында шығыс текті атау сөз үлгісіндегі хауас — қайрат адам бойындағы көру, есту, дәм сезу, иіс сезу, тітіркену сынды бес түрлі табиғи тетіктердің физикалық әрекеті. Солардың қуатымен адам санасы ақылға кенеледі. Мұны шартты түрде – интеллектуалдық сипатында қарастыруымызға болады. Енді осы қайрат пен ақылдың жемісі одан әрі қарата жетілу барысында – рухани қорға ұласады. Оның адам бойындағы алтын ұя, құт мекені – жүрек. Жинақылап айтқанда қайрат – физикалық, ақыл –интеллектуалдық, жүрек – рухани каналдар. Осы орайда оқырман тараптан «адамның интеллектуалдық сапада қордаланған ақыл нәрі одан әрі қарата жетілдіріліп, жүрек деңгейіндегі рухани қорға ұласпай қалып қойған жағдайда не болмақ?» деген сауалдың туындауы да мүмкін. Сол себепті оның да нақтылы дәлелдерін келтіре кеткен дұрыс. Мәселен бүгінгі таңда жер шарын кеңінен жайлап, айнала төңіректі үреймен тұмшалап тастаған covid-19 індетінің вирусы қасақана қолдан жасалынып таратылған деген пікір-көзқарастар әлеуметтік желілер арқылы желдей гулеп жүр. Әрине алыпқашпа әңгіме түрінде болғандықтан оның анық-қанығы беймәлім. Дегенмен, сол вирус расында жасанды бола қалған күннің өзінде оны жасап шығарушылар білім қоры жеткілікті ақыл иелері болса керек! Сондай-ақ небір суық қару түрлері, тіпті ядролық, биологиялық қару түрлерінің өзі адамдағы ақыл қуаттарының жемісі екендігі белгілі. Мәселен Калашников маркалы автомат, Макаров маркалы тапаншаны ойлап тапқандар да ақылды, білімді жандар. Олар өз шығармашылық өнімдерінің жаңа үлгісін ойлап тауып, сол арқылы есімдері жеке брендке айналып шыға келді. Көпке танылды, ең бастысы материалдық пайда тапты.  Ал енді осыған қарама-қарсы Әл-Фарабиді қойып көрсек. Пәленбай тілді меңгеріп, ғылым салаларының алуан түрлерін игерген ғұлама өзінің ұшан-теңіз білім қорын тек парасатты тұлға, «Қайырымды қала» идеяларына жұмсады. Материалдық табысқа молынан кенеліп, мақтан  табу мақсатында шығармашылық өнім түрлерін ойлап табуға Әл-Фарабидің ғылыми-интеллектуалдық мүмкіндігі жетіп артылды. Әлем мойындаған ғұламаның дүниеауи байлыққа мойынын бұрғызбаған құдыретті күштің не екендігін Абайдың мына бір ой дестелерінен жолықтырамыз. Ойшыл-ақын жүрек деңгейінде кемелденген рухани-интеллектуалдық ақыл қуатын «нұрлы ақыл» деп атап, ондай қасиет биігіне көтерілгендерді «Толық адам» санатына жатқызады. Ал жүректегі ілім деңгейіне көтеріле алмаған ақыл иелерін, яғни жалаң интеллектуалдарды «суық ақыл» иелері атап, ондайларға «жарым адам» деген атау қояды.

Надандық — адамдық қасиеттің жегі құрты. Адамдықтың арқауы саналатын ақыл-білімнің белгілі бір өлшем-шегінің болатындығы қаншалықты рас болса, оған қарама-қарсы мәндегі надандықта керісінше шектің болмайтындығына байланысты көптеген дәлелдер келтірілген Абай мұрасында. Адам өміріндегі өзектілігі өлшеусіз болғандығына қарамастан ақыл өлшемінің не себепті шектеулі болуының жайын бас ақынымыз «Китаб тасдиқ» аталатын отыз сегізінші қара сөзінде былай баяндайды: «Ол – Алла тағаланың заты ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ бізге мағрифатулла қиын болады. Біз Алла тағаланың өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгел, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады. Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды». Бұл ой тиянағында ақылдың адамға нендей мақсұтпен нығмет (арабтың «неғмат» — игілік, ырыс, сыйлық мағынасындағы сөзі) етілгендігі  мәлімделген. Осыған қарап адам жаратылысына тән ақыл әрекетінің түпкілікті мақсұт-міндеті Алланы танымақтық жолында қызмет қылу екендігін пайымдаймыз.

