Әлеумет

Ережеповтер отбасы

Ережеповтер отбасы

елбасының қолынан «Нива» мінді

Биыл алғаш рет өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпазы анықталды. Бір айға жуық уақыт өткен дауыс беру науқанының қорытындысы бойынша оңтүстік-қазақстандық Бимаханбетовтер отбасы үздік атанды.

Жеңімпаз отбасыларды құттықтаған Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар жайында айтып, туыстық қатынасты, отбасындағы бірлік-берекені бағалауға шақырды.

«Елімізде 149 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала қолдауды қажет етеді. 7 мыңнан астам қария бүгінде қарттар үйінде тұрып жатыр. Ал олардың көпшілігінде жағдайы жақсы ұл-қыздары бар. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ пен баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау әрбір адамның қасиетті борышы. Біз қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар, Елбасы байқау жеңімпазына жаңа көліктің кілтін табыс етті. «Байқау жеңімпазына Қазақстанда шығарылған әмбебап шағын автобустың кілтін табыс етемін. Қазіргі уақытта біз автомобиль шығаратын елге айналып отырмыз. Бұл – отандық өндірістен шыққан отбасылық көлік», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көліктің кілтін отағасы Елтай Бимаханбетовтің қолына ұстатты. Айта кету керек, Бимаханбетовтер отбасы 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10-нан астам шөбере сүйіп отыр. Отағасы Елтай Бимағанбетұлы – мәдениет саласының ардагері. Түркістан қаласының құрметті азаматы. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген бар. Кеше түстен кейін байқау қорытындысы шыға салысымен біздің облысымыздың намысын қорғаған Ережеповтер отбасымен байланысуға асықтық. Бізбен телефон арқылы тілдескен отағасы, өртке қарсы қызмет ардагері Толыбай Ережепов қуанышты жаңалығымен бөлісті. Мерейлі отбасыға су жаңа «Нива» автокөлігінің кілті табыс етіліпті. – Байқау болған соң, Астанаға біз жан -жақты дайындалып барғанбыз. Шынын айтқанда облыстық кезеңдерден сүрінбей өткен отбасылардың осалы жоқ. Дегенмен, осы жолы Елбасының көрегендігіне тағы бір мәрте тәнті болдық. Себебі, Астана, Алматы қалалары мен облыстардан келген үміткерлердің ішінен Бимаханбетовтер отбасына бірінші орын жүлдесі табыс етіліп, қалған 15 жанұяның бәріне бірдей автокөліктің кілті берілді. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Толыбай Ережепов.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».