Жұқпалы індет өршіген сайын жұрт дәрі-дәрмек таппай әлек
Жұқпалы індет өршіген сайын жұрт дәрі-дәрмек таппай әлек
Ардақ Үсейінова Қазір қайда барсаңыз да, дәріханалардың алдында ұзын-сонар кезек. Бұған дейін басқа-басқа дене қызуын түсіретін қарапайым парацетамолды таппай қалған кез болған емес. Цитрамон, асперинмен бірге ең қолжетімді дәрінің бірі осы еді. Жай тұмау ма, жұртты дүрліктірген COVID-19 вирусы жаппай таралып кетті ме, әйтеуір дерт дендеп барады. Ал мына жағдай тура «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегеннің кері болып тұр. Дәл қазір әлеуметтік желілерде де талқыға түсіп жатқан басты мәселе – осы. Жарыса жазып, дабыл қағып жатқан соң, бар дәріні алып қалайық десіп жанталасып жүргендер де бар. Көптің көңілінде үрей, «ауыра қалсақ, дертімізге дауа болатын дәріні қайдан тамабыз?» деген уайым бар. Содан соң бар шаруасын кейінге ысырып қойып, дәріханаларды аралап сабылып әлек. Қалыптасқан жағдайды зерделемек болып, облыс орталығындағы біраз дәріхананы біз де аралап көрдік. Ұзын-сонар кезектен өтіп, ішке кіре қалсаңыз да қолыңызға тиетіні аспериннің екі данасы ғана, тұмауға қарсы антибиотиктердің өзі біреуі бар болса, екіншісі таусылып қалған. Олардың да екі-үш данасын бірден сатып алуға рұқсат жоқ. Тапшылық туындамас үшін, әр адамға екеуден артық берілмейді. Әйтеке би – Ә.Әйтиев көшелерінің қиылысындағы және Жамбыл даңғылының бойындағы «Әмір және Д» дәріханасының бөлімшелерінде шұбатылған кезек. Мұндайда күтіп тұруға дегбірі жетпегендер Абай көшесіндегі «Жасұланға», Қ.Сәтбаев көшесіндегі «Садыхан» және әлеуметтік дәріханаларына баратыны сөзсіз. Бірақ ол жақта да сол жағдай. Тараз қаласындағы ірі дәріханаларға телефон шалып та көрдім. Бәрінде тұмауға қарсы дәрілер тапшы. «Әмір және Д», «Садыхан» дәріханалар желісінде парацетамол жоқ, сатылымға қашан түсетіні белгісіз. Ал асперин біреуінде 40 теңгеден, екіншісінде 10 теңге қымбат сатылуда. Кеше ауылдағы туыстарымыз хабарласып, аудан орталығы Құланның өзінде тұмауға қарсы ішетін антибиотиктер, дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмек оңайлықпен табылмай жатқанын жеткізді. «Парацетамол, эргаферон іздеп таппадық. Тараздан алып, салып жібересің бе» деп жатқан таныстар да бар. Облыс орталығындағы, жақын жатқан Т.Рысқұлов ауданындағы ахуал осылай болған соң, шалғайдағылардың жағдайы қандай екенін білмек болып, Шу ауданындағы меншікті тілшіміз Ерғали Қартайғанға телефон шалдық. Жедел аудан орталығындағы дәріханаларды аралап, мән-жайды саралап шыққан әріптесіміз былай деп хабарлады: «40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы «7Я Januia» дәріханасында азитромицин мен парацетамол жоқ. Қашан болатынын қызметкерлердің өздері де білмейді. «Бұл апта да анық келмейді» деді. «Хорошаяда» да бәрі жақсы болмай тұр. Мұнда да тұмауға қарсы дәрі-дәрмек табылмады. Аудан орталығындағы дәріханаларға да телефон шалдым, онда да осындай жағдай қалыптасқан». Ал Меркі ауданындағы меншікті тілшіміз орталықтағы дәріханаларда парацетамол жоқ, сатылымға қашан түсетіні белгісіз, ал оның баламасы ибуфен, панадол бар дейді. «Наурыз» дәріханалар желісінен, «Қуаныштан» тұмауға қарсы антибиотиктерді де бұрынғы бағасына табуға болады екен. Бірақ бұл алдыңғы лекпен келген дәрілерге ғана қатысты. Келесісі қымбаттайтыны анық. Аpteka.103.kz интернет сайтына жазып, қай өңірде қандай дәрі тапшы екенін де іздеп көрдік. Мегаполис қала Алматының өзінде парацетамол да, баламасы панадол да сатылымда жоқ. Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті «Қаладағы дәріхана мен қоймаларда 24 370 қорап парацетамолдың 0,5 №10 түрі бар, сондай-ақ «Инкар» және «Медсервис плюс» компанияларына 450 000 қорап дәрі әкелінді. Олар қазір кедендік рәсімдеуде тұр. Одан бөлек, панадол, эффералган, фервекс, колдрекс, күн/түн, және басқа да құрамында парацетамол бар дәрілер жеткілікті. Ацикловир дәрілік затының вирусқа қарсы ұқсас түрлері инговерин, тамифлю, кагоцел жеткілікті. 68 480 қорап инговерин - 90 дәрісі сертификаттан өтіп жатыр. Шілдеде сатылымға түседі» деп хабарлаған. Дәріханаларда осындай жағдай қалыптасқан. Облыстық тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары Мадина Шыналиева өткен аптаның соңынан бастап қала тұрғындары вирусқа қарсы, азитромицин қатарындағы антибиотиктер мен парацетамолды жаппай сатып ала бастағанын айтады. «Дәріханалар кез-келген уақытта кейбір дәрі-дәрмектер болмаған жағдайда олардың баламасын ұсына алады. Мысалы, парацетамол жоқ кезде – панадол, эферлган, ибуфен, ибупрофен, миг, новиганкотор бар. Біз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, оның ішінде жеке қорғану құралдары қорының азаймауын бақылауда ұстаймыз. Дәрі-дәрмектерді сатып алуды уақытылы және жеткілікті көлемде жүзеге асырылуын қамтамасыз етеміз. Бірақ дәрі-дәрмектерді дәрігердің рецепті бойынша және тек емдеу курсына қажет кезде берілуі тиіс. Қажетті дәрі-дәрмектер болмаған жағдайда қолда бар дәрі-дәрмектер баламасы беріледі», - деп түсіндірді мән-жайды. Маман аурудың алдын алу үшін әлеуметтік желілерде жазылып жатқан көптеген вирусқа қарсы немесе антибактериалды препараттардың пайдалы екеніне сене бермеу керек екенін ескертті. Қалай десек те, өзіңді өзің емдеуге жол жоқ. Себебі кез келген дәрілік препараттың жанама әсері мен қарсы әсері бар. Сол үшін емдеу шаралары міндетті түрде емдеуші дәрігермен келісілуі керек. Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Көпшіліктің көкейінде де осы – «Дәрігердің қабылдауына қалай барамыз?» деген сұрақ тұр. Ауырып, төсектен бас көтере алмай жатқандар, емханаға қалай барады? Шақырған жедел жәрдемнің өзі алғашқы көмек көрсетуден басқа амалы жоқ. Ауруханалар науқастарды стацинарлы емдеуге қабылдамайды. Сырқаттардың өзін-өзі емдеуге тырысып жатқандары да осыдан. P.S: Кешке қарай Ақтау қаласындағы бір танысым телефон шалып, ауырып қалғанын айтты. Ол жақта тұмау, пневмониямен ауырғандар көбейіп кеткелі парацетамолдың бағасы 340 теңгеге қымбаттап кетіпті. «Оның өзін тапқандар алады, Маңғыстауда екінің бірі суық тиіп, бас көтере алмай, төсек тартып жатыр екен, дәрі іздеп сабылған жұрт», - дейді. Ал әріптесіміз Назерке Нұртас фейсбуктағы парақшасында Нұр-Сұлтан қаласында жөтелді басатын АЦЦ-ның бағасы 6 мыңға өсіп кеткенін жазды. Иә, қымбатшылық қыса бастады. Қазір бүкіл еліміздегі қалыптасқан жағдай осындай болып отыр. Дерті меңдеген жандар бағасын қойшы, табылғанын айтсашы деп, шықпа жаным, шықпамен отырғаны анық. Бұлай жалғаса берсе, бірер аптада азаматтардың айлық табысы дәріден басқаға жетпеуге айналады. Тапқанын дәрі-дәрмекке жұмсаса, қалғанын қайтеді? Осыдан кейін әлеуметтік мәселе тағы туындайды.