Абайдың таным-таразысында қорытылып жатқан ой қисындары ғылыми сипаты жағынан аса күрделі алгоритмдік жүйеде құрылым түзеп жатқандығы жоғарыда да айтылды. Және сол ой сілемдерінің поэтикалық үлгідегі өрнек сырлары ақындық мұраның ішкі мазмұнын барынша күрделендіре, тереңдете түсуімен де айрықша. Сондықтан әрбір шығарманы талдап тану барысында оқырманның зияткерлік қарымын ұштай түсетін қасиет Абай мұрасының қайталанбайтын қыры. Мәселен ақыл қуаттарына байланысты ой тарамдарының өзін мазмұндық сабақтастық принципінің желісіне салып, қорытындылайтын болсақ өз алдына бір төбе ғылыми-концептуалдық тұтас жүйенің барысын көріп білеміз.

Тағы бір өлеңінде «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» дегендегі «адам» сөзіне ой салмағының артылуы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген толғамы арқылы тарқатылады. Ал «махаббаттың» адам жаратылысындағы сипат-сыры «Малда да бар жан мен тән, ақыл сезім болмаса» деп баяндалады. Расында да адамнан бастап, жер бетіндегі күллі мақұлық атаулы, тіпті өсімдіктің тіршілік етуі тікелей жанның қуат-күшіне тәуелді. Бірақ сол жан құбылысы жаратылыс түрлерінің баршасына тиесілі болғанымен, ақыл мен сананың адамнан өзгесіне берілмеуінің өзіндік есебі барын Абай жеріне жеткізе түсіндіреді.

Ойшыл-ақын шығармашылығындағы ой-таным жүйелерін барлай келе, адамдықтың ең басты қасиет-құндылығы «махаббат» ұғымы арқылы айқындалар болса, оның адам жаратылысындағы сипат-белгісі – ақыл мен сана екендігін пайымдаймыз. Бұған отыз сегізінші қара сөздегі «Махаббат – әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым, деген нәрселер бірлән» деген анықтама үстеме түсінік болады. Демек Абайдың айтып отырған «махаббаты» біз ойлағандай эмоционалды-сезім деңгейіндегі әсер-күй емес, таза ақыл қуатынан қорытылып шығатын шынайы түсініктің нәтижесі екен.  Сондай-ақ ақылдың тікелей жанға қатысты құбылыс екендігі «Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі» деген өлең жолдары арқылы айқындала түседі. Демек жетінші қара сөздегі «Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан» дегендегі «іріліктің» мәнісі сол ақыл мен санаға қатысты. Бұл жерде де «жанды ірі жаратқан» деп біртұтас мәнде қарастырудың өзі ақылдың тікелей жанға тиесілі екендігінен хабар беріп тұр. Одан арғы «адам жанының сол әсерін көрсетіп жаратқан» дегендегі сырт көзге «көрініп» тұратын — «жан құмары» және оның әуел бастан белсенді күйде болуы. Автордың осы ерекшелікке арнайы тоқталып, тәптіштей баяндауы ақыл мен сана адам жанын жетілдіру, кемелдендіру механизмінің табиғи түптетіктері болып табылатындығының айқындаушы есебінде. Міне осылай шығарманың ішкі мазмұнындағы ойдың контекстік желісін қуалай отырып талдау әдісі арқылы ақырет, яғни бақи дүниеде тек адамзатының сұраққа алынуының себебі айқындалады. Бұл жәйт қасиетті кітаптарда нақты баяндалып, түсіндірілген.

Абай ақыл қуаттары мен оның ішкі жүйелері жөнінде өз жанынан ғылыми жаңалық ашпағанымен, оның аса күрделі табиғаты жайындағы өрелі ой-тармақтарын өз халқының ұлттық дүниетаным қалыбының ыңғайында түсіндіріп жеткізу жағынан жаңалық ашқан креативті ақын. Және оның ғылыми-интеллектуалдық мазмұны поэтикалық үлгіде өрнектелген көркем туындылары ұлттық сөз өнерімізді шырқау биікке шарықтатты. Өлең үлгісінде кестеленген Абайдың таным қоры жалпы қазақ халқының ұлттық дүниетаным ауқымындағы ойлау дәстүрін, көркемдік-эстетикалық интеллектісін жаңғыртудың озық үлгісіне айналды.

Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп өсіп келе жатқан жастарымыздың санасындағы отаншылдық сезімдерін күшейтіп, ұлттық патриотизмнің қуатын арттыра түсудегі идеологиялық керегімізді Абай әлемінен тауып алып жатырмыз. Осы құндылық өзінің дәл күйінде, дер кезінде «Абай және ХХІ ғасырағы Қазақстан» атты  мазмұнды мақалада заманауи қырынан айшықталды. Бір ғажабы автор «Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген пікірімен Абай әлемінің  тұңғиық сырларын заманымыздың жаңашылдық белгілерімен үндестікте ашып көрсету проблемасына көңілімізді аударды. Расында да бұған дейін интеллект дегенді көбіне жаратылыстану ғылым салалары, есеп-қисапқа қатысты  көзқараста тұжырымдап келдік. Сөйтсек бұл мәселе Абай руханиятындағы «сыншыл ақыл», «якини иман» сынды терминде көрініс тауып, ақындық дүниетанымның күретамырын бойлап жатыр екен. Рухани кемелдену бағытында біз енді сол құндылықты ұлттық көзқарасты індете зерттеп-зерделеп, өндіре игеріп, өрістете насихаттауымыздың қажеттігін түсіндік.

Өлең өнерінің адамның интеллектуалдық пайым жүйелеріне қатысы ақынның өз сөзімен атағанда «тыңдаушыға» қояр талабынан білінеді. Себебі  құрылысындағы өзекті ойдың ағысы көркемдік детальдармен өрнектеліп жататын өлеңге атүсті көз жүгіртіп түсіне салу мүмкін емес. Ондағы астарлы ой тетіктерін адаспай тауып, ойлаудың алгоритм заңдылығымен талдап-танылуы барысында оқырман-тыңдаушының интеллектуалдық қабілетінің өлшем-өресі  белгілі болады. Осыдан келіп Абайдың «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деуінен, өлең өнерінің алдында ақын, яғни «айтушының» жауапкершілігінің қаншалықты екендігі әркімге түсінікті болғанымен, оқырман, яғни  «тыңдаушының»  да тура сондай дәрежеде жауапкершілігі барын көпшілік біле бермейтіндігін екендігін ұғамыз. Абай сол айтушы мен тыңдаушы проблемасын көтеру арқылы қазақ әдебиетін, қазақ ұлттық өлең өнеріндегі интеллектуалдық зәруліктің рөлін айқындап берді. Енді осы сөзіміздің шынайылығын сезіну мақсатында ақынның мына бір  шығармасын талдап-таразылаудан өткізіп көрейік. Талдау жұмысы аяқталғаннан кейін ғана  оқырман-тыңдаушыға интеллектуалдық әлеуеттіліктің қаншалықты қажет екендігі айнадан көрінгендей анық байқалатын болады.

«Тотықұс түсті көбелек,

Жаз сайларда гулемек.

Көбелек өлмек сиремек,

Бәйшешек өлмек сиремек.

 

Адамзатқа не керек?

Сүймек сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек.

Ақылмен ойлап сөйлемек»-деген өлеңдегі әңгіменің арқауы — «жан құмары». Алғашында  не болса соған қызыққыш келіп, бойын әуестік жеңіп, білмекке құмарлықтың тасқындап тұруы, яғни «жан құмары» қалыбының белсенді күйі«көбелек» образында бейнеленген. Сол ерекшеліктің адам өмірінің алғашқы кездерінде,  сәби шағында болуы, яғни мерзімі мен өлшемі– «бәйшешек» бейнесінде суреттеледі. Бәйшешек – өсімдіктердің ішінде нәзік, нәркестігіне қарамастан көктем мезгілі қылаң бергеннен қылтиып өсіп шыға келетін өсімдіктің түрі. Сондықтан бұл жердегі ойдың образдалуында табиғи шынайылық пен логикалық үйлесім ғажап жымдастырылған. Көбелек жылтырағанның барлығына ұмтылудан жалықпайтын тынымсыз жәндік болғандығына қарамастан, оның өмір сүру ұзақтығы әрі кеткенде үш күн, әйтпесе бір күннен аспайды. Байқасақ «жан құмарының» табиғи ерекшелік белгілерінің  көбелек образында бейнеленуінде де табиғи негізділік, шынайылық бар. Және ол белсенді күй, көбелектің өмір өлшемінің қысқалығы секілді баланың ақылға келіп, айтқанды ұғынатындай, ойлана алатындай жасқа келгенінше (7-жас) ғана болады екен.

Бұл жәйт жетінші қара сөзде: «Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та, есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз? Сол өрістетіп, өрісімізі ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек еді, бұл жанның тамағы еді» деп қарапайым тілмен баяндалған. Осындағы ержеткенде дегенін алты-жеті жас шамасы деп ұйғардық. Қазақы дүниетанымда  «жеті» санының атауы – санадағы ойлау қабілетінің жетіліп, сырттан қабылданатын ақпараттарды ұғуынуға, өз бетінше ойға салып қорыту қабілетінің толық пісіп жететіндігіне байланысты «жетті, жетілді» деген мағынадан шыққан.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп басталатын өлеңнің де идеялық арқауы осы «жан құмары». Ондағы белсенділіктің қуаты адам өмірінің бастапқы кездерінде күшті болатындығы. Бұл өлеңдегі басыңқы мәнде ойға тірек болып тұрған сөздер «жасымда», «ержеткен соң», «мезгілінен кеш сермедім». Ал біз болсақ қалыптасып кеткен дағдымызға салып «ғылым табуды» басыңқы ой ретінде қарастыруымыз себепті, өлеңнің идеясынан жаңылып жүрміз. Содан келіп автордың жеке басындағы өкінішті сезім-күйі көрініс тапқан шығармаға жатқызамыз. Ал енді жоғарыдағы қарастырылып жатқан өлеңнің көркемдік желісіндегі ойдың ағымымен екінші шумақта «жан құмарының» түпкілікті миссиясы айқындалып шыға келеді. Осындағы:

Адамзатқа не керек:

«Сүймек сезбек, кейімектің» — (жүрек;)

«Харекет қылмақ, жүгірмектің» – (қайрат😉

«Ақылмен ойлап сөйлемектің» – (ақыл),

-екендігі оқырманның герменевтикалық тұрғыдан талдай ойлау әдісімен ашылады. Бұл жерде қайрат, ақыл, жүректен бас құрап шығатын – «Толық адам» деңгейі — рухани кемелділіктің нақты көрсеткіші ретінде көрсетілген. Осы үш негізді құндылықтардың тоғысы адамды түпкілікті мақсат, түбегейлі мүддеге жеткізетін, өмір-тіршілліктегі ең басты жетістік.

Адам аты ақыл мен білім қорына байланысты болса, ол нәрсе тәнге емес, тікелей жанға қатысты. Білім-ғылымсыз «көкіректе сенім, көңілде сәуле» (Абай) болмайды, содан барып жан азғындайды, жұтайды. Адамшылықтың құны төмендейді.

Абайдың  көзқарасында «ақыл кеселі», «суық ақыл», «нұрлы ақыл» дейтін ақылдың түрлі категориялары туралы ғылыми концепция бар. Соның ішінде «суық ақыл» дегенге тоқталатын болсақ, ақылдың бұл категориясына жататындарды  Абай «жарым адам» дейді. «Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін» деп түсіндірілгендей ақылдың ең жоғары категориясы жүрек деңгейіндегі іліммен шектесуі керек. Ал суық ақыл таза материалистік көзқарас нәтижесі, болмаса Абайдың сөзімен айтқанда «Дүниенің көрінген сырын» танумен шектеліп қалу. Ондай жанның адам жаны емес, хайуан жаны болатындығы «Махаббатсыз — дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп түйінделген.

Ойшыл-ақынның көзқарасында адам жаны білім сәулесімен нұрланбаған жағдайда «Дүнеиенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» (Абай). Бұл ой жоғарыдағы талдап басталған өлеңде де бар.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Осындағы әңгіменің жәй-жапсарын, не түсініп, нені ұққандығын талдап түсіндіруге келгенде көп ойланып жатпастан заман туралы айтылған деген пікірдегі таным-көзқарас жиі ұшырасып отырады. Міне осы Абай айтатын нағыз «сыртын танып іс бітпес, ішін көрмейдің» кері. Заман сөзі бір шумақтың бойында бір емес бірнеше рет қайталанып отыруына қарай, яғни оқырманның таным-түсінігіндегі затшылдық көзқарастың нәтижесі. Ал бұл жерде дұрысы заман жайында емес, мәселе «жаман» жайында. Неліктен «жаман» атанбақтың сыры «заманға жаман күйлемек» деген жолда ашылады. Әдетте қазақтың күйлеу сөзі малға қатысты қолданылады. Демек осы «күйлейді» деген сөз қолданысы арқылы Абайдың ақыл-білімнен кенде қалған адамды хайуан-малға теңеп отырғандығын, жетінші қара сөздегі дүниенің сырын ең болмағанда денелеп білмеген жан иелері, яғни ақыл білімнен мақұрым қалуды мақұлық деңгейіне жатқызды емес пе?

Олай болса «Атымды адам қойған соң…» дегенінде ойшыл-ақынның АДАМ сөзіне ой екпінін ерекше түсіруінің сырын өзіңіз «Сыншыл ақылыңыздың» жетегіне еріп отырып іздеп тауып алыңыз!

 

  Рахат Саламатова,  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті  кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

                                                       

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support