- Advertisement -

Су жеткілікті, тек тиімді пайдалану керек

185

- Advertisement -

Табиғат АБАИЛДАЕВ

   Облыстық әкімдікте облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне қатысты жиын өтті. Оған салаға жауапты мамандар қатысты.

-Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін облыстағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бойынша тиісті орынбасарыма, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырма берген болатынмын. Бүгінде біз егінді толық жинап біттік. Енді бізге су айтарлықтай қажет болмайды. Сондықтан алдағы уақытта Талас, Шу өзендеріндегі суды тиімді пайдалануымыз қажет. Нақтырақ айтсақ, аймақта қанша тоған, қанша көл бар болса, соларды толтыру мәселесін назарда ұстау үшін сіздерді жинап отырмын. Біраз бұрын маған өңірде 365 су ұңғымасы бар екендігі туралы мәлімет бергенсіздер. Оның 9-ы ғана жұмыс істеп тұрғанын баяндағансыздар. Соларға зерделеу жасап, есепке алуды жүзеге асыру керек. Жұмыс істемейтіндерін қалай іске қосатынымызға назар аударған жөн. Биыл су жетіспеушілігін көрдік, көрші мемлекетке тәуелділікті сезіндік. Сол себепті біз ең бірінші кезекте өз мүмкіндігімізді пайдалануға баса назар аударғанымыз ләзім,-деді өңір басшысы су тапшылығын жою мәселесін алға тартып.

Бұдан соң «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев сөз алды.

-Ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айларында мемлекетаралық нысандардан алынған су көлемі туралы айта кетейін. Киров су қоймасы бойынша Талас өзеніне (бекітілген суармалы жер көлемі 62,7 мың гектар) график бойынша 560,1 миллион текше метр су алуға тиіс болсақ, нақты 530,5 миллион текше метр су алдық. Тиісінше 29,6 миллион текше метр су аз алуға мәжбүр болдық. Нақты көрсеткіш 95 пайызды құрады. Шілде-тамыз айларында келген су көлемі тым аз болғанын айта кеткен дұрыс. Сондай-ақ Шу өзенінен мемлекетаралық ортақ пайдаланылатын нысандарда (Ортотоқой бойынша бекітілген егіс көлемі 38,1 мың гектар) сәуір-қыркүйек айларында бізге 325 миллион шаршы метр су егіншілікке берілуге тиіс болса, алайда біз 178,1 миллион текше метр суға қол жеткіздік. Нәтижесінде белгіленген межеден 149,9 миллион текше метрге кем су келді. Соның салдарынан нақты көрсеткіш 55 пайызға ғана жетіп отыр,-деген ол республикалық меншіктегі су қоймаларын толтыру мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінде «Қазсушар» РМК меншігінде жеті су қоймасы бар екен. Оның ішінде Тасөткел су қоймасының сыймдылығы 550 миллион текше метрге дейін шақталса, бүгінде оның біршама бөлігіне су жиналыпты. Ол өзге де су қоймаларын толтыру мәселесін егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Ендігі мәселе сол су қоймаларына жеткілікті көлемде су қорын жинақтау болып отыр. Ол жұмыстың кестеге сәйкес жоспары да бар. Осы тұста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзге араласты.

-Айтып отырғандарыңыздың бәрі түсінікті. Менің білгім келетіні, Тасөткелді толтыру үшін қанша уақыт керек,-деп сұрақты төтесінен қойды өңір басшысы. –Біз бірінші сәуірге дейін толықтай су қорын жинаймыз,-деді Қазыбек Бедебаев нақты жауап беріп.

Мұнан соң облыс әкімі Шу өзені бойында Тасөткелге жеткенге дейін және өткеннен кейін қанша өзен-көл бар екенін, оларға қанша су бере алатынын, қаншалықты толтыру мүмкін екенін сұрап, осы мәселеге назар аудару қажеттігін ескертті. Шу, Талас және өзге де өзендердің бойында қанша көл, тоған бар екенін зерделеп, оларға қандай көлемде су қажеттігін, толтыруға қаншалықты уақыт кететінін нақтылау керектігіне де назар аударды. Жауын-шашын арқылы келетін су көлемін де есептеу керектігін еске салды. Нақты есептеулер арқылы алдағы уақытта судың қаншалықты суармалы жерге жеткілікті болатынын білу маңызды екенін де атап өтті.

-Суды тиімді пайдалану үшін бүгінде 264 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы сол каналдардың жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарда бар. Бірақ, бұл жерде 36 каналдың есеп-қисабын жасап, елордаға жібердік. Межелі мерзімде 51 мың гектарды қайта іске қоссақ деген ниет баршылық,-деді баяндамашы жағдайды түсіндіріп. Ол бетондалмаған каналдардың да мәселесіне тоқталды. Жұмыстардың атқарылу кезеңін де тіліне тиек етті.

Мәселенің мән-жайына терең үңілген облыс әкімі бұл жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін қаржы министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Өзекті мәселенің оңтайлы шешім табуы үшін қаржы министрлігі тарапынан қолдау болмаса, тірліктің бәрі босқа кететінін айтып, нақты тапсырма берді.

