- Advertisement -

Зауал-Маханның есімін ұрпақ есінде сақтау керек

117

- Advertisement -

Артында өшпес із қалдырған жандар болады. Әлбетте, халыққа тигізген пайдасымен, ұрпаққа өнегелі ісімен, болашаққа жазған хатымен. Ондай жандар өмірден озса да, екінші ғұмыры басталады. Яғни, ізі жаңғырып тұрады. «Игілік ауылының Ибн-Синасы» атанған, арамызда әдемі қартайып, әдіпті әңгімесін айтып, зейнетке шықса да басы ауырып, балтыры сыздағандардың дауасын тауып жүрген Зауал-Махан Абзалбекұлының қазасы жанымызға қатты батты. Қайғырсақ та, қамықсақ та, Зәукеніміздің есімі ұрпақ жадынан өшпейді дестік. Өйткені, күллі ғұмырын көпшілікке арнады. Ауылдықтардың денсаулығы үшін күні-түні еңбек етті.

Оның өмір жолы туралы айтсақ, ол аудандағы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Байқадам орта мектебін, 1970 жылы Жамбыл медициналық училищесін емдеуші-фельдшер мамандығы бойынша тәмамдап, аудандық орталық ауруханада еңбек жолын бастады. Әскер қатарына алынғанда да Отан алдындағы борышын Баку әскери округінің Астрахань базасы әскери бөлімінің аға фельдшері, кейін лазерет дәріханасының меңгерушісі болып өтеді. Осы жылдары Кеңестер одағы аумағында тырысқақ ауруы белең алғаны белгілі. Осы дертпен күрес жолында әскери медицина қызметкерлерімен бірге Зауал-Махан да аянбай тер төкті. Сонымен қатар армиядан Коммунистік партия мүшелігіне кандидат болып оралды. Ол кезде мұндай жетістіктерге кез келген сарбаз жете бермейтін.

Туған жерге оралысымен мамандығы бойынша қызметіне қайта кіріскен ол қазіргі Игілік ауылында ( бұрынғы «Коммунар» кеңшары) фельдшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі болды. Осы қызметті 1972 жылы шілде айынан бастап, табаны күректей 43 жыл бойы атқарды. Осы жылдар ішінде Зәукең қанша адамды ажалдан арашалап, қанша науқасқа дер кезінде көмек көрсетті. Оны Игіліктің еңкейген қартынан еңбектеген сәбиіне дейін сыйлайды. Зәкең аудандық ауруханада бастауыш партия ұйымы хатшысының орынбасары, аудандық фельдшерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметтерін де абыроймен атқарды.

Зауал-Маханның ұзақ жылғы денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудандық, облыстық медицина саласының және Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Ауылдастарының денсаулығын сақшыдай күзеткен азамат жетпіс жасқа енді толған шағында арғы жағалауға өтіп кете барды.

Біз, игіліктіктер Зауал-Махан Абзалбекұлына өзі табаны күректей 43 жыл еңбек еткен ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункті дәрігердің есімімен аталғанын сұраймыз. Тиісті мекемелер ауылдықтардың осы өтініш-талабына құлақ асып, «З.Абзалбекұлы атындағы ФАП» деген атауды ресми түрде құжаттаса дейміз. Бұл бастаманы Алаштың ақыны Маралтай Райымбекұлы мен Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл да, өзге де республикаға белгілі ел ағалары қолдайтынын еске саламыз.

Хатқа қол қойғандар: Б.Ильясов, аудандық мәслихаттың 4-шақырылым депутаты, ардагер ұстаз; Р.Жамбеков, зейнеткер, ардагер-ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі; М.Нәшірбаев, Сарысу ауданының құрметті азаматы, зейнеткер; ААманов, «Игілік» ӨК-нің төрағасы; Б.Мәулешов, Игілік ауылдық фап-тың фельдщері және бір топ еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, ардақты аналар, ардагер ұстаздар, мұғалімдер бар.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support