Әлеумет

«Ақ жол» жаңа дәуірге қадам басты

«Ақ жол» жаңа дәуірге қадам басты

Құдайға шүкір, елімізде газет-журналдар аз емес. Олардың талайын қадірлеймін. Әйтсе де, мен үшін ең ыстық, ең қымбат басылым ол – «Ақ жол». Осы басылымға өмірімнің тура жиырма жылын арнадым. Он жыл бөлім меңгерушісі болсам, он жылдай газетті басқардым. 1990 жылы сәуір айында оның бұрынғы «Еңбек туы» деген атынан «Ақ жолға» айналуына тікелей себепкер болдым. Кез-келген басылымның тағдыры кейбір қырынан келсек, адам тағдырына ұқсайды. Оның да түрлі себептер мен өрлеу дәуірі болады, кейде түрліше кедергілерден діттеген жеріне жете алмай жататын мезгіл де кездеседі. Байырғы оқырмандар пікіріне сайсақ, «Ақ жолдың» ерекше өрлеу кезеңі сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басына дейінгі кезең болды. Сол тұстарда бұл басылым халықтың ең бір сүйікті досына, ақылшы досына және өз өңіріміздегі ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ең айбынды газеттердің біріне айналған еді. Таралымының елу мыңға жақындағандығы да соның бір айқын дәлелі болса керек. Одан кейін де газет елмен бірге жасасып, өз міндеттеріне сай белгілі дәрежеде қызмет етіп келді. Қазір «Ақ жол» жаңа бір дәуірге қадам басқан секілді. Шынтуайтына келсек, басылымның бет-әлпеті, бағыт-бағдары тікелей басшыға байланысты. Биыл «Ақ жолдың» басшылығына сол кезеңде журналист ретінде қалыптасқан, дарынды қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы келді. Ол келісімен-ақ, жақсы редактор бола алатынын дәлелдей бастады. Газет түбегейлі өзгеруде. Өмірдің ең бір өзекті мәселелеріне батылдау барып, соны тереңінен жазу жағымен ерекшелене бастады. Мен мұны оқырман ретінде айтып отырмын. «Тылсым дүние», «Оқырмандар отауы», «Пырақ» сияқты арнаулы беттер мен «Бүкпесіз әңгіме», «Журналист ой айтады, мәселе көтереді», «Ел мен ес», «Ақ жол газетінің тарихи-танымдық экспедициясы», «Фейсбук парақшасы» сияқты жаңа айдарлар мен жаңа жобалар оқырманын тартады. Бұл әрине жақсы, құптауға тұратын жаңаша қадам. Мұны әзірге жолбасы деп есептейік. Келешекте «Ақ жол» бұдан да гөрі кемелдене түсер деп үміттенейік. Ал оқырманға айтылар тілек, бейтарап, енжар болмаңыздар! Өмірдің ортасында жүрсіздер, сонда түйгендеріңізді, көңіл аударарлық жайларды назардан тыс қалдырмастан, басылымға ат салысуға тырысыңыздар. Ол сіздердің азаматтық позицияларыңыздың да берік екенін дәлелдейді. Оқырман – басылымға, басылым – оқырманға лайық, сәйкес болу керек. Мұның өзі біздің өміріміздегі үйлесімділікті де сипаттайды.

Арғынбай БЕКБОСЫН, ТМД елдері Журналистер одақтары конфедерациясы сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері.