- Advertisement -

Абыз әлеміне терең бойлаған

176

- Advertisement -

Әр дәуірдің өз абызы болады. Қаламының қуатымен оқырманының жүрегінен ойып тұрып орын алған Әбіш Кекілбаев мұрасы қай кезде де құндылығын жоймайтыны анық. Абыз жазған «Елең-алаң», «Үркер», «Аңыздың ақыры» секілді ғажап туындылар ешқашан өлмейтіні де ақиқат. Сүйегіне сөз қонған қаламгердің қай шығармасы болсын оқырманының жүрегінде сақталатыны да рас қой. Сондықтан да аты аңызға айналған абыздың есімі қазағымен бірге жасай беретіні сөзсіз. Әлбетте, ғажап суреткерді жұрты жақсы көрді. Шығармаларын көз майын тауыса оқыды. Бірақ…

Сауытбек Абрдахмановтың «Абыз Әбіш» атты кітабы суреткерді жаңаша қалыппен көз алдыңа әкелетіні тағы рас. Ол саналы ғұмырының ұзақ жылында дарабоз тұлғаның қасында жүргендігінен болар, танымын таразыға салған толғаныстарында тереңінен көсіледі. Автор жұрт жазушы деп танығын қаламгердің суреткерлік қырын ашуға емес, оның ойшылдығын, кемеңгерлігін оқырман алдына жайып салуды басты мақсаты деп біледі. Тіпті жинақта оның көркем әдебиетінен гөрі көсем сөзін елдің есінде қайта жаңғыртуға бейіл екенін де аңғарта түседі. Қайраткерлігінен бастап, жазушылығын, ақындығын, ораторлығын және басқа қырларын бір кітапта тұтас қамту әсте қиын болатынын сезгендіктен болар, Сауытбек Абдрахманов көкірегі қазынаға толы тұлғаның өз ыңғайына аса сай келетін қырларын жаңғырта түсуге ден қойған. Кемеңгерлік көкжиегі», «Ұлылық ұлағаты», «Мәдениет мәйегі», «Өнер өрісі», «Тіл тартысы», «Тәуелсіздік толғауы» «Тарих тағылымы» «Әдебиет әлемі», «Өлке өрнегі», «Төрт толғау» деген тақырыптармен берілген әрбір дүние құндылығымен, автордың жазу шеберлігінің ерекшелігімен оқырманын баурай түсетіні сөзсіз. Кітапта ғұламаның дара бейнесі сан қырлылығы арқылы қамтылып, бүтіндей сомдала түскен. Оқып отырып публицистің пайымын, қисынын, оның түйсігінің тереңдігін парықтай, тани түсеміз.

«Аға, біздің әдебиетімізді оқып отырасыз ба? Кімдерді бөліп атай аласыз?» деп қалдым. «Көп қой. Бөліп атап жатқаным қалай шығады? Оның үстіне проза мен киноның байланысы, экранизация мәселелері туралы ғана сөйлесетін болып едік қой» деді құлықсыздау күйде. «Айып етпеңіз, мысалы, Әбіш Кекілбаев туралы пікіріңізді білейін деп едім» дедім бас жоқ, көз жоқ. Студент кезім ғой, мысы да басып барады. Сондағы Шықаңның аузынан ә дегенде шыққан сөз мені сәл тіксінтіп тастады. «Ой, оны айтпа» деді… Сол сәтте маған келгені «Аралары нашар екен ғой, қап, бекер сұраппын» деген ой болды. Есімді жиғанша Шыңғыс аға тағы айтып қалды: «Оны қой» деп… Әп-сәтте түсіп кеткен еңсемді көтеріп, жүзіне қарасам… жазушы жымиыңқырап тұр екен. Бір кезде барып, «Он неисчерпаемый» деді… Білгенде де тіпті жақсы біледі екен. Әбіштің таусылып бітпейтін, телегей-теңіз білімін бөлекше бағалайды екен».

Аталмыш кітаптағы «Ұлылық ұлағатында» кездесетін осы бір жолдар жаныңды жадыратады. Мықтылардың бір-бірін қалай бағалайтынын көз алдыңа есті естелік арқылы автор алдыңа жазбай әкеледі. Артық ауыз сөзсіз-ақ жүрекке жылу құя түседі.

Турасын айту керек, тартымды толғаныстардан тұратын «Абыз Әбіш» атты кітап ұлы кемеңгердің тұлғалық бейнесіне қара сөзбен қойылған ғажап ескерткіш десек, еш қателеспейміз. Әрине, жүз жолдық жазбада кітап туралы ойды оймақтай етіп қана жеткізуге ғана болады. Ал тұтастай қамтып шығу әсте мүмкін емес қой.

Абыздың бейнесін нағыз абыз ретінде тереңірек айшықты түрде ашқан Сауытбек Абдрахмановтың бұл кітабы оқыған оқырманы үшін үлкен олжа екені талас тудырмайды. Автордың еңбегіне алғы сөз жазған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де құндылықтың сыр сандығы іспеттес кітапты жоғары бағалаған. Мұның өзі Сауытбек Абрахманов қаламының қуатты екенін айғақтап тұрған жоқ па?

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support