- Advertisement -

Мамандар 3,03 миллиард теңге үстемеақы алды

55

- Advertisement -

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай инфекциямен күресте қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тартылған медицина қызметкерлерінің саны ай сайын өзгеріп отырады. Соған байланысты әр кезеңде үстемеақы алатын мамандардың да саны әркелкі. Мәселен, қыркүйек айының қорытындысы бойынша бұл тізімге 40 мыңнан астамы еніп отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тиісті комиссия тізімді қалыптастырып, ұсынғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша ақыларды төлеуге кірісетінін айтты. Бұл жұмыс 20 күнге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

СOVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы  іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының еңбеккерлері  және тәуекел топтар жалақысына үстемеақы алып жатқаны белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, наурыз-тамыз айларында нақты жұмыс атқарған уақыты бойынша өңірімізде  3979 маманның айлығына 3,03 миллиард теңге үстемеақы қосылған. 3291 медицина қызметкеріне 2,99 миллиард теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы, ал 688 кадрға 50,3 миллион теңге  жергілікті бюджеттің резервінен төленді.

Жалпы үстемеақы алуы тиіс бірінші тәуекел тобына COVID-19 коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Ал екіншісіне провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер, сондай-ақ олар тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері енгізілген.

Сондай-ақ 3 тәуекел тобы да қарастырылып, оған карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, сондай-ақ блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлерін қосу қарастырылған.

Облыста наурыз айында коронавирусты емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында 1504 төсек қоры (Инфекциялық төсектер – 135; Провизорлық төсектер – 339; Карантиндік төсектер – 950 және облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық корпусында қосымша 80 провизорлық төсек ашылды) жасақталса, бүгінгі күнге ұйымдастырылған төсек қорының жалпы саны – 2030. Жоспарланған төсек қорына 2536 қызметкер тартылды (508 дәрігер, 1014 мейірбике, 1014 кіші буын медицина қызметкерлері). Науқастардың санына сәйкес 1614 медицина қызметкері жұмылдырылды.

Көтермелеу сомасы инфекциялық стационарда (1 тәуекел тобы) әрбір қызметкерге 20 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемі, яғни 850 000 мың теңге, провизорлық стационарда (2 тәуекел тобы)  әрбір қызметкерге 10 ЕТЖ, яғни 425 000 теңге және карантиндік стационарда  (3 тәуекел тобы) 5 ЕТЖ, яғни 212 500 теңге нақты жұмыс атқарған уақытына төленеді.

Төлемдер облыс әкімдігінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №73 «COVID-19» коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы негізінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлеріне үстемеақы есептеу үшін мамандардың тізімін анықтау жөнінде құрылған комиссияның шешіміне сай жүргізіледі.

«Ақ жол» — ақпарат.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support