-Мен ылғи егіншілік кезінде тәуелділіктен арылып, су көлемін өзімізде жинақтау қажеттігін айтып жүрмін. Егіншілік кезінде бізге қажет бір миллирд текше метрге жуық суды өзіміз табуға әрекет етуге тиіспіз. Үш су қоймасын саламыз, сосын көлдер, тоғандарымыз бар, сосын жерасты суы да жеткілікті. Осыны сараптау, зерделеу керектігін айтудай айтып келемін. Сол үшін де қаржы сұрап жүрміз ғой.  Сондықтан бізде қай уақытта суға  тәуелділіктен арылатынымызды нақтылайтын есеп болуы керек. Мұнда айтылған жобаларды құптаймын. Сөз жүзінде қалдырмай, жұмыстарды нақты іске асыруымыз керек. Аудан әкімдері бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы тиіс,-деді Бердібек Машбекұлы. Сондай-ақ ол тиісті мамандарға нақты тапсырмалар да берді.

Иә, бүгінде каналдарды жөндеу, ретке келтіру мәселесі өзекті екені белгілі. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар да зор маңызға ие екені мәлім. Бұл ретте тиісті қаржыны жүйелі игеру қажеттігі де туындайды. Тірліктің тиянақты атқарылуы аса маңызды екені түсінікті. Осы тұста жұмыс Байзақ ауданында баяу жүріп жатқан көрінеді.  Өзге де аудандардың атқамінерлері кеткен кемшіліктерді дер кезінде түзеуге уәделерін берді. Каналдарды жөндеу арқылы шынында да су мәселесін біршама шешуге болатыны талас тудырмайды.
-Барлық аудан әкімдеріне және Берік Болатұлы, «Тараз ӘКК» АҚ басқармасымен бірлесіп, сондай-ақ ғылыми зерттеу институтын қосып, барлық аудандардағы су ұңғымаларын тағы да тексеру керек. Оның қаншауы жұмыс істейтінін, қаншасы жұмыс істемей тұрғанын, оларда қандай көлемде су көзі бар, ол жеткілікті ме, оны пайдаланудың қандай жолдары бар деген сауалдарға жауап іздеңіздер. Қасында тоғандар болса, оларды сумен толтыруға, пайдалануға болатынын ескеріңіздер. Бірінші қарашаға дейін осы мәселені терең талдап, зерделеу үшін Берік Болатұлы сізге және барлық ауданның әкімдеріне тапсырма беремін. Осы жұмысты бітіріңіздер,-деді облыс әкімі. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы өзге облыстарда атқарылып жатқан жұмыстарды мысалға келтірді. Жерасты суларын тиімді пайдалану кезек күттірмейтін мәселе екенін нығырлап жеткізді.  Мұнымен қоса тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдалану арқылы да өнімді арттыруға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Иесіз жатқан нысандарды аудан әкімдіктерінің немесе ауыл әкімдіктерінің есебіне алуы керектігін, ол жұмыстарды да жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды шаруа екенін сөз етті.

Кейіннен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков сөз алып, басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Барлық жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқанын айтып өткен ол егін шаруашылығы және балық шаруашылығымен шұғылданатындар су жеткізе алмайтынын, бұл мәселе жыл сайын қайталанатынын әңгімеге арқау қылды. Ол 56 су қоймасының жағдайы жақсы, 44 су қоймасының жағдайы орташе екеніне де назар аударды.

Басқосу барысында мамандар мәселені шешудің барлық жолдарын ұсынды. Ұтымды ұсыныстарды облыс әкімі қолдайтынын жеткізді. Жиын соңында сөз алған Бердібек Сапарбаев:

-Әңгіменің қысқасы сол, берілген тапсырма мерзімінде орындалуы керек. Өкінішке қарай, сол тапсырмалар уақтылы орындалмай жатыр. Анау-мынау деп сылтау айта берсек, уақыт өте береді. Біз енді жылдағы қалыпқа түспеуіміз керек. Шынын айтсақ, бізде су жеткілікті. Тек оны тиімді пайдалану керек. Шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Есеп болмаған соң біз суды қалай болса солай пайдаланамыз. Әсіресе тамшылатып суаруды мықтап қолға алуға болады. Өзендердің екі жағын, көлдердің маңын неге пайдаланбасқа?!   Біз енді суармалы жерді қаншалықты көбейтеміз? Ауданның әкімдері осы мәселеге бас ауыртуы тиіс. Қай жерде су ұңғымасы, қай жерде көл бар екенін зерделеу керек. Мұны наурыз айынан бері айтып келе жатырмын. Салаға жауапты орынбасарымнан бастап бір адам орындамады. Болды. Бірінші қарашаға дейін мерзім беремін. Қараша айындағы мәжілісте бәрін нақтылаймыз. Талас, Шу өзендерін, жер асты суын қандай мақсатта қалай пайдаланатынымызды белгілейміз.  Суға тәуелділік біздің өзіміздің дәрменсіздігімізді көрсетеді. Мүмкіндігімізді пайдалана алмай, көп сөйлейтінімізді айғақтайды. Болды, бәрін тоқтатып, нақты іске көшіңіздер,-деді облыс әкімі мәселені төтесінен қойып.

Жиын барысында облыс әкімі балық шаруашылығын дамыту ісіне де тың көзқараспен қарау қажеттігін шегелеп айтты.